08
Қыркүйек

Түбегейлі өзгерістер қажет - "egemen.kz"

https://egemen.kz/article/322589-tubegeyli-ozgerister-qadget

Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы қоғамдағы үлкен пікірталасқа ұласты. Расында да, кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлауларды өткізу, президенттік каденцияны қайта қарау (сайланудың мерзімі мен шегі) туралы шешімдер бүгінгі саяси дискурс аясында өте маңызды.

Алайда бұл пікірталас Жол­дау­дың өзге де маңызды мәселелерін екінші тұрғыға ысырып тастады. Ал ондай мәселелер әр бөлімде жеткілікті. Құжатқа емес, Мемлекет басшысының сыртқы сын-тегеу­рін­дерге деген көзқарастарына дұ­рыс баға беру үшін – оның кешегі сөзін (ал бұл бағдарламалық сөз, яғни сайлауалды сөз десе болады) қозғалған барлық мәселе мен оларды шешудің ұсынылған тәсілдері аясында қабылдау керек.

Сонымен қатар аталған Жол­дау­ды қазіргі болып жатқан Кон­с­ти­туциялық реформаның мәніне қоса қарастырған өте маңызды (ес­ке сала кетейін, референдумның ке­ле­сі күнінде, биылғы 6 маусымда Қасым-Жомарт Кемелұлы өз үндеуінде бұл реформалардың соңы емес, тек БАСТАУЫ екенін атап өткен болатын).

«Ақ жол» демократиялық партия­сы осы жылдың 22 шілдесінде Кон­сти­ту­ция­лық реформаны жалғастыру бо­йынша өз ұсыныстарын дайындады. Оған қоса біз ұсыныстарымыздың барлығы «қабылданбайтыны» туралы Әділет министрлігінің жауабын да алып үлгердік. Министрліктің өте маңызды қызметкерлері заңды олар емес, Парламент қабылдайтынын ұмытып кеткен секілді. Сондықтан біз­д­ің түзетулерге қатысты басты пікір­таластар әлі алда.

Оған қоса бірқатар маңызды сая­си және экономикалық мәселелер бойынша Президент ұстанымдары Үкіметтің шекесі тырысқан шен­ді­лерінен гөрі «Ақ жол» демпар­тия­сына жақын екені көрініп тұр. Яки, Мемлекет басшысының Жол­дауынан кейін біздің ұсыныс­та­рымыздың бірқатарының (2020 жылғы партияның саяси бағдар­ла­ма­сында бекітілген) шынайы жүзеге асу мүмкіндігі пайда болған секілді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің қатал шынайы өмірімізге қарай әдіптелген түрде болса да, ли­бералды көзқарастардың жақын­ды­ғы мен түсініктілігін білдіреді.

Жолдаудың толық нұсқасын қай­талап айтудың қажеті жоқ бол­ған­дықтан, әр сегмент бойынша ең жарқын (меніңше) үш эпизодқа қатысты пікірімді білдіремін: экономика, әлеуметтік сала, саясат.

1. Әрине, «Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының сөзінің эко­но­микалық бөлігін бәрінен де оң қабылдады, оның көптеген бағасы мен бастамаларына мен, жеке өзім қос қолмен қол қоюға дайынмын (ал кейбіріне 10-12 жыл бұрын қол қой­ғанмын). Өкінішке қарай, бұл – біздің «көрегендігіміздің» дәлелі емес, бұрынғы үкіметтердің нақты сектордың дабылдарын елемейтін инерциясының нәтижесі.

Өзектілігі жағынан бірінші кезекке Қ.Тоқаевтың сараланған салалық салық ставкаларын енгізу туралы тап­сырмаларын қоямын.

Жай ғана бірінші орынға шыға­рып ғана қоймай, қол соғып қоше­мет көрсетемін. Айтпақшы, менің осындай қошеметімді операторлар тү­сі­ріп алыпты, оларға ерекше респект.

Бұл мәселе түсіндіруді қажет ете ме? Сараланған салалық салық мөл­шерлемелерін ЕО елдерінің бар­лығы дерлік және ЭЫДҰ-ның көптеген елі қолданады. Олар басым секторларға инвести­ция­ны ынталандыруға және әлеу­мет­тік тауарлардың құнын тө­мен­де­туге көмектеседі. «Ақ жол» фрак­циясы 2012 жылдан бері мұн­дай мөлшерлемелерді Салық кодек­сіне енгізу туралы жыл сайын ұсыныс жасап келді, бірақ Үкі­мет оны үнемі қабылдамады. Ақы­ры бизнестің мұң-мұқтажын шенеу­нік­тер емес, Президент естіді. Босқа өткен он­жылдыққа және осы уақыт ішінде шенділердің сал­ғырттығынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банкротқа ұшырағанына өкініш білдіру ғана қалып тұр.

