03
Маусым

03.06.2026

«Ақ жол» ҰТК-ны жетілдіріп, бизнеске қысым жасауға жол бермеуге шақырды

Премьер-Министр 

О. Бектеновке

Биылғы жылдың 10 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық тауарлар каталогын енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырып, қабылданатын шешімдер бизнес үшін «төбеден жай түскендей» болмауы керектігін ерекше атап өтті.

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясының Орал, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларына жасаған соңғы жұмыс сапарлары барысында кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілген мәселелердің бірі – осы Ұлттық тауарлар каталогын енгізу болды.

Кәсіпкерлерді ең алдымен Ұлттық тауарлар каталогының жүзеге асырылуы, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің оны енгізуге дайындығы мен жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін бизнеске туындауы мүмкін салдар мәселесі алаңдатады.

Атап айтқанда, фискалдық органдардың ақпараттық жүйелері мен Ұлттық тауарлар каталогы арасында толық интеграцияның жоқ екені анықталуда.

Қазіргі қолданыстағы Электрондық шот-фактуралар мен Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар нысандарында NTIN коды көрсетілетін арнайы бағандар қарастырылмаған. Соның салдарынан қайшылықты жағдай қалыптасуда: NTIN кодын пайдалану құжаттарды рәсімдеу үшін іс жүзінде міндетті болып отыр, алайда мемлекеттік ақпараттық жүйелер оны толыққанды көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Орал қаласында кәсіпкерлермен өткен кездесуде Сауда басқармасының өкілі Ұлттық тауарлар каталогын толтырудағы қателіктер үшін кәсіпкерлерге айыппұл санкциялары қолданылмайтынын мәлімдеді.

Алайда тауарға NTIN идентификаторы берілмеген жағдайда Электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) және Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) рәсімдеу мүмкін болмайды. Ал қолданыстағы заңнамада ЭШФ мен ТІЖ-дің болмауы немесе тиісінше рәсімделмеуі үшін мәмілелерді жарамсыз деп тануға дейінгі жауапкершілік көзделген.

Осының салдарынан тауарларды өткізудің толық тоқтап қалу қаупі туындауда.

Жағдайды кәсіпкерлердің Ұлттық тауарлар каталогында тауар карточкаларының қайталануы, сипаттамалардағы дәлсіздіктер және кейбір тауарларды іздеудегі қиындықтар туралы шағымдары одан әрі күрделендіре түсуде. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерді мыңдаған тауар карточкаларын қайтадан жасауға мәжбүрлейді.

Осы орайда, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

Осыған байланысты Ұлттық тауарлар каталогын одан әрі дамыту барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалануды орынды деп санаймыз. Мұндай құралдар тауар карточкаларының қайталануын автоматты түрде анықтауға, ұқсас тауарларды салыстыруға, сипаттамалар мен техникалық мәліметтердегі қателерді табуға және каталогтағы деректердің сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берер еді.

Бұл Ұлттық тауарлар каталогының тиімділігін арттырып қана қоймай, процестердің едәуір бөлігін автоматтандыру арқылы кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені едәуір азайтар еді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлттық тауарлар каталогын шағын және орта бизнес субъектілері үшін міндетті түрде енгізгенге дейін Ұлттық тауарлар каталогының IT-жүйесіндегі анықталған кемшіліктерді жоюды; оны Электрондық шот-фактуралар және Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар жүйелерімен толық интеграциялауды; тауар карточкаларының қайталануын болдырмауды және барлық байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дұрыс әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді; сондай-ақ адал бизнестің қызметіне кедергі келтіруге жол бермеуді сұраймыз.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттар 

О.Нұралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Е.Барлыбаев

Қ.Иса

С.Ерубаев