15
Ақпан

Ішімдік аяқ киімнен «қауіпті» ме?

https://t.me/peruash/4418

Кеше фракция отырысында үш сағаттан астам уақыт бойы тығырыққа тірелген (басқаша айту мүмкін емес) тауарларды міндетті таңбалау саласындағы кемшіліктерді талқыладық. «Ақ жол» ҚДП орталық аппаратында өткен талқылауға Петропавл, Қарағанды, Өскемен, Алматы, Көкшетау, Талдықорған, Орал қалаларының кәсіпкерлері келді. Олар аяқ киім дүкендерін (бұл секторда міндетті таңбалау енгізілген), Сауда кәсіпорындары қауымдастығын, Қазақстандық дербес дәріханалар қауымдастығын, Фармацевтикалық қызмет қауымдастығын, Сүт кәсіподағын, Алкогольсіз сусындар өндірушілер қауымдастығын, Салық төлеушілер мен бухгалтерлер ассоциациясы және т.б. ұйымдардың өкілдері ретінде сөз сөйледі. Мемлекеттік органдардан Индустрия министрлігі, Сауда министрлігі және Ұлттық экономика министрлігінен комитет төрағалары мен департамент директорлары деңгейіндегі өкілдер, сондай-ақ, тауарларды таңбалау операторы «Қазақтелеком» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС директоры қатысты.
Пікірталас аясында аяқ киімге міндетті таңбалауды енгізу ШОБ өкілдерін қиындықтар мен едәуір шығындарға соқтыратыны және басқа өнімдерге қандай залал келуі мүмкін екендігі туралы егжей-тегжейлі айтылды.
Ассоциациялардың есебіне сәйкес, әрбір сауда орнын (тіпті ең шағыны) қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау құны 800-900 мың теңгені құрайды, бұл көбінесе шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін үлкен жүктеме. «Жерге түсіңдер, шенеуніктер. Мұндай ақша қайдан келеді? Біз олигарх емеспіз, көбіміз айына 50-60 мың ақша табу үшін талмай еңбектенеміз. Кем дегенде 100 000 теңге тапсақ екен деп армандаймыз, сен де соны да алып жатырсыңдар, – деді жиын барысында Вероника Пономарева мен Гүлнар Сынбинова, – біздің төлемдеріміз бен салықтарымыз есебінен жүз мыңдаған жалақы алып отырсыздар, ал біз қалай нан тауып жүргенімізді қаперге де алмайсыздар».
«Аяқ киім байлықтың белгісі емес, әлеуметтік тауар екенін түсініңіздер. Алматыда қаңтарда оқиғасы кезінде тоналған дүкенге тозығы жеткен жазғы аяқ киімін қалдырып, етік ұрлап кеткен бұзақының ісі – бұл тоқмейілсіген қала тұрғындарының емес, қарапайым қажетті заттары жоқ ауыл жастарының әрекеті екенін көрсетеді. Бұл ауыл жастарының маусымдық аяқ киім алуға жағдайы жоқтығын дәлелдейді», - деп қосты кәсіпкерлер.
Міндетті таңбалауды енгізу көп уақыт пен процедураларды талап етеді, көбінесе қолданыстағы есептілікті қайталайды. Атап айтқанда, әрбір тауар бірлігіне 20 талап (!) бойынша карта толтырып, таңбалау операторына жіберу қажет. Мәселен, ЖК Гүлнәр Сынбинов 96 жұп аяқ киімді таңбалауға 20 толық жұмыс күнін (!) жұмсап, осы уақыт аралығында сауда мүлдем тоқтап қалған. Ол үнемі таңбалау операторының call-орталығына түсініктеме алу үшін жүгінуге мәжбүр болды, онда консультанттар әр жолы қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтындығы туралы жауап берді (?!). Тұтастай алғанда, қарым-қатынастар тізбегіне жаңа есеп беру инстанцияларының қосылуына байланысты жұмыс тәртібі екі есе күрделене түсті (кәсіпкерлердің өздері дайындаған жоғарыдағы диаграмманы қараңыз).
Соның салдарынан бұл саладағы барлық кәсіпкерлер, соның ішінде ең шағын кәсіп иелері де, не арнайы есепшілер жалдауға (бұл көптеген шағын дүкендер үшін мүмкін емес) немесе бірден нарықта пайда болған делдалдардың қызметіне ақы төлеуге мәжбүр. Мұның бәрі өнімсіз шығындарға және тауар құнының өсуіне әкеледі.
Естеріңізге сала кетейін, 2019 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Мəжілістегі міндетті таңбалау туралы келісімді ратификациялауды қолдаудан бас тартқан бірден-бір фракция болған кезде, министрлер Парламентті өнімді таңбалауға жұмсалатын шығынның 3-5 теңгеден аспайтынына сендірді. Ал, кеше кәсіпкерлер өздерімен бірге қызмет көрсету шартының жобаларын әкелді, мұнда тауардың әрбір бірлігін таңбалау үшін 110+2000/3500 теңге төлеу ұсынылады (жоғарыдағы сканерленген келісім-шартты қараңыз). Ал, министрлердің 3-5 теңге туралы уәделері қайда?

