14
Тамыз

Суға зәру жамбылдық диқандар «Ақжолға» мұң-мұқтаждарын айтты

https://t.me/peruash/9557

Жамбыл облысында жұмыс істедік. «Ақ жол» демпартиясы филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мұханбеталы Шалқарбеков, мәслихат депутаттары Дәурен Ахметжаев, Бауыржан Найзақұлов, облмәслихаттың VII шақырылым депутаттары Асан Қошмамбетов, Шыңғыс Әбдірахманов, Берік Тлебаевтармен бірге жылғаға айналған Талас өзенінің арнасын көрдік. Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округінің қуаншылықтан зардап шеккен шаруаларымен кездестік. Бір тірі өсімі жоқ, әбден қурап біткен беде алқабы бойында әңгіме құрдық. Әнуар Серікбаев, Асылбек Сүлейменов, Досым Жиенбаев, Әбілсейіт Монбаев және өзге де шаруалар басқа түскен сынақ туралы наразылықпен айтып берді. Олар беде ғана емес, жүгері, қант қызылшасы, жуа, дәнді-дақылды өзге де көкөністердің өнбей қалуының бірнеше кешенді мәселесін айтты. 

Олар үшін негізгі мәселе - «Сеңкібай» каналы құрылысының аяқталмауы, атап айтқанда, мердігер 21,8 шақырымдық арнаның бас жағындағы 800 метрін ғана бетондаған. Құрылысты аяқтап, бүкіл каналды бетондау судың жоғалуын күрт азайтып, 4 мың га жерді суаруға жетер еді. Бүгінде келіп жатқан су 9 бұру шлюздеріне бөлініп, ауылдық округке жетпей қалады деуге болады. Соның нәтижесінде биыл ауыл тұрғындары кіріссіз және күнкөріске қажетті қаржысыз қалуда.  

Каналдан бөлек, шаруалар өзге де бірқатар мәселелерді атап өтті 

1. Қырғызстаннан келетін судың бөгелуі - көршілер Киров су қоймасында судың жоқтығына шағынуда (әріптесіміз Шыңғыс Әбдірахманов кездесуден бір күн бұрын аталған су қоймасына барып су деңгейінің күрт төмендеуін растады, фотода көрсетілген). Одан бөлек, қырғыз тарабы Киров су қоймасына құйылар суды ағынның бас жағында жасырын түрде қос жерден бөгеп, трансшекаралық өзендерді пайдалану тәртібін бұзуда.

2. Диқандар жыл басында аудан басшылығы мен Қазсушар бөлімі алдағы суару маусымына судың жететіндігін айтып сендіргендерін айтып наразылық танытты. Нәтижесінде шаруалардың басым көпшілігі суды көп қажет ететін дақылдарды егіп (жуа, қызылша), су тұтынудың деңгейі күрт артқан.

3. Шаруалар шенеуніктердің тамшылы суаруға көшу ұсынысын мазаққа санайды; ол үшін су жинау резервуарларын салу керек, ал, қажетке жарайтын су болмаса, оны қалай жинамақ? 

4. Әңгіме арасында дәнді-дақылды қай жерге еккен дұрысырақ болатыны туралы шаруаларға сауатты кеңестің жоқтығын тілге тиек етті. «Жаңбырлы аймақтарда топырақтың құнарлығына байланысты су шығыны әрқашан әлдеқайда жоғары. Онда пияз немесе қызылша егуге келмейді, бірақ, қазір бұл дақылдар дәстүрлі суармалы жерлерге емес, дәл сондай алқаптарға егілуде. Жаңбырлы жерлерді суару кезінде барлық су өсімдіктерге пайдасыз тереңдікке сіңіп кетіп, көбірек суару қажет болады».

5. Ауыл тұрғындары су бөлуде жемқорлық ізінің барына сенімді: 500 және одан да көп гектар жерді алып жатқан ірі жерлердің иелері мұраптарды сатып алып, 5-10 гектарға егін еккендерге ылғал қалдырмайды.

6. Округте бұрын 12 артезиан ұңғымасы жұмыс істеп тұрған. Бірақ 90-шы жылдардан кейін олармен ешкім айналыспай, құдықтар бітеліп қалды. Бірнеше жыл бұрын биік мінберлерден артезиандарды қалпына келтіру бағдарламасы қабылданғаны айтылып, бірақ, іс құр сөз күйінде қалып қойды, ал, оны өз күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Қарапайым құдықтардың өзінде су 3-4 метрден 8-12 метрге дейін, т.б. тереңдеп кеткен. 

7. Қалыптасқан жағдай мал шаруашылығына қауіп төндіреді. Олардың есебі бойынша бір бас ірі қараны бағу үшін күніне 1,5 мың теңгенің жем-шөбі қажет. «Бүгінде сиырды баққаннан сою арзанырақ». 

8. Шаруалар премьер Ә.Смайыловтың үкімет резервінен көмек бөлу туралы шешіміне разы. Бірақ, алдағы жүйелі тәсілдерге алаңдаулы: ары қарай не істеу керек? Канал құрылысы аяқталып, ұңғымаларды қалпына келтіреді деп үміттенудің мәні бар ма? Не егу керек? Әлде бәрін тастап, қалаға көшу керек пе? Оларға кім баспана беріп, жұмыспен қамтиды? Және т.б. Мәслихаттағы әріптес депутаттардан айтылған мәселелерді қорытындылап, шешу жолдарын ұсынуды сұрадым. Өз деңгейінде Үкімет алдында бұл проблемаларды көтереміз.

Таразда «Ақ жол» демпартиясы филиалы кеңесі мен мәслихат депутаттарының отырысын өткіздік. Алдағы аудан, қала әкімдерінің сайлауына дайындық барысын талқыладық.

Қалалық мәслихаттағы депутаттарымыздың ұсынысы бойынша осыдан бір-екі жыл бұрын салынып, биыл қараусыз қалған, тұрғындар сая іздеген аптап ыстықта бір күн де ​​жұмыс істемеген субұрқақтармен танысып шықтық. 

Бірнеше қараусыз қалған субұрқаққа іргелес орналасқан үйлерден балалары жүгіріп келіп амандасып жатты. Субұрқақтарға қашан су берілетінін сұрады. 


Оларға не дейін? Бұл субұрқақтарға жүздеген миллион қаржы кетсе де, қараусыз қалып, қазірдің өзінде 80 млн тг астам қаржыға жөндеу жүргізу керектігін бе? Шенеуніктердің кезекті қисапсыз жауапсыздығы мен өз жерлестері мен халық қаржысына немқұрайлы қараудың тағы бір мысалы. 

Қаланы аралап жүріп әріптесіміз, Мәжіліс депутаты, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровпен кездейсоқ жолығып қалдық. Су тапшылығын, өнеркәсіптің дамуын, жергілікті диқандардың тағдырын талқыладық. Күш-жігерді үйлестіруге келістік. 

Кешке Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Ескерткішті облыс жұртшылығы бюджеттің қатысуынсыз, кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызған. Оған депутатымыз, «ТаразКожОбувь» компаниясының басшысы Бауыржан Найзақұлов та лайықты үлес қосты.