06
Шілде

“Қазақстанды ұлттық мемлекет ретінде қалыптастыру - Тұнғыш Президенттің басты миссиясы” - “http://nnjournal.presidentlibrary.kz/ru/node/202”

NN Journal, 1(9) 2021

Тұңғыш Президенттің көптеген бастамаларының ішінде Республиканың кейінгі тағдырында, менің ойымша, аса маңызды рөл атқарған екі мәселені (Тәуелсіздік декларациясынан кейін) атап өту қажет деп санаймын.

Біріншісі - нарықтық реформаларды әлеуметтік-экономикалық саясаттағы мемлекеттің ресми бағыты ретінде қабылдау. Дәл осы парадигма шеңберінде мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жүргізілді, ірі шетелдік инвестициялар тартылды, экономикалық және әлеуметтік құбылыс ретінде бұқаралық кәсіпкерлікке жол ашылды.

Қазір біз жай ғана сол оқиғаларды әдеттегі терминдермен ("жекешелендіру", "инвесторларды тарту", "жаппай кәсіпкерлік") белгілейміз, бірақ олардың артында орасан зор әрі қызу жұмыс, шешімдер іздеу, консервативтік пікірдегі көпшіліктің қарсылығын еңсеру тұр. Сондай-ақ, жаппай жұмыссыздық, әлсіз экономика, миллиондаған адамдардың наразылық атмосферасын да ескеру керек.

Осының бәріне тек саяси ерік-жігермен, сенім күшімен, ең бастысы - жылдам нәтижелерге қол жеткізу қабілетімен ғана қарсы тұруға болады, оны Нұрсұлтан Назарбаев осы сындарлы кезеңде көрсетті.

Нарықтық экономиканы енгізу, жекешелендіру - өте қиын үрдіс. Меншік құқығын барлық жұмысшылар арасында бөлу және АИК деген сияқтылар арқылы иелердің жаппай класын құру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Ең бастысы - бұл инвестициялардың келуіне жол ашқан жоқ, өйткені азаматтардың кәсіпорындарға салынған инвестициялар туралы айтпағанда, тіпті өз қажеттіліктері үшін де қаражаты болмады.

Сондықтан, бұрынғы сатып алушыларынан және төлем құралдарынан айырылған жүздеген зауыттар, фабрикалар, колхоздар мен совхоздар (рубль апта сайын дерлік құлдырап отырды) жылдам құрдымға кетіп, жабылып, жұмысшыларға бірнеше айлар бойы жалақы төлемеді.

Тіпті құнсызданған зейнетақылар үш-төрт және одан да көп айлар бойы төленбеді, ал студенттердің стипендиясы мүлде ұмытылды. Жәй жарықтың өзі бірде жанса, бірде сөніп тұрды, қала тұрғындары көп қабатты үйлердің аулаларында қолданошақтарын орнатып, кесілген ағаш бұтақтарынан отқа тамақ дайындады. Қоғамдағы атмосфера күн сайын ушыға  бастады. Кез-келген кішкентай нәрсе, алып, көпұлтты елдің тарқауына  әкеп соғуы мүмкін еді.

Мұндай жағдайларда нарықтық реформалар қалай жүргізілгенін, дербес экономика мен қаржы жүйесі қалай  құрылғанын, қиын шешімдер қалай  қабылданып, инвесторлар тартылғанын тек Тұңғыш Президент пен оның командасы ғана біледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жеке кәсіпкерлікті қорғау, инвестицияларды қолдау туралы заңдар қабылданып, жекешелендіру бағдарламасы іске асырылды. 90-жылдардың ортасынан бастап инфляцияны басуға (жылына 2400 пайызға дейін болған!)  қол жеткізілді, негізгі кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру (әрине, ең алдымен жер қойнауын пайдалану саласында), шағын және орта бизнес, сауда мен қызмет көрсету есебінен жұмыссыздықты тоқтату, ЖІӨ өсімін кері қайтару бойынша жұмыс атқарылды.

Тәуелсіздіктің қалыптасуының алғашқы жылдарының тәжірибесіне сүйене отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтты дамытудың стратегиялық желісін әзірлеу, оған қол жеткізу үшін қажетті шешімдер қабылданатын дамудың мақсаттарын анықтап алу керек екенін ұқты. Осылайша, 1997 жылы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы дүниеге келді. Ол мемлекеттің ұзақ мерзімді негізгі жоспарлы құжатыболды. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының түп-тамыры аталмыш құжатта жатты. Олар даму Стратегиясындағы жоспарларды нақтылайтын Мемлекет басшысының тапсырмаларына айналды. Сол арқылы мемлекеттік органдардың жұмысына үдемелі даму және нәтижелерді өсіру міндеті енгізілді.

