Сенім - Жас казак
Бас банктің төрағасы ауысқан бұл аптада теңге тағы да құнсызданды. Кеше долларға шаққанда бағамы 300-ге жетті. Бірақ валюта айырбас орындарына қарай жөңкілген жұртты көрмедік. Көпшілік қаржы саласы мен жалпы экономикадағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін түсіне бастаған секілді. Кеше Ұлттық Банк валюта нарығына араласуын азайтатынын мәлімдеді. Бұл алтын-валюта қорын сақтау үшін қажет. Қ. Келімбетовтің тұсында ел ішіндегі қаржылай операцияларды тек ұлттық валютамен жүргізу, яғни долларсыздандыру саясаты қолға алынды.
Қарапайым тұрғын мұны жақсылыққа жорыды. Әйтсе де, бұл ісі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Базардан көлік немесе баспана сатып алатындар әлі күнге дейін тірнектеп жинаған теңгесіне алдымен қымбат долларды сатып алады. Пайызбен пайда тауып отырған екінші деңгейдегі банк пен валюта айырбастау орындарын одан сайын байыта түседі.
Теңгенің тегеурінді немесе әлсіз болуы қазынадағы қаржыға байланысты. Ал біздегі табыстың негізгі көзі — мұнайдың бағасы осы аптада 50 долларға жетіп, ілгерілемей қойды. Металл кұны да мардымсыз. Экспорттық түсім мөлшері күрт кеміді. Әлеуметтік желі немесе сайт арқылы бас банкті немесе оның жетекшісін сынау оңай. Ең қиыны тығырықтан шығар төте жолды табу болып тұр. Дейтұрғанмен Ұлттық Банктің ақшалай алаяқтық жасаған, көлеңкелі бизнеспен айналысатын, сондай-ақ ақшаны сыртқа алып қашатын қаржы құрылымдарына қарсы ымырасыз күрес жүргізгені байқалмайды. Көршілес Ресейде рубль әлсірегелі өз міндеттемесін орындамаған банктер бірінен соң бірі лицензиясынан айырылып жатыр. Эльвира Набиуллина басқаратын Орталық банк жыл басынан бері 55 қаржы құрылымының жұмысын тоқтатты. Олардың арасында рубль бағамына қатысы алаяқтық жасаған банктер де бар көрінеді. Күні кеше Мәскеуде «заңсыз жолмен сыртқа ақша шығарған» деген айыппен Александр Григорьев қамауға алынды. А. Григорьев үш банктің қожайыны еді. Олардың бәрі банкротқа ұшыраған. Оның қылмыстық тобы соңғы 4 жылда Ресейден 46 млрд долларды оффшорлық аймақтарға асырған. Жалпы, арам ақшаны ақтауға бұл елдегі 21 банктің қатысы бар деседі.
Бұл мәселе бізде де өзекті. Былтыр депутат Азат Перуашев Tax Justice Network зертеу орталығына сүйеніп, егемендіктің алғашқы жиырма жылында елімізден 138 млрд доллардың заңсыз шығарылғанын, мұның әр жылға шаққанда 7 миллиардтан келетінін жария етті. Ұлттық Банктің шетелге миллиардтарды алып қашқан олигархтарға тосқауыл қоймағаны баршаға белгілі.
Қаржы дағдарысы тұсында көп нәрсе Ұлттық Банктің икемді әрекетіне байланысты. Сонда ғана бизнестің оған деген сенімі артады.
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 43 (563), 06.11.2015