09
Қантар

ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева «TRUCK CENTER» ЖШС-нің қызметімен танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева автомобильдік арнайы техника өндірісімен айналысатын «TRUCK CENTER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңына барды.

 

Кәсіпорын авариялық-жөндеу шеберханаларын (JAC шассиінде), КАМАЗ шассиіндегі біріктірілген жол машиналарын, вакуумдық машиналарды, болоновоздарды, қоқыс тасымалдайтын және өзге де арнайы мақсаттағы техникаларды шығарады. Өндіріс компанияның өз алаңында тапсырыс берушілердің талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады. Өнімдер индустриялық сертификаттармен және сәйкестік сертификаттарымен расталған.

Автокөліктерге арналған өзге де жабдықтар өндірісін ұйымдастыру мақсатындағы өндірістік цех құрылысы жобасы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылай қолдауымен, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау тетігі арқылы, серіктес банк — «ForteBank» АҚ-ның қатысуымен іске асырылуда.

 

Кездесу барысында кәсіпорын басшылығы Дания Еспаеваға арнайы техника өндірушілеріне қатысты нормативтік талаптарға байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізудің жаңа қағидаларына байланысты, арнайы автомобиль техникасын шығаратын қолданыстағы кәсіпорындардың өнеркәсіптік жинақтау туралы келісімнің болмауына байланысты Тізілімнен шығарылу қаупі, өтпелі кезеңдердің қарастырылмауы, сондай-ақ бұрын расталған мәртебеден айырылу тәуекелдері айтылды.

Сонымен қатар, арнайы техниканың сәйкестігін растау тетіктерін қайта қарау, шағын сериялы өндіріс үшін баламалы шешімдерді қолдану және жұмыс орындарының қысқаруына, өндірістің тоқтауына жол бермеу мәселелері көтерілді.

Дания Еспаева көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеудің және оларды отандық өнеркәсіпті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан жүйелі түрде қарастырудың маңыздылығын атап өтті.