Сол кезде шағын бизнесті қолдауға мемлекеттік мән беріліп, 1997 жылы арнайы мемлекеттік қор (қазір – "Даму" қоры) құрылды. 1998 жылғы азиялық қаржы дағдарысының әсерін еңсеру кезінде салық саясаты қайта қаралды, инвестициялық ахуал оңтайландырылды.

Әрине, бұл кезең ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтардың терең дағдарысы, бірқатар өңдеу өндірістерінің жабылуы және т.б. сияқты күйзелістермен қатар жүрді, кеңес дәуірінен бері республикадағы кез-келген маңызды өндірісті,оның ұжымдарын мен басшыларын жақсы білетін Нұрсұлтан Әбішұлы үшін мұндай фактілер оңай соқпағаны анық. Оның экономикадағы барлық тапсырмалары агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібінің дамуымен және жұмыс орындарының ұлғаюымен байланысты болуы кездейсоқ емес. Ал 2018 жылы Президент Н.Назарбаев "қарапайым заттар экономикасын" алға тартты, яғни дайын тұтыну өнімін өндіру - дамудың басым бағыттарының бірі.

Мен Тұңғыш Президенттің жұмысына, адамдармен, еңбек ұжымдарымен, серіктестерімен қарым-қатынасына, оның бастамалары мен тапсырмаларын іске асыруға қатысуына жиырма жылдан аса куә болдым. Сондықтан, Қазақстандағы нарықтық экономика мен жеке кәсіпкерліктің негізін қалаушы әрі жолсерігі Нұрсұлтан Назарбаев болды деп нақты айта аламын.

Бүгінгі таңда, Сovid-19 пандемиясының бір жылдық әсерінен әлемдік экономика елеулі өзгерістерді бастан кешуде. Шағын және орта бизнес, әсіресе қызмет көрсету саласы ауыр жағдайда тұр. Бірақ мұндай жағдайда да әлеуметтік сала мен шағын және орта бизнесті қолдауы, бір кездері Елбасы, қоғамдағы сын мен түсінбеушілікке қарамастан негізін қалаған Ұлттық қор есебінен қаржыландыруда.

Республика алдында жаңа сын-қатерлер мен тапсырмалар тұр, оларды жеңу үшін бізге жаңа тәсілдер мен реформалар қажет. Бірақ мұндай реформалардың негізін, даму платформасы және кәсіпкерлік сияқты нарықтық экономиканы, оның қозғаушы күшін Тұңғыш Президент жоқтан бастап құрған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігінің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі - Қазақстан Республикасын ұлттық мемлекет ретінде қалыптастыру болды. Колбин басқарған азапты жылдардан кейін, 1986 жылғы оқиғаларда қазақтарды қудалағаннан кейін Назарбаев біздің халқымыз басқалардан еш кем емес екенін, қазақтар мемлекетті басқара алатынын және басқа этностармен достықты бағалай алатынын дәлелдеді.

1986 жылы желтоқсанда мен әскери қызметте Камчаткада болдым. Біздің әскери бөлімдегіқазақтарды ленин бөлмесіне жинады. «Особист» (КГБ) капитаны бізді Алматыдағы тәртіпсіздіктер туралы хабардар етті. Онда қазақтар ұлтшыл деп есептелетіні, ана тілінде сөйлесуге тыйым салынатыны, үйге хат тек орыс тілінде жазылуға тиістігі және т.б. айтылды. Мен орыс тілінде сөйлеп, жазсам да, мұндай кемсітушілікке наразы болып, оқуға оралғаннан кейін (мен Ресей университетінде оқыдым) ұлттық тақырыпқа көбірек қызығушылығымды тудырды. 1990 жылы Роберт Конквесттің "Жатва скорби" кітабынан 20-30-шы жылдары халқымызды дүр сілкіндірген Ұлы Ашаршылық туралы жан түршігерлік оқиғаны өзім үшін аштым. Алаш Орда, оның көшбасшылары туралы алғаш рет содан білдім. Оқу орнын бітірер кезде, мемлекеттік емтиханда министрліктен келген комиссияның төрағасымен СОКП рөлі туралы сөз таластырғанымның нәтижесінде емтихан тапсыра алмадым. Алайда барлық сұрақтарға дайындықсыз жауап берген болатынмын. Сол себептен емтиханды кейін қайта тапсыруыға мәжбүр болдым.

