18 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демпартиясының Абай облыстық филиалы
«Ақ жол» демпартиясының Абай облыстық филиалының ұйымдастырумен «Өңірдегі тапшы мамандарды сапалы даярлау. Жастардың болашағы және кадрлық саясат» тақырыбында дөнгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Абай облыстық және Семей қалалық мәслихаттары депутаттары, ЖОО өкілдері, ректорлар/проректорлар, Жұмыс беруші ЖШС, АҚ басшылары, ОАБҰ және КТБҰ өкілдері, колледж директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Өңірдегі кадрлық дефицит өзекті мәселеге айналған. Тігінші, мал дәрігері мамандары да тапшы екен. Жиынға қатысушылар мәселені шешудің жолын қарастырды.
«Облыста оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында тығыз байланыс жоқ деп айтуға болады. Мысалы, оқу орны жұмыс берушінің сұранысына сай маман даярлауды қолға алса, мәселе түбегейлі шешімін табады. Мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктерді де дәл осылай саралап отырып, қажет мамандыққа бөлу керек. Жастарды ынталандырудың жолдары көп. ішкі нарықта жетіспейтін мамандықтарға гранттар санын көбейту керек.», – дейді партияның Абай облыстық филиалының төрағасы Ержан Тлеужанов.
Жиын барысында мамандарды даярлау жұмыстарының жоспарын әзірлеу және өңірдегі тапшы мамандықтарға талдау жасап, мемлекеттік гранттарды бөлу жұмыстарын саралап отыратын жұмыс тобы құрылды.