10 сәуір 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демпартиясы кеңсесінде кәсіпкерлердің тауарды таңбалаудағы мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Отырысқа «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» фракциясының мүшелері, Сауда және интеграция министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, Қазақстан кәсіпкерлері мен сервистік қызмет қауымдастығының президенті, тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы жанындағы Жобалық кеңсенің бас директоры, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану және кәсіпкерлер республикалық қауымдастығының президенті қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын аша отырып, Азат Перуашев «Ақ жол» партиясы 2014 жылдан бері міндетті таңбалауға қарсылық танытып, вето қоюды талап еткенін, осы мәселеге қатысты бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. 2018 жылы тұтыну тауарларын таңбалауды енгізу туралы ЕАЭО келісімін ратификациялауды жалғыз «Ақ жол» фракциясы қолдамады.
- «Былтыр бұл келісім ратификацияланғандықтан Қазақстан оны орындауға міндетті. Таңбалау мәселесі жүзеге асырылу кезеңінде. Біздің партия нарыққа, экономикаға, тұтынушылар мен өндірушілерге еш пайда әкелмейтіндіктен таңбалауды енгізуге әрдайым қарсылық танытуда. Таңбалау ашықтық пен бизнесті контрафакттен қорғау мәселелерін шешпейді. Соған қарамастан, мемлекеттік органдар келісімді жүзеге асыру бойынша жұмыстарын жалғастырып, жүзеге асыруда. ЕАЭО аясындағы келісімге вето қою туралы Үкіметке 2016 жылы жолдаған ұсынысымыз қолдау таппады.
Өткен жылы аймақтарды аралап, аяқ киім өндірушілермен, сатушылармен кездесулер өткіздім. Уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінгенімізден кейін кәсіпкерлерге биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін қоймадағы аяқ киім қорларын сатуға мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды. Бұл шараның біз айтып отырған жүйелі мәселені шеше алмайтынына бүгін көзіміз жетіп отыр. Міне, 10 күннен бері бұл ереже күшіне еніп, кәсіпкерлердің барлығы дерлік өз қалауынсыз заң бұзушыға айналып, мәселе өзектілігі артуда. Осы мәселені шешу жолдарын іздеп көрейік», - деді А.Перуашев.
Сондай-ақ, жиын барысында Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева сөз сөйледі.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынды. Бүгінгі таңда жүйеде 2600-ден астам қатысушы тіркелген, яғни бұл импорттаушылар мен сатушылар, ірі сауда өкілдері және шағын аяқ киім импорттаушылары. Жүйеде 1 086 000 картатека тіркелген, демек Қазақстан Республикасының аумағына осыншама түрлі өнім әкелініп, өндіріліп жатыр. Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда 60 миллионға жуық кодтар шығарылды, жыл сайын әкелінетін аяқ киімнің көлемі 36 миллион жұпты құрайтынын ескерсек, бұл нөлдік нормадан қазірдің өзінде 1,5 есеге артық. Шығарылған тауар айналымы әлдеқайда аз – бар болғаны 2 миллионға жуық, себебі таңбаланбаған аяқ киімді сатуға рұқсат етілген. Біз сондай-ақ кәсіпорындар тыйым салуға ақысыз дайындалуы үшін қалдық тауарларды белгілеу мақсатында 30 миллион кодқа арналған стикерлердің шығарылуын қаржыландырдық. Өкінішке орай, бар болғаны 650 000 кодты бере алдық. Іс жүзінде бизнес бұл мүмкіндікті пайдаланбады.
Сондай-ақ Бикеш Құрманғалиева тарифке кіретін қосымша тегін қызметтерге тоқталды, бұл «Naqty onim» мобильді қосымшасы, NaqtySauda.Kassa онлайн кассасы, ТМҚ АЖ-дағы актілермен жұмыс істеуге арналған NaqtySauda.Akt қосымшасы. Сонымен қатар, стикерлерге дайын кодтарға тапсырыс беру, сондай-ақ өз принтерінде басып шығаруға болатын кодтарға тапсырыс беру мүмкіндігі жарияланды.
Қызу пікірталас барысында дөңгелек үстелге қатысушылар өз пікірлерін білдірді. Қазақстан кәсіпкерлері мен сервистік қызмет қауымдастығының президенті, «Ақ жол» демпартиясы Қарағанды филиалының төрағасы Ермек Әбілдин таңбалану салдарынан аяқ киімнің бір жұбы 3 мың теңгеге жуық қымбаттағаны туралы айтты.
Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті, Республикалық бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану қауымдастығының президенті Марина Бошель тауарларды таңбалауға, шағын және орта бизнес үшін тәуекелдерге қатысты бірқатар даулы тұстарды атап, ескертпелерін білдірді.
«BTS PYTHON SHOES» ЖШС директоры Камиль Бектемиров тауарларды таңбалау кезіндегі еріксіз шығындар, соның негізінде тауардың құны 2000-3000 теңгеге өсетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Еркен Наурызбектің айтуынша, статистика бойынша 60 пайызы ғана таңбалаудан сәтті өтеді, яғни 40 пайызы әлі де болса оператор кесірінен болатын техникалық ақауларға тап болуда. Сондай-ақ, ол «Ақ жол» демпартиясы төрағасынан «Қазақтелеком» кеңейтуді жоспарлап отырған тауарлар тізіміне назар аударуды сұрады.
Дөңгелек үстел соңында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев сөз сөйледі.
- «Сандар бар, бизнесті таңабалауда, проблемалар да жеткілікті. Оператор аяқ киімнің таңбалануы сияқты техникалық ақаулар мен шешуді қажет ететін мәселелер бар екенін мойындайды. Бірақ техникалық түрде түзететін бірқатар жүйелі мәселелер де бар. Ал бұл жерде оператор ақшаның қайда кететінін қалай анықтады деген сұрақтар туындауда, яғни бұл жерде мұндай құраммен шешпейтін жүйелі және саяси мәселелер. Сондықтан мәселелерді жүйелік және техникалық деп бөлуді ұсынамын. Техникалық мәселелер бойынша біз тексеру парағын жасап, осы мәселелерді шешуге дайынбыз», - деді Қуаныш Елікбаев.
- «Ақ жол» демпартиясы Цифрлық экономиканы дамыту орталығы жүргізіп жатқан техникалық жұмыстарға құрметпен қарайды. Бірақ мұның мақсаты не, бұл не үшін қажет және ол не береді деген секілді маңызды сұрақтарға біз жауап алған жоқпыз. Оның үстіне, біз таңбалау арқылы контрафактілік тауарлардың енуіне тосқауыл болмайтынымызға көз жеткіздік. Иә, сіз қандай да бір жолмен адал өндірушілерді ынталандыра аласыз, бірақ бұл жанама қолдау болады, ал шын мәнінде - адал жұмыс істейтіндерді нарықтан итеріп шығарады. Олар ашық нарықтан базарлық әдістерге көшеді. Біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне тағы да көз жеткіздім», - деді А.Перуашев.