Қазір қазақ тілі барлық жерде тарала бастады. "Ақ жол" демократиялық партиясы да оның қолданылу аясын кеңейту туралы мәселені уақытылы көтеріп отыр. Бірақ, Тәуелсіздік таңында ана тіліміздің жағдайы қандай болғанынұмытпаумыз қажет.

1991 жылы үйге оралар кезде ұшақтағы екі мәскеуліктің әңгімесі есімде:

- У казахов есть свой язык?

- Вроде есть, но на нём говорят только старики. Когда они уйдут, не станет и их языка.  

Бұл жерде Расул Ғамзатовтың «Егер менің тілім ертең өлер болса, мен дәл бүгін өлуге дайынмын» деген қанатты сөзі бірден есіме түсті.

Бұл шындыққа жанасатын еді: сол кезде тіпті қазақ оқушыларының 1/3 бөлігі ғана ана тілінде білім алды, қалаларда бір-екі ақ қазақ мектебінен қалған, біздің халқымыз өз аумағында этникалық азшылық болып шықты, яғни шамамен 39%-ды құрады. Менің замандастарымның біразы, 60-70 жылдардағы балалар ана тілін ешқашан меңгермегені кездейсоқ емес.

Ал бүгінде түлектердің 80% -ы ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсырады. Қазақтар республика халқының үштен екісін құрайды. Демек, қазақ тілінің, қазақ халқының болашағы бар.

Осының бәріне Қазақстанның қоғамда азаматтық келісімді сақтай отырып, басқа тілдер мен бөтен мәдениетке нұқсан келтірмей қол жеткізгені өте маңызды. Бұл үлкен жолдың кепілі мен белгісі Тұңғыш Президент болды. Бұл оның өз халқы алдындағы ең үлкен еңбегінің бірі шығар.

Ол және оның серіктестері елді 90-шы жылдардағы апаттан, мыңдаған жұмыссыздықтан, жаппай жасырын ашаршылық пен бандиттік заңсыздықтан шығарды. Бұл адамдар мемлекетті іс жүзінде «нөлден» бастап бүгінгі деңгейге дейін көтерді, оның институттарын құрды.

Назарбаевтың ерекше тарихи миссиясы республика аумағын нығайтуда көрініс тапты. Ол Ресей империясы да, қуатты КСРО да шеше алмайтын Қытаймен шекаралық мәселелерді шеше алды. Әлемдегі ең ұзын шекараны Ресеймен, басқа көршілермен делимитациялауда маңызды болды.

Жүйелі реформаларды нақты іске асыру оңай емес, бұндай ірі өзгерістер жемқорлық сияқты әділетсіздік пен кемшіліктермен қатар өтуде. Ия, бүгін біз нарықтық экономика - тығырықтан шығудың жалғыз жолы екенін жақсы білеміз. Ал отыз жыл бұрын мұндай сенім ешкімде болған жоқ.

Іс жүзінде барлық өзгерістер ерекше күш пен мықты басшылықтың және бүкіл қоғамның ортақ жұмысы арқылы атқарылып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлының БҰҰ мінберінен қазақ тілінде сөйлеген сөзі немесе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы сияқты жеңістері де, қуанышты кезеңдері де болды. Тәуелсіздіктің замандастары үшін бұл сәттер ешқашан ұмытылмақ емес.

Айта кетейін, мен баға беріп отырған жоқпын, тек кейбір фактілерді атап өттім. Бағалар мен жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін, бірақ нәтижелер бәрімізге айқын. Әрине, еліміз өткен үлкен жолдың басында олқылықтар да болды, бірақ мақтантұтатын, бағалайтын да дүниелер баршылық.

Осы күресті көру, өз халқының өсіп-өнуіне қатысу, оның қуаныштары мен сынақтарымен бөлісу - біздің ұрпағымыз бен Тұңғыш Президентіміздің үлкен тағдыры. Егер біреу пайдаланбай, өткізіп алған мүмкіндіктер көп деп ойласа, онда жаңа мүмкіндіктерді бірге жасайық. Бұл туралы Елбасының өзі тікелей айтқан болатын: жаңа ұрпақ келеді, олар қолдарынан келсе, қазіргіден де жақсы жағдай жасауға тырыссын.

Азат Перуашев, “Ақ жол” Демократиялық партиясының төрағасы