Саяси партиялар қатары азайып келеді /Құттыбек Аймахан/ - Алматы акшамы (Алматы)
Естеріңізде болса, осы ғасырдың басында Қазақстанда саяси партиялар саны оншақты болатын. Әрине, «қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, олардың көптігінен пайда шамалы болатын. Өйткені, партиялар елдің өміріне қатысты саяси мәселелерге қатысудың орнына, көп жағдайда сайлаулар мен заңдарды көпшілік талқылаулар кезінде «белсенділік» танытып жататын. Тіпті, мұндай кездері олардың ойлары халықтың көзқарасымен қабыспай, ел ішінде түсінбестік тудыруымен де белгілі болатын.
Осы себептерден қазір бұқара халық қайсыбір партиялардың жұмысына сенуден қалған. Сондықтан, бүгінде көпшілік олардың бар-жоғына мән бере қоймайды. Осы ретте біз жақында алматылықтар арасында өзімізше «Еліміздегі қандай партияларды білесіздер?» деген сауалнама жүргізіп көріп едік. Бұл сауалға сұралғандардың барлығының дені ойланбастан – «Нұр Отан» партиясын атаса, ал жұрттың жартысына жуығы – «Ақ Жол», Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясын, сондай-ақ, шамалы бөлігі – Қазақстан Патриоттар партиясы мен «Ауыл» партиясын естеріне түсірді. Басқа партиялардың бар-жоғын жалпы жұрт мүлдем ұмытып та қалғандай. Осыған қарап, елімізде қазіргі күні қандай партиялардың белсенді әрекет етіп жүргендігін бағамдауға болады.
Сондықтан да соңғы кездері қайсыбір саяси ұйымдар халық сеніміне қайта ие болуды ойлай бастаса керек. Осы ретте жақында ғана өз ұйымдарында кезекті партиялық жиындарын өткізген Қазақстан Патриоттар партиясы мен Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясы өткен сенбіде Астана қаласында оқыс мәлімдеме жасады. Сөйтіп, 5 қыркүйек күні өткен Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясының 11 съезінде олар өздерінің Қазақстанның Патриоттар партиясымен бірігетінін жария етті. Осыған орай жаңартылған партия «Ауыл» халықтық – патриоттар партиясы деп аталатын болып, оның төрағасы ретінде сенатор Әли Бектаев сайланды. Сондай-ақ, осымен бірге партияның жаңартылған Жарғысы бекітілді.
Бұдан басқа елімізде саяси ұйымдарға байланысты тағы бір шулы мәселеге нүкте қойылды. Мысалы, өткен бейсенбіде «ҚР Әділет министрлігі» ММ талап-өтініші негізінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Қазақстан Коммунистік партиясы» қоғамдық бірлестігі жойылды деп табылды. Оның үстіне осы шешім сот істері бойынша анықтамалыққа орналастырылып, сот шешімімен партиядан мемлекет пайдасына 1982 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы өндіріліп алынатын болды.
Сөзімізді түйіндей айтқанда, 2011 жылы 9 тамызда елімізде 9 саяси ұйым – «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы, Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік–демократиялық партиясы, Қазақстан Патриоттар партиясы, Қазақстанның «Руханият» партиясы, Қазақстанның «Әділет» демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік партиясы және Қазақстанның «Азат» Жалпыұлттық әлеуметтік-демократиялық партиясы тіркелген екен. Осылардың ішінде қазіргі кезде қалың көпшілік алғашқы бес партияны жақсы біледі деп ойлаймыз. Өйткені, олардың не істеп жүргендерін халық көріп-біліп жүр. Әсіресе, қазір «Нұр Отан» партиясының жұмысы өте белсенді. Ал, қалған 4 партияның іс-әрекеті туралы біз соңғы 3-4 жылда мүлде естімегендіктен, олардың бар-жоғынан хабарсыз екендігіміз де жасырын емес…
Дерекнама - Алматы акшамы (Алматы), № 109 (5143), 10.09.2015