16
Қыркүйек

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, "Ақ жол" фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзі

Құрметті төраға, қадірлі әріптестер! 

Бүгін біз еліміздің болашағын айқындайтын аса маңызды,  тарихи шешім қабылдауға жиналып отырмыз. Бұл жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашылатыны анық.

Президенттің жалпы  өкілеттігі  2 мерзімнен 1 мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды.

Бұл құрғақ сөз емес. Мысалы, демократияның атасы дейтін Америка Құрама Штатында кезінде сондай жағдай заңды деп танылған.  АҚШ Конституциясына 1947 жылы енгізілген 22-ші толықтыруда: “Бір адам екі мерзімнен тыс президент бола алмайды”-деген талабымен қоса “бұл талаптың  енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ”-деп айқын жазылған.

Осы  халықаралық дәстүрге сай егер бұл Конституциялық өзгерістер  президент сайлауынан кейін болатын болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты  тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Ондай, үшінші рет сайлауға түсіп, өткен  жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып,  2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып  отыр.

Яғни, Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолғы президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына президент сайлауына қайта қатысуға заңмен тыйым салынады.

Бірден айтарымыз, Президентті  бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың айқын қадамы және саяси реформалардың жалғасы.

1.Президенттікке бір рет қана сайлану - екінші кезеңге үміт арту жойылғандықтан, президент бар қайрат-қуатын, білік-білімі мен іскерлігін  өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікте барынша жұмсап қалады. Келесі президенттікке түсуді ойлап, түрлі саяси айла-амалдарға бармайды.

2. Әр президенттің екінші мерзімге сайланбайтыны ең алдымен келесі болатын жаңа президент үшін жарқын жол ашу, демократиялық зор қадам. Өйткені, сайлау екі мерзім болған жағдайда, әр президенттің жаңа президенттікке үміткерден  гөрі қайта сайлануға мүмкіндігі көп болатыны белгілі. Сондықтан Президент Тоқаевтың бір мерзім ғана президенттікті енгізіп,  келесі президентке айқын жол ашуы тек қолдауға лайық, көптеген елдер арасындағы алғашқы либералдық қадам.

3. Осы біз президенттікке  ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке  зорға жетіп отырған жоқ па?  Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік... Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда  жылда 2 президент болады. Енді президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Атазаңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, "неге президент бір рет қана сайлануы керек"  деп, қисық тартып  жатқандарға не деуге болады?

Жеті жыл уақыт - қандай жетістікке жетуге де жеткілікті  мерзім. Қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық.

Кешеге дейін, "Мәжіліс сайлауы мен Президент сайлауы қашан болады?" деп шулап едік. Президент қоғам талабын екі есе орындап, екі сайлауды да жариялап еді, енді "Неге Президент сайлауы болады" деп шыққандар да бар. Саясаткерлік - кез келген уақытта қандай сайлауға да дайын тұру. "Біз оянамыз дегенше, керуен кетіп қапты" деген байбалам саясаткерлікке жүрмейді.

Сол секілді "Астананың бұрынғы атын қайтару керек" дегендер көп еді, еститін мемлекет ретінде депутаттар ел аралағанда ең көп айтылған халық талабын орындап жатса, енді неге "Астана атын ауыстырасыңдар" дегендер де шықты... Мұның бәрі қоғамды тұрақсыздыққа итермелеп жатқан теріс пиғылдылардың әрекеті екені анық.

Саяси бағдарламасы «Түбегейлі өзгерістер қажет» деп аталған «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері талмай көтеріп келе жатқан көп мәселелер Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауларында және референдумда көтерілді. Яғни, саяси жүйе өзгермей, еліміздің алдында тұрған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу,  нарықтық экономика мен әділетті бәсекелестікті  дамыту мүмкін емес екеніне көзіміз жетті. Сол проблемалардың кілті осы саяси реформада жатыр. Бұлардың бәрі партия төрағасы Азат Перуашевтың “Егеменге” шыққан екі беттік көлемді  мақаласында жіліктеп көрсетілген.

Сондықтан да біз ұлттық мүддені қорғауға арналған Президент Жолдауындағы Конституциялық саяси реформалардың іске асуын қолдап, Ақ жол тілейміз.

Қадірлі халайық!  Елімізге сын сағаты туғанда, атам қазақ қашаннан бір тудың астынан табылған. Сондықтан,  «ынтымақ –ырысқа бастайды» дегендей, бағасы жоқ Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін, бәріміз жан-жаққа тартпай, осы Конституциялық реформаларды қолдап, Ұлттық бірлесуге қадам жасайық.  

Жер тұтастығын сақтау үшін, ең алдымен Ел тұтастығы керек! 

Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ақ жол!

Рахмет.