08
Қантар

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева Ақтөбе облысына сапары аясында Kemel Bilim халықаралық мектебіне барды

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева Kemel Bilim халықаралық жалпы білім беретін мектебіне барды.

Kemel Bilim мектебі — 590 орынға арналған заманауи 3 қабатты жалпы білім беретін оқу орны. Жоба 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылған. Жобаның банк-серіктесі — «ForteBank» АҚ, қаржыландыру 21% жылдық мөлшерлемемен, оның 15%-ы мемлекеттік субсидиялау арқылы жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда мектепте 200 оқушы білім алуда.

Kemel Bilim халықаралық мектебі International Baccalaureate®️ (IB) бағдарламалары — Primary Years Programme (PYP) және Middle Years Programme (MYP) бойынша мектеп-кандидат мәртебесіне ие және IB World School ретінде ресми авторизациялау үдерісінен өтуде.

 

Мектептің білім беру бағдарламалары оқушылардың сыни ойлауын, дербестігін, жауапкершілігін және жаһандық көзқарасын дамытуға бағытталған. IB тәсілі көптілді және халықаралық білім беру ортасында оқуға дайын, белсенді әрі саналы тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Сапар барысында Дания Еспаева мектептің материалдық-техникалық базасымен, оқу үдерісімен және алдағы даму жоспарларымен танысып, өңірде білім сапасын арттыру мен адами капиталды дамыту үшін мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.