Суретін берсеңіз болды, көлігіңіз жарамды - 'Айқын' газеті
Техникалық тексеру қызметтерінде жемқорлық асқынып тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков мәлімдеді.
18.09.2014 20:06 Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
Депутаттың дерегіне сүйенсек, өңірлерде техникалық тексеру қосынына көлік емес, көліктің суретін апарса жетіп жатыр екен.
«Біз бүгінгі жұмыс тобында техникалық байқаудан келетін қауіп-қатерлер туралы мәселені талқыладық. Сонда бүгінгі статистика автокөліктің бұзылуынан болатын жол-көлік оқиғаларының саны өте төмен екенін көрсетті. Бүгіндері автокөлік шығарушы яки құрастырушы зауыттар көліктің сапасына 2-5 жылға кепілдік береді. Оның үстіне, көлік жүргізушілер бұзылған машинаға өздері де отырмайды ғой. Ал зауыттан шыққанына 7 жыл болған көлік жаңа болып есептелетіндіктен, оны техникалық байқаудан өткізудің қажеті жоқ деп санаймыз. Себебі техникалық тексеру жемқорлықтың қанат жаюына ықпал етіп отыр. Тіпті кейбір аймақтарда көліктің суретін ғана әкеліп техбайқаудан өтіп жатқандар бар» деді депутат.
Нұрлан Жазылбеков «Ақ жол» партиясы фракциясының Парламент қабырғасында көтеріп жүрген мәселелер Мемлекет басшысының көзқарасымен үндес шығып жататынын тілге тиек етті.
«Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы Парламент қабырғасында бизнес қауымдастықтардың мүддесін қорғап, әртүрлі мәселелерді көтереді. Биылғы сессияның ашылуында Мемлекет басшысы да Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін бизнесті жүргізу, бизнеске қолайлы жағдай жасап, инвестиция ағынын ынтыландыру мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігін еске салды. «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы да үнемі осы мәселелерді қозғап келеді» деді ол.
Депутаттың айтуынша, «Ақ жол» партиясы ұлттық компаниялардың сатып алуы, мемлекеттің қатысуымен кәсіпорын құруға мораторий жариялау, шенеуніктердің шетелдегі есепшоттарының айқындылығы бойынша техникалық тексеруді болғызбау, кәсіпкерлерді бопсалаудың алдын алу, кеден посттарында, Парламент отырыстары мен сот отырыстарында бейнебақылау орнату туралы депуттаттық сауалдар жолдағанын жеткіді. Ол жемқорлық тәуекелдері мемлекеттік сатып алуларда сақталып отырғанын айтады. Сонымен қатар, жекешелендірудің екінші толқынын бақылау үшін қоғамдық кеңес құруды ұсынды.
«Жекешелендіруге қатысты таласты мәселелер туындап жатқандықтан, «Ақ жол» партиясы жекешелендірудің екінші толқынына мониторинг жүргізу үшін қоғамдық кеңес немес парламенттік топ құруды ұсынады» деді.
Мәжіліс депутаты өзінің Сенаттағы әріптесі Светлана Жалмағамбетованың депутаттар жалақысын көтеруге қатысты депутаттық сауалына пікірін білдірді. Оның айтуынша, С.Жалмағамбетова өзі немес депутаттардың жалақысы туралы мәселе көтерген жоқ. «Светлана Жалмағамбетова Парламент қызметкерлерінің еңбекақысы туралы мәселені көтеріп еді. Себебі, бүгін Парламентте еңбек ететін біздің қызметкерлерге түсетін салмақ ауыр. Олар да өзгелерден аз еңбектеніп жатқан жоқ. Меніңше, олардың жалақысы еңбектеріне сәйкес болуы тиіс. Себебі, жас мамандардың 2-3 баласы бар. Ал олар алатын жүз мыңнан сәл ғана асатын жалақы еңбектеріне татымайды» деді депутат.
Дерекнама 'Айқын'газеті19.09.2014ж