17
Сәуір

Ысырапшылдыққа заңмен тыйым салған жөн бе? - Зан газетi (Алматы)

 
Біреулер бала-шағасын асырауға қаржысын жеткізе алмай жүргенде біреулер жалғыз баспанасын кепілге қойып, банктен несие алып той жасауда. Той тұрмақ, өлімді де ысырапшылдықпен атқаратындар көбейді. Ендеше, сондай аста-төк дүниелерге тыйым салатын заң қажет пе?        
Мейрам Ғибадилов, Ақмола облыстық соты ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Кеңес заманында үйлену тойлары өте қарапайым өтетін. Нарыққа көшкеннен кейін той жасаудың ақырындап бәсекеге айналып бара жатқаны байқалуда.
Қазір ауылда да, қалада да думандатып той өткізетін болды. Таяуда Қима деген ауылда тойда болдым. Той иесі үй жетпегендей ауыл ортасындағы үлкен дәмхананы жалға алып, сірестіре дастарқан жасады. Астаумен әкелген ет желінген соң тағы да ыстық тамақ қойылды. Арақ-шарап ағыл-тегіл. Бір қуанарлығы, соңғы кезде тойларда арақ ішіп, мас болып құлап жататындар азайды.
Қасиетті Құранда Алла ысырапшылдықты ұнатпайды деген аят бар. Ұлы Абай: «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ - бес дұшпаның білсеңіз» дейді. Өкінішке қарай, бүгінде адамдар ұлы Абай бес дұшпанның бірі деп атағын мал шашуды берік дәстүрге айналдырып алған сияқты. Осындай тойларда дастарқанға қойылған тағамдардың жартысы текке қалады. Оны естуімше, дәмханада жұмыс жасайтындар малдарын бағуға пайдаланады деседі. Тойды былай қойып, өлікке бата жасауды да қазақ тойдан кем өткізбейтін болып алды. Осыларға қарап, «Қазіргі бәрі сатылатын нарық заманында осындай ысырапшылдықтың қажеті бар ма?» деп ойлайсың.
Қырғыз еліндегі сияқты бізде де заң қабылдануы қажет шығар. Дегенмен, жалғыз заңға сүйенуге болмайды. Жемқорлыққа, қылмысқа қарсы заңдарымыз бар, бірақ соған қарамастан жемқорлық та, қылмыс та азаймай отырған жоқ па?! Сондықтан, мұндай қоғамымызға қауіпті ысырапшылдық кеселін жоюды қалың көпшілік болып, ең алдымен ақсақалдар, қариялар болып, қолға алған жөн. Адамы өліп, қайғы жұтқан үйден ас жеуге бола ма? Сол сияқты өмір жолын енді бастаған жастардың өмірі несиемен басталса, оның ақыры не болмақ? Сол тойға жұмсаған қаржыны екі жақ жастардың шаңырақ көтеріп, үй болуына көмек ретінде берсе, мұның жас отбасылардың аяғынан тұрып, тұрмыстарын түзеуіне игі ықпалы болар еді.
Бақыт Смағұл, «Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
- «Той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақ жаһандық қаржы дағдарысының қауіп-қатеріне мұрнын шүйіріп те қарамайды. Аста-төк заман осылай жалғаса береді деп ойлайтын сияқты.
Қазір қай тойға барсаң да, дастарқан мәзірінде «құстың сүтінен» басқаның барлығын кездестіресің. Табақ көтереді деп сере қазыны сірестіріп алып келгенде: «Біз мұндай семіз жылқыны алғаш көріп отырмыз» деп той иелеріне мақтауымызды жеткіземіз.
Бірақ, мейманына барын тосатын қазақтың нарыққа қарай көрпесін көсілуі керектігін ешкім қаперге алмайтын сияқты. Қаланы былай қойып, ауылдың қазағы да баласы үйленсе, жүздеген шақырымдағы қалаға шабылып, тойын еңселі мейрамханада өткізуді сәнге айналдырып алды. Ал, қазақтың байлары елімізді қойып, шетелдерге барып той жасайды деседі. Шетелдерден әнші шақыртып, соған қыруар ақша шашатындар аз емес. Баласы үшін несін аясын десек те, бар жиған-тергенін былай қойып, миллиондаған теңге несие алып, той жасайтын қазақтарды аяйсың. Себебі, сол тойдан кейін несиесін төлеп, өздері де, жаңа үйленген балалары да жүдеп, тауқымет шегетінін несіне жасырамыз.
Көрші қырғыз елінде дарақы той жасайтындарға тоқтау салатын заң қабылданыпты деп естиміз. Бүгінгідей қаржы дағдарысы аранын ашып, есік қағып тұрғанда бізге де аста-төк той жасаудан тыйылу қажет. Ақмола облысында жыл басынан бері ғана бес жүзден аса отбасы ажырасқан екен. Неге жас отаулардың оты ерте сөнеді. Оған жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазақ баласын үйлендіргенде жас отаудың болашағын емес, ешкімнен қалмай той өткізгенді алдыңғы орынға қояды. Несие алады, бар жиған-тергенін шашады. Ал, осыдан кейін жаңадан құрылған отау өз шаңырағы болмағасын қиындық кешеді.
Одан да тойға жұмсалған қыруар қаражат жас отбасына пана болар үй алуға жұмсалса, тағылымды іс осы болар еді. Тойдың дастарқанымен бірге, қазақтың ырым-жырымы да көбейіп, дарақы жұртты одан сайын тығырыққа тірейтіндей көрінеді. «Сырға салу», «Құда шақыру» деп аталатын дәстүрлердің бәрін жасау шарт және оған қыруар ақша жұмсалады.
Қазақ бұлай кете берсе, ешқашанда тұрмысын түзей алмайды. Қалай десек те, бұл арнада шешуін таппаған мәселе көп. Ең бастысы, дарақылықты тоқтататын заң керек. Және өлген кісіні атқарған кездегі дарақылықты, қабірді барынша қымбат тастан жасап, даралануды да тоқтататын кез келді.
 
Дерекнама - Зан газетi (Алматы), № 53 (2639), 15.04.2015