Президенттік сайлау – уақыт талабы /Бейсенбай Дәулетұлы, Астана/ - Айкын
Қазақстан – 2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы – елдегі ең ірі де, беделді диалог алаңы.
«Қазақстан – 2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына кіретін еліміздегі 6,5 млн адамның басын қосатын ең ірі 6 партия, 18 қоғамдық бірлестіктің, 500-ден аса үкіметтік емес ұйымның негізгі жетекшілері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында кезекті кеңеске жиналып, күн тәртібіндегі Президент сайлауын өткізу мәселесін ортаға салды. Негізінен, өткен аптада Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан басталған бастама осы аптада жан-жақты талқыға түсіп жатыр. Осыған орай, қоғамдық саяси өмірдің тыныс-тіршілігін баққан партиялар мен ұйымдар да коалицияның ауқымында аталған ұсынысқа өз көзқарастарын білдіруге ұмтылды.
– «Қазақстан – 2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы – елдегі ең ірі де, беделді диалог алаңы» деді жиынды жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: – Азаматтық қоғамның түрлi әлеуметтiк топтары мен жалпы тұрғындардың мүддесiн көздеген коалиция әр алуан көзқарас пен ұстанымдар иесi, саяси күштердiң ашық пiкiрталасы мен салиқалы үнқатысуын қамтамасыз етедi. «Кеңес қылған ел азбас» дегендей, коалиция басқосулары барысында қызу талқылаулар жолымен әлеуметтiң ең бiр өзектi, әрi маңызды мәселелерi бойынша тұтас қоғамның ұстанымы қалыптасып жатады. Мемлекет тарапынан қабылданған ілкімді шаралар турасында қалың жұртшылықты хабардар етіп, сан тараптың пікірін бір арнаға тоғыстырып жүр. Нәтижесінде, қоғамның жұдырықтай жұмылып, ортақ ұстаным мен әділ шешімді жүзеге асыруға қолдау білдіреді. Мәселен, еліміз үшін аса маңызды Кедендік одақ, жемқорлықпен аяусыз күрес жайы, әкімдер сайлауы туралы жауапты талқылаулар өтті. Ашық пікір алаңында ірі-ірі саясаткерлердің, зиялы қауымның, азаматтық қоғам өкілдерінің көзқарастары жарияланып, ол елдегі реформаларға өзіндік тұрғыдан ықпал етеді. Енді бүгін осы алаң мемлекет өмірі үшін аса маңызды шешім – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын талқыға салып, барлық тараптың пікірін тыңдағысы келеді.
Басқосуда алғашқы сөзді Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков алып, өзі көтерген бастаманың мән-маңызын түсіндіріп берді.
– Ассамблея халықтың барлық тобымен тікелей араласып жұмыс жүргізетіндіктен, бізге әртүрлі топтардан мыңдаған хаттар келіп түседі, – дейді Башмаков. – Жалпы қазақстандықтар саяси тұрғыдан жетілген, сауатты ел. Сондықтан да, бүгінгі халықаралық саяси және экономикалық қатынастардың қиындағанын ескеріп, алда жақындай түскен Президент сайлауын ертерек ұйымдастыруды ұсынуда. Егер байыптап қарасаңыз, 2016 жылы екі ірі саяси оқиға бар. Оның алғашқысы – Президент және екіншісі – Парламент сайлауы. Есесіне биыл қайыра келген дағдарыс келесі жылы нағыз шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Қазіргі халықаралық қатынастардың бұзылуы, Таяу Шығыс пен Еуропадағы сайлаулардың сергелдеңі мен соғысы, ұлтаралық жанжалдардың ушығуы осындай болжамдарға итермелейді. Дүние топ-топқа бөлініп, дүрлігіске түсіп жатқанда, біздің сайлау деп шапқылап, ұрандатып жүруіміз орынды ма? Одан да келер жылғы дағдарыстың күшеюіне дайын болып баруымыз қажет емес пе?! Ол үшін Президент сайлауын биыл өткізіп, атқарушы биліктің, Үкіметтің күшін тұтасымен экономикалық қиындықты еңсеруге, жұмыссыздықпен күресуге, тұрақтылықты сақтауға жұмылдырғанымыз абзал. Сонда ғана талай мемлекеттерді тақырға отырғызған дағдарыстан құтылып, қалыпты даму жолына түсеміз.
«Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев апта басында саяси кеңестің отырысын өткізгенін айтып, барлық мүшелердің ойы бір жерден шыққанын жеткізді.
– Дәл қазір әлемдік оқиғалар шиеленісіп барады. Сондай-ақ бұл тартыстар таяу уақытта бітпейді. Кейде шетелдегі толқулар мен таластар бізге ешбір қатысы жоқтай көрінеді. Шын мәнінде, мүлде олай емес. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында ол оқиғалардың барлығы іргемізде өткендей сезіледі. Бізге этникалық қарым-қатынасты сақтай отырып, дамығанымыз дұрыс. Осы орайда, қазіргідей тыныштық заманында сайлаудың таяу уақытта өткізілгенін қалаймыз, - дейді Перуашев.
Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков те Президент сайлауына қатысты партия мәлімдемесін жария етті:
– «Біздің барлығымыз әлемдегі экономикалық дағдарыстың күшейе түсуіне қатты алаңдаудамыз. Мұның барлығы экономикасы кері кеткен елдердегі қарапайым бұқараның, еңбекшілердің иығына ауыр жүк болып түсетініне кәміл сеніп отырмыз. Осы айтылған қиыншылықтардың біздің республикамызға да келіп жетуіне ешқашан жол беруге болмайды. Президенттің басшылығының арқасында Қазақстан 90-жылдардың басында болған дағдарысты, 97-98 жылдардағы Азия дағдарысын, 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарысты еңсеріп, ерекше тәжірибе жинады. Бүгінде еліміздің осы күнге дейін жинақтаған күш-қуаты жаһандық дағдарысқа қарсы тұрып, сонымен тиімді түрде күресуге мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздықтың өсіп кетуіне жол бермеу, жұмысшылардың жалақысын, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тұрақты түрде төлеп тұруға мүмкіндігіміз бар. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда еліміздің ең басты сайлау мерзімдері туралы ұзақсонар талқылауды доғарғанымыз жөн деп есептейміз. Керісінше, сайлау арқылы мемлекеттік аппараттың, заң шығарушы және өкілетті билік өкілдерінің, бүкіл халықтық күшін алдағы қауіптерді еңсеруге жұмылдыруымыз керек. Сайлау – бұл халықтық механизм. Бір жағынан қарасақ, бұл өте жоғары жауапкершілік. Қазақстанның бұл кезеңнен табыспен өтетіндігіне кәміл сенеміз. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мен азаматтардың игілігін арттыру жолындағы бағытымыздың да жалғасатындығына сенеміз. Негізі, бұл сайлауды өткізу Қазақстан қоғамындағы саяси тұрақтылықпен қатар ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайтуға мүмкіндік беретіндігіне сеніп отырмыз. Сондықтан барлықтарыңыздан осы сайлаудың өтуін қолдауларыңызды сұраймыз».
«Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев та өздерінің көзқарастарын ашық білдіріп, тың бастаманы қолдайтындықтарын білдірді.
– «Еліміздің жұмысшылары, өнеркәсіп орындарындағы инженерлері, фермерлер мен кәсіпкерлер, ұстаздар мен дәрігерлер, ғалымдар мен студенттер, мәдениет және құқық саласының қызметкерлері мүше болып отырған «Бірлік» саяси партиясы Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесі бастамашылық жасаған 2015 жылы Президенттік сайлау өткізуге қатысты өзінің ұстанымын білдіреді. Бұл сайлауды өткізу идеясы қазіргі кезеңде аса маңызды жағдай болып отыр. Президенттік сайлау еліміздің қарқынды дамуымен қоса, қабылдаған ұлттық жоспарлармен бірге «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асырылуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Әлемдік геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында біздің бірігуіміздің, барлық мүмкіндіктерімізді жаһандық дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін еңсеруге бағыттаудың маңыздылығы зор. Мiне, сондықтан да «Бiрлiк» партиясы аталған бастаманы толықтай қолдап отыр. Ең бастысы, сайлау компаниясын кейiнге қалдырмай, оны алдын ала өткiзетiн болсақ, Қазақстан ағымдағы күн тәртiбiнде тұрған әлеуметтiк-экономикалық толғақты мәселелердi шешудiң жолдарын табуға мүмкiндiк алады. Бiз сайлау өткiзу идеясы ел мен халықтың мүддесi тұрғысынан туындап отыр деп есептеймiз. Бiз топтасудың арқасында саяси алаңда бiрiге отырып, елiмiздiң дамуындағы осы бiр елеулi кезеңдi табыспен еңсере аламыз деген сенiмдемiз. «Бiрлiк» саяси партиясы қоғамдық бiрлестiктердi, ел iсiне бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды, елiмiздiң патриоттарын осы бiр сындарлы сағатта бiздiң Отанымыз – Қазақстан Республикасының болашақ мүддесi үшiн бiрiгуге шақырады!».
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин де зиялы қаламгерлер қауымының атынан өз ойын білдірді.
– «Ассамблея осыдан 20 жыл бұрын құрылған кезде оның атына сын айтушылар да болды. Бірақ аталған ұйым дәл бүгін өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Елбасының тікелей бастамасымен құрылған ассамблея ұлыстардың ұйысып тіршілік кешуіне, тату-тәтті еңбек етуіне лайықты ортаны қалыптастырып келеді. Қазір әлемде дүниені қайта бөліске салатын заман басталып кетті. Іргедегі одақтас елді шайқап жатқан санкциялардың салдары бізге жетпейді деп ешкім кесіп айта алмайды. Халықтың және партиялардың арасындағы үйлесімді келісімді бұзбастан, маңызды оқиғаны ұйымдасқан түрде биыл өткізуді қалаймыз. Оның үстіне, осы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тұңғыш рет атап өткелі жатырмыз. Елдігіміз бен теңдігімізді танытар тұста бірлігіміз бен ынтымағымызды және бір рет көрсеткеніміз дұрыс».
Демократиялық күштердің отырысына қатысқан Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, Қазақстан Азаматтық альянсының төрағасы Нұрлан Ерімбетов, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының төрайымы Меруерт Қазыбекова сөз сөйлеп, ассамблея тарапынан жасалған ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Коалиция отырысын қорытып, демократиялық күштердің ортақ келісімімен қазақстандықтарға арналған Үндеуді қабылдады.
Источник - Айкын (Алматы), № 31 (2663), 18.02.2015