07
Ақпан

Сізді не толғандырады? - Егемен Қазақстан

 
Азат Перуашев,
Мәжіліс депутаты
 
Тыл ардагерлеріне де құқықтық мәртебе керек
  Биылғы жылы бүкіл адамзат екінші дүниежүзілік соғыста фашизмнен құтқарған Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасалған бұл датаны атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары бүгінде белгілі.
Әрине, тікелей соғыс қимыл­дары Сталинград шайқасы кезінде бомбалауға душар болған Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек пен Сайхын теміржол стансаларын қоспағанда, біздің еліміздің аумағын айналып өтті. Бірақ, қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске адам саны бойынша қосқан үлесі 1 млн. 200 мыңнан астам адамды құ­рай­ды. Ал солардың жартысы май­­дан даласынан оралған жоқ. Боз­дақ­тарға мың тағзым. Ал көзі тірі Жеңіс жауынгерлеріне қал-қадері­мізше құрмет көрсетіп жатырмыз.
Осы орайда, тыл еңбеккер­леріне де ризашылығымыз бен құрмет көрсету аса маңызды деп санаймыз. Олар 460-тан астам зауыт пен фабрика салды, миллиондаған тонна астық өсіріп, жинап, майданға жөнелтті. Жүздеген мың тонна ет және басқа да азық-түлік өнімдерін, 2,5 млн.дана жылы киім, 1600 вагон­нан астам сәлемдемелер жіберді. Әр кеңестік танкте, ұшақ, корабль, снарядта, Қазақстан кеніш­терінде шығарылған мыс, қор­ғасын, вольфрам, молибден болды. Фашистік басқыншыларға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызының қазақстандық қорға­сын­нан жасалғанын айтсақ та жет­кілікті ғой деп ойлаймыз
Қазақстандықтар қорғаныс қорына 4 млрд.700 млн. рубльден астам ерікті жарналар салған. Бұл ақшаға көптеген танктер мен ұшақтар жасап шығарылған. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран сол кезде көптеген жерлестеріміздің өмірлік мәніне айналды. Бұған қоса, Қазақстан жарты миллионнан астам көшіп келгендерді қабылдады, оларды жергілікті отбасылар үйлеріне алып, барларымен бөлісті. Ең кереметі, тыл­дағы еңбектің барлығы сол кезең­дегі майданға кеткен ерлерді алмастырған, халық шаруашылығы еңбеккерлерінің 80%-ын құраған әйелдер, қариялар және балалар күшімен жасалды. Жасыратыны жоқ, тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлестері мемлекет тарапынан лайықты бағаланды.
Алайда, бүгінде немере мен шөбере тәрбиелеп отырғандардың ішінде тылда мектеп жасында жұмыс істеп, Жеңіске өз үлес­терін қосқандар да аз емес. Бүгін олардың ең жасы 80-ге келіп қалды. Өкінішке қарай, ардагер­лердің бұл санаты еңбегіне сай лайықты бағаланбай келеді. Бұл жерде әңгіменің оларды танып, құрметтеуге де және әлеуметтік қолдауға да қатысы бар.
Мысалы, заңнама бойынша, тыл ардагерлері Ұлы Отан соғысы­ның қатысушысына да, не қаты­сушыларға теңестірілген тұлғаларға да жатқызылмаған. Бірақ олардың еңбектегі ерлігі бұдан төмендеп қалған жоқ қой. Күні кеше, 2015 жылдың 19 қаңтарында Президент Н.Назар­баевтың Жеңістің 70 жыл­ды­ғының құрметіне арналған бірың­­ғай мерекелік медаль тура­лы Жарлыққа қол қойғаны кез­дей­соқ­тық емес, онымен майдангерлер де, сонымен қатар, соғыс кезінде халық шаруашылығында 6 айдан кем емес жұмыс істеген тыл еңбеккерлері де марапатталады.
Сонымен, Мемлекет басшысы ардагерлердің еңбектегі ерлік­терінің маңызын атап өтті. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы Үкіметтен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде майдангерлерге құрмет көрсетумен қатар, Президенттің тыл ардагерлерінің еңбегіне берген жоғары бағасына орай, оларды әлеуметтік, материал­дық және медициналық қол­дау мүмкіндігін, сондай-ақ, құқықтық мәртебесін бекітуді қарас­тыруды сұрайды.
 
Дерекнама - egemen.kz  Егемен Қазақстан 07.02.2015