20 қараша 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл
Әбдісаттарова, филиал заңгері Жеңіс Сариев М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің «Экономика және құқық» факультетінің студенттеріне «Тәуелсіз
мемлекеттің қалыптасуы және адам құқығы» тақырыбында дәріс оқыды.
Сейсекүл Дүйсебайқызы өз сөзінде тәуелсіздік жолындағы күрестер,
халқымыздың бастан кешкен зұлматты жылдардың тарихы туралы әңгімеледі. Егемен
ел атанғалы бергі жүргізілген саяси реформаларға тоқталды. Тәуелсіз мемлекеттің
қалыптасу кезеңдеріндегі айшықты оқиғалар жайлы айтып өтті. Соңғы жылдарда
елдің саяси өмірінде ауқымды өзгерістер орын алғанын, Парламенттің ықпалы мен
Үкіметтің жауапкершілігі артқанын қозғады. Партиялардың қоғамдағы рөлі,
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламент Мәжілісі және
жергілікті мәслихаттардағы беделі күшейе түскенін сөз етті.
Өз кезегінде филиал заңгері Жеңіс Сариев тәуелсіздік жылдарында қабылданған
заңдарға тоқталды. «Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны», дей
келе, құқықтық сауаттылық мәселесі әрқашан алда тұруы тиіс екенін атап өтті.
Адам құқықтары, жастардың қоғамдағы орны туралы әңгімеледі.