Айтпақшы, салықты саралау басым секторларды қолдауға ғана емес, сонымен қатар бюджетті толықтыруға мүмкіндік береді. Мысалы, мемлекет есебінен жеткілікті жоғары табысы, несиелер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелері бар, ҚҚС-тан босатылған банктер үшін КТС-ті елеулі түрде арттыру.

Енді ең бастысы – шенеуніктердің бұл тапсырмаларға саботаж жасап, бұрмалауына жол бермеу. Біз барлығын қадағалап отырамыз.

Екінші орында Президенттің Ұлттық банкке, Қаржылық реттеу агент­тігіне және Үкіметке қой­ған талабы – «нақты секторды тұ­рақ­ты және қолжетімді несиелеу­мен қамтамасыз етудің нақты ше­шім­де­рін табу».

Бұл – тіпті проблема емес, биз­нес­тің бас ауруы. Оның үстіне оған көбіне реттеушілердің бір­жақты, немқұрайды ұстанымы себеп. Ұлт­тық банк өзінің жалғыз функция­сы ноталар шығару және жоғары база­лық мөлшерлеме ықпалымен «артық өтімділікті алып тастау» ар­­қылы «инфляцияны ұстау» еке­ніне сенімді. Осындай саясаттың салдарынан отандық өндіріске са­лынған инвестиция тиімсіз, ішкі нарық импорт пен валюта бағамына тәуелді болып, инфляцияға кері әсерін тигізіп жатқанына Ұлттық банк мән бермейді. Оның пікірінше, бұл – Үкіметтің жауапкершілігі. Осылайша, тұйық шеңбер пайда болады: тауар өндіретін ешкім жоқ, тауар тапшылығы инфляцияны тудырады, инфляция Ұлттық банкті базалық мөлшерлемені көтеруге итермелейді, жоғары мөлшерлеме несиелер бо­йынша жоғары пайызды тудырады, оған қарыз алушылар төтеп бере алмайды, сөйтіп, тауар өндіретін ешкім қалмайды.

Ұлттық банк пен ҚНРДА «несие­лендірудің өскені туралы» мақ­та­нышпен хабарлайды, бірақ қа­зір­дің өзінде жалпы көлемнің 60%-ы тұ­тынушылық несиелерге жі­бе­ріл­генін жасырады. Ал егер на­рық­­­тағы ақша массасы тауар өн­­ді­рісінің көлемінен асып кетсе (оның мұндай үлесі анық, аз қаржы­лан­дырылады), онда бұл инфля­ция­­ның нақты ілгерілеуі болып та­былады. Ұлттық банктің мұндай қа­рапайым нәрселерге «миы жетпей ме»?

Бұл арада, Президент айтқандай, шешімдер бар: импортты емес, өн­дірісті несиелеу (немесе импортты қым­батырақ несиелеу, бұл – Ұлт­тық банктің рөлі); ірі өндіруші ком­панияларға қарағанда ШОБ-қа көбірек несие беру (тәуекелді әр­тараптандыру) және т.б.

Парламенттегі «Ақ жол» демок­ра­тиялық партиясы фракция­сының соңғы жылдары осындай пікір­та­ла­сты жүргізіп келе жат­қа­нына қа­­­рағанда, инфляция мен екінші деңгейлі банктердің әл-ауқаты үшін ғана емес, сонымен қатар экономика мен отандық өндірісті дамыту (несие­леу) үшін нарықты реттеушілерге заң­намалық жауапкершілікті жүк­тейтін (Ұлттық банк және ҚНРДА) кез келген сияқты.

Экономикалық блокта үшінші орынға, жалғыз операторларды тізгіндеу және «бюджеттік бас­қарудан» «нәтижелерді бас­қаруға» өту туралы нұсқау беру бағыт­тары арасынан мен соңғысын таңдадым.

Жалпы, «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясы бюджетті нәти­желерге байланыстыру бюд­жет­ті тікелей келісу арқылы – Үкі­мет­тің бекітілген іс-қимыл бағ­дар­­­ламасымен қамтамасыз етілуі керек деп есептейді. Мұндай бағ­дар­ламада қаржылық емес, әлеу­мет­тік-экономикалық мақсаттар мен міндеттер бекітілуі керек. Естеріңізге сала кетейін, 2007 жылға дейін жаңадан тағайындалған Үкі­меттің іс-қимыл бағдарламасын Пар­ламентте ұсынып, бекіту міндеті «Үкімет туралы» заңның 7-бабында көзделген болатын, бірақ кейін Мә­жі­лісті таратқан кезде үнсіз жоға­лып кеткен.

Осы норманы қалпына келтіру арқылы ғана «Ықпалды Парламент» және «Есеп беретін Үкімет» қағи­да­тын іс жүзінде жүзеге асы­руға болады. Сонда Үкімет қаржылық есептілікке ғана емес, өз жұмысының саяси нәтижелеріне де жауапты болады. Және оның жұмысын бюд­жеттің игерілу/игерілмеу кри­терий­лері бо­йынша емес, нақты тап­сыр­малардың орындалуына қарай бағалауға болады.

