05
Шілде

Үш дрон, бөгет пен әрең тұрған сейсмостанциялар

https://t.me/peruash/9417

Кеше Мәжіліс депутаты Е.Барлыбаев, қалалық мәслихаттағы депутатымыз О.Нұралдиновпен бірге Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен таныстық. Департамент басшылығы қаладағы бейнебақылау камераларының қалай жұмыс істейтінін, төтенше жағдай жөнінде халыққа дабыл беретін апаттық ескертулердің қалай қолданылатынын және т.б. көрсетті. Ахуалдық орталықта шағын жиын өткізіп, сейсмикалық, өрт, сел қауіпсіздігін қадағалау; қызметтерді техникалық жарақтандыру және азаматтарды төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстау дағдыларына үйрету туралы қысқаша баяндамаларды тыңдадық.

Баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойдым: 

1. ТЖМ жүйесінде апаттар медицинасы сияқты қызмет түрі сақталды ма? Бұл саласының ерекшелігі оның политравматикалық хирургия, күйік орталықтары, реанимация бөлімшелері, оның ішінде реанимациялық көліктермен жабдықталуы және т.б. салаларға мамандануы болып табылады. Бұрын бұл функцияны республика бойынша теміржол ауруханалары атқаратын. Алайда, бірнеше жыл бұрын олардың барлығы жекешелендірілді (айтпақшы, Е.Барлыбаев екеуміз жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері ретінде мұндай шешімге қарсы дауыс бергенбіз). Жеке клиникалар төлем қабілеті жоғары пациенттердің сұранысы бар ең тиімді аймақтарға амалсыз ауысады. Ал жазатайым оқиғалар мен өрттерден зардап шеккендердің қарапайым медициналық сақтандыруы да болмауы мүмкін, тіпті зардап шеккен адамның жеке басын бірден анықтау мүмкін болмай жатады.


Сондықтан, жеке бизнесті дамыту мен қолдауды, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуды үнемі жақтасақ та, апаттар медицинасы мемлекеттің жауапкершілігінде қалуы керек.

Оның үстіне тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде техногендік және табиғи апаттардың ауқымы артқаны байқалады.

Бізге Алматыда апаттар медицинасы қызметі сақталғанын (бұл әрине плюс), бірақ бұл қызметтің жеке ғимараттары немесе нысандары жоқ деп жауап берді.

Төтенше жағдайлар министрлігіне тікелей бағынатын, медицинадағы осы үрдісті қайта жаңғырту мәселесін көтеру керек деп ойлаймын.

2. Бізді қызықтырған тағы бір мәселе Алматыдағы ғимараттардың, әсіресе көпқабатты ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын бақылау жағдайы болды. 3-4 жыл бұрын барлық зәулім ғимараттар сынақтан өткізілетіні туралы хабарланған болатын, бірақ кейін мұндай сынақтардың қауіпті деген ақпарат тарады.

Осы мәселемен қаланың сейсмикалық, сел қаупі жоғары және өнеркәсіптік аймақтарында құрылыс алаңдарын бөлу жағдайлары тікелей байланысты. Төтенше жағдайлар министрлігі қызметтерінің жергілікті әкімдіктердің мұндай шешімдеріне алдын ала тосқауыл қоюға мүмкіндігі бар ма?

Басқарма басшылығының айтуынша, қазір әкімдікте қаланың сейсмикалық тұрақтылығын сертификаттау жұмыстары жүргізілуде, бұл жұмыс ҚазҚСҒЗИ-ға жүктелген және бұл жобаның қосалқы мердігері ретінде Сейсмология институтын тарту жоспарлануда.

Жер телімдерін бөлуге келсек, 2014 жылдан бастап ТЖ органдары құрылыс жобаларын келісу және нысандарды пайдалануға қабылдау жұмыстарынан шеттетілген. Олардың рөлі бүгінгі күні ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздік талаптарын құрастырумен шектеледі, ал рұқсат беру мен құрылыс сатысында бұл талаптардың орындалуын бақылауға құқығы жоқ.

Кезінде бұл тәсіл бизнесті қолдау мақсатында енгізілген болатын. Дегенмен, тәжірибе мұндай жеңілдіктердің жоғары тәуекелдерін көрсетті. Сонымен қатар, Конституция бойынша да Қазақстан Республикасындағы ең жоғары құндылық – азамат, оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.

Кірістер үшін адам өмірін құрбан етуге тура келсе, мұндай кірістер еш аштауға келмейді. ТЖ органдарына бақылау функцияларын қайтару керек деп санаймын, «Ақ жол» фракциясы мұндай сауалдарды көтеретін болады.

3. ТЖ органдарының техникалық жарақтандырылуына қатысты өртке қарсы қызметте пилотсыз басқарылатын өрт сөндіру жүйелері бар-жоғы туралы сұрадым? Семей орманындағы қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Еуропа, АҚШ, Қытай елдеріндегі өрт сөндіру құрылғылары орнатылған пилотсыз басқарылатын шынжыр табанды көліктермен өрт сөндіріп жатқан видеолар таралды. Мұндай технологияның арқасында адамдарға лаулаған өрттің ортасына түсіп, өз өмірін қатерге тігудің қажеті болмайды, өкінішке орай, Семейде соның салдарынан 15 адам қаза тапты. Алматыда осындай техника бар ма? Сонымен қатар, өртті дер кезінде анықтауда дрондардың рөлі зор. ТЖД қызметінде олар бар ма?

Қызметкерлер хабарлағандай, әзірге пилотсыз басқарылатын өрт сөндіретін аппараттарды сатып алу тіпті қарастырылып та жатқан жоқ. Дрондарға келетін болсақ, небары үшеуі ғана бар екен, бұл, әрине, мұхитқа түскен тамшыдай.

4. Баяндамалардың бірінде 1,4 миллион алматылық төтенше жағдайда өзін-өзі ұстау дағдылары бойынша «каскадтық оқумен» қамтылғаны айтылған. «Каскадтық әдіс» дегеніміз не деп сұрағанымда, олар былай деп жауап берді: ТЖД ұйым басшыларын оқытады, ал олар өз қызметкерлерін оқытуы керек.


Таңдаулы бақылаусыз оқытудың бұл түрі тиімсіз деген пікіріммен бөлістім. Алматылық достардың ешқайсысы өз мекемесінде мұндай оқыту туралы айтқан емес. Оның үстіне 1,4 миллион адам оқытылды деген көрсеткіш күмәнді. Шыншыл болуға шақырдым.

5. Украинадағы соғыста жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану ықтималдығы туралы көптеген ескертулерді назарға ала отырып, Алматының қаншалықты қорғаныс нысандарымен (бомбаларлан қорғану қоймалары) жабдықталғанын, газдан қорғану құралынан бастап жеке қорғаныс құралдарының бар-жоғын сұрадым. Зымыран соққыдары кезінде бірнеше бомбалардан қорғану қоймаларының жабық болып, адамдардың қорғансыз қалуы орын алған Киевтегі жағдайды еске салдым. 

Жауап көңілден шықпады. Бұрыннан сондай қоймалары бар кәсіпорындарды қоспағанда, азаматтарға арналған бомбалардан қорғану қоймалары мен қорғаныс құралдары мүлдем жоқ. 

Мемлекеттік органдардың жаһандық соғыс болуы мүмкін дегенге сенбеуі, әрине, көңіл қуантады.

Бірақ бүгін оның орын алуы мүмкін емес деп ешкім айта алмайды. Ал мұндай жағдайда, сарапшылардың пікірінше, оның салдары тек соғысушы тараптарға ғана әсер етпейді. Меніңше, мемлекет мұндай мәселелерде өте прагматикалық және азырақ оптимисшіл болуы керек сияқты.

Сонымен қатар, метро станцияларының маңында тұратын алматылықтар үшін қорғану қоймалары мәселесі шешіледі. Бірақ оларды сумен, азық-түлікпен, жылы көрпемен және т.б. қамтамасыз ету мәселесі бар.

6. Е.Барлыбаев таяуда Іле-Алатау ұлттық саябағында орман өртін сөндіру кезінде өрт сөндірушінің қаза болуының мән-жайын, сонымен қатар Абай облысындағы қайғылы оқиғаға ұқсас жағдайларда орман шаруашылығы мен өртке қарсы қызметтің өзара әрекеттесу тәртібін сұрады.

ТЖ қызметкерлері «Азаматтық қорғау туралы» заңмен және ТЖМ мен Экология министрлігі арасындағы келісіммен (бір жыл бұрын екі министр де қол қойған) бекітілген тәртіптің бары жөнінде айтты, яғни, жергілікті әкімдіктер мен Экология министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелерінің басшылығының бұйрығымен өрт сөндіру қызметі орман өрттерін сөндіруге қатысады.

Ал марқұм әріптестеріне қатысты олар қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып, ерлікпен қаза тапқан қызметкердің мемлекеттік наградаға ұсынылған жеткізді.

Төтенше жағдайлар департаментінде болған әңгімеден кейін  ҮАК төменіректегі селден қорғайтын бөгет құрылысына бардық; Нұр-Алатау ауданындағы жаңа өрт сөндіру бекеті. 

Бекет басшылығы әлеуметтік пакеттің болуына байланысты өрт сөндірушілердің құқық қорғау органдарына көптеп ауысып жатқанына шағымданды. Өртті сөндіруге күніне 15-18 рет шығатын құтқарушылардың жұмысы да қауіптілік пен қиындық жағынан одан оңай емес.

Сонымен қатар, Сейсмология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен де сөйлестік. 2017 жылы «Ақ жол» фракциясы үкіметке сейсмикалық станцияларды қаржыландыруды тоқтатқаны туралы наразылық білдіріп, депутаттық сауал жолдағанын еске алдық. Біздің сауалымыздан кейін қаржыландыру қайта жанданған еді. Бірақ қазірдің өзінде ұжымның жағдайы (бұл аналитик ғалымдар мен болжаушылар) өте қиын, мысалы – институт ғимараты 1989 жылдан бері жөндеу көрмеген (35 жыл!), сейсмикалық станциялардың ғимараттары баракқа ұқсас, зертханалар (бұл кез келген талдаудың өзегі) өткен ғасырда қалып қойған, беделді  сейсмологтардың жалақысы орта мектептегі мұғалімдікінен төмен...Тақырыпқа қайта оралуға тура келеді. Үкіметпен әңгімелесу үшін бірнеше сессияға жетерлік материалдар жинадық.

Таңертең бірқатар жеке емханалар мен өндірістік кәсіпорындарды аралауды жоспарлап отырмыз.