https://t.me/peruash/4419

Егер ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша бір жұп аяқ киімнің орташа құны 10 000 теңгені құраса, осы фактінің өзі аяқ киімнің бағасының 21-36%-ға қымбаттауын білдіреді! Сонымен қатар, бұл «қызметті» пайдалану үшін кәсіпкер 81 676 теңге мүшелік жарнамен «Автоматты сәйкестендіру бірлестігі» деген бір ұйымға мүше болуы керек. Бұл міндетті жарна төлеуді талап ететін тағы бір «ҰКП» ма?
Бірақ процедуралардың құнынан басқа, бірқатар іргелі сұрақтар ашық қалуда:

– Міндетті таңбалау не үшін енгізілді және ол тұтынушылар мен кәсіпкерлерге не береді?
Кәсіпкерлер үшін бұл тек қосымша шығын мен бас ауыруы; тұтынушылар үшін– инфляция және тауарлар бағасының өсуі. Сонда оның мәні неде? Мемлекеттік органдар оның мақсаты контрафактілік өнімдер мен көлеңкелі экономиканы «тоқтату» екенін айтып сендіруде.
Онда неліктен мемлекеттік органдар контрафактілік тауарлардың үлесі айқын емес әлеуметтік тауарларға (аяқ киім, дәрі-дәрмек) міндетті таңбалау енгізіледі де, контрафактілік және көлеңкелі айналымның үлесі мен көлемі едәуір үлкен алкогольге таңбалауды енгізуден бас тартты? Себебі, кәсіпкер Сергей Масленников айтқандай, ішімдік бизнесінің артында үлкен қолдаушылар бар. Мұндай мейірімділіктің себебі неде?

– Неліктен бақылаушы органдар тағы да барлығын шағын бизнестің мойнына іліп қойды? Контрафактілік өнімдерді кедендік рәсімдерді айналып өтіп әкелетін ірі көтерме саудагерлер емес пе? Бәлкім, шағын жеке кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, жұмысын тоқтатқанша, кедендегі жағдайды ретке келтіріп, елге жай ғана күмәнді тауарларды кіргізбей қойған дұрыс шығар?

– Неге міндетті төлемдерді алушы мемлекет (бюджет) емес, жеке компания болды? Бұл қандай салық және кімнің пайдасы үшін? «Ақ жол» фракциясы бұл мәселелерді 2015 жылдан бері көтеріп, биылғы жылдың 19 қаңтарында депутаттық сауал жолдап, жеке оператордан таңбалаудан түсетін кірісті мемлекеттік бюджетке аударуды тікелей ұсындық (аталған күнге сай осы жердегі хабарламаны қараңыз). Әзірге жауап келген жоқ. Ал, кәсіпкерлер құрылыс материалдарына таңбалаудың енгізілгенін де айтып отыр.
Сауда кәсіпорындары қауымдастығының мәліметінше, соңғы жылдары қабылданған СНТ, ЭСФ, міндетті таңбалау сияқты есеп беру инновациялары ШОБ субъектілеріне 240 миллиард теңгеге зиян келтірді және ҚҚС шегін төмендетумен бірге шағын және микро бизнесті толығымен басып тастау қаупін төндірді. Нәтижесінде бұл кәсіпкерлердің барлығы отбасымен бірге әлеуметтік төлемдерге кезекке тұрады, ал, қазірше олар мемлекеттен ештеңе сұрап отырған жоқ, керісінще салық төлеуде.
Жалпы, 2015 жылдан бері сол таңбалауды даулап, 2019 жылы ЕАЭО келісіміне дауыс бергенде оны қолдамағанымыздың қаншалықты дұрыс екеніне тағы да көз жеткіздім. Талқылау қорытындысы бойынша мен әріптестеріме Қазақстан Республикасының ішкі нарығында ең болмағанда қажетті тауарларды (соның ішінде азық-түлік, киім-кешек және аяқ киім) міндетті таңбалаудан толық бас тарту туралы Үкіметке ұсыныстар дайындауды тапсырдым.