1.Әлеуметтік блокта Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларға арналған арнайы жинақ шоттарға аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бірінші орында тұрғаны сөзсіз.

Экономикалық тұрғыдан ал­ғанда, бұл бастама даусыз емес, өйткені ол ұлттық эконо­ми­каға инвес­ти­ция­лауға және бүкіл қоғам­ның әл-ауқатын артты­ру­ға жұмыс істеуге бо­латын орасан зор қаражатты бөлу­ді білдіреді. Алайда мұндай шешім қабылдағанда Мемлекет басшысы Конституцияның жаңа редакциясындағы «жер мен жер қой­науы – халықтікі» дегенді тіке­лей басшылыққа алды. Екін­шіден, Ұлттық қор жұмыс істеген барлық жыл бойы оның жинақтарының жартысын тиімсіз инвестиция менед­ж­мен­ті (әсіресе Норвегияның Мұнай қорымен салыстырғанда) мен тәбеті қатты шенеуніктер жеп тауысты десек те болады. Бұл қара­жат көбінесе тиімсіз жұмсалып қана қоймай, кәдімгідей талан-таражға түскен. Мұндай жағдайда шенеуніктердің ке­неттен «ақылы кіріп кетуін» күту қиын. Иә, қордан негізсіз қаражат алуды тоқтату керек. (Бұл туралы Жолдауда да нұсқау бар), Ұлттық қордың кірістілігін арттыру үшін жұ­мыс істеу керек. «Ақ жол» фрак­циясының депутаттары соңғы он жыл бойы Қордың тағдыры туралы дабыл қағып келе жатқанын ескерсек, бұл уақыт пен орасан зор күш-жігерді қажет етеді. Ал бүгінде ата-аналарды отыз жыл бойы құрғақ уәдеге сендіріп келгеннен гөрі қазақ балаларына өздеріне тиесілі несібені берген әлдеқайда әділ болмақ.

Сондықтан Президент тек заң арқылы ғана емес, ары арқылы да әрекет етті.

Екінші орынға әйелдердің зейнет жасын 63-тен 61-ге дейін төмендетуді қоямын. Бұл тақырып кенші болсын, мұғалім болсын, базардағы саудагер болсын, сайлау­шылармен кез келген кездесуде алдымызға қойылады. Есте­ріңізге сала кетейін, 2015 жылы (қате­лес­пе­сем) өзім қатты құрмет­тейтін Григорий Марченко зейнет жасын көтеру туралы ұсыныс жасағанда, Мәжіліс отырысында онымен бейтарап пікір алысқан болатынбыз (кейін газеттерде жарияланды). Содан ке­йін біздің фракция бұл мәселені әрбір нақты жағдайда әйелдердің өз еркіне қалдыруды ұсынды: егер адамның жалақысы мен жұмыс жағ­дайы жақсы болса, кедергі кел­тірер жарақаты болмаса және одан әрі жұмыс істеуге ниеті болса, тіпті 100-ге дейін де жұмыс істей берсін. Бірақ егер оның жалақысы аз, ден­сау­лығында кінәраты бар немесе жай қажыған адам болса, оған ертерек еңбек демалысына шығуға мүм­кіндік беру керек. Бірақ үшінші нұсқа да бар: 58 жаста әйелдің мүлдем жұмысы жоқ болса ше? Өз мемлекеті өзінен онсыз да мардымсыз зейнетақысын алып қойса, ол 63-ке дейін қалай өмір сүруі керек? Бұл жағдайда мем­лекеттік органдар оны қолайлы жұмыспен қамтамасыз етуге дайын ба? Содан кейін біз әйелдердің зейнет жасына қатысты ұстанымымызды ауыл шаруашылығын, тоқыма және тамақ өнеркәсібін қолдаумен бай­ланыстырдық, мұнда жұмыспен қамтылғандардың айтарлықтай үлесі әйелдер болып табылады. Нәти­же­сінде, «Ақ жол» фракция­сы реформаны қолдамай, одан ке­йінгі жылдары – референдум кезін­дегі жиналыс­тар мен жуырда болған өңірлердегі митингілерге дейін – әйелдердің зейнет жасын қысқартуды белсенді түрде қолдады.

Иә, Президенттің шешімі жағ­дай­ды толығымен «шешіп» тастамаса да, бұған мемлекеттің мүмкіндіктері мен жинақталған нәтиже сияқты себептері бар екені анық. Қалай десек те, бұл – бюджетке қосымша салмақ түсіретін, бірақ қоғам сұра­ны­сын қанағаттандыратын ымыра.

Қ.Тоқаевтың үшінші (менің ойымша) әлеуметтік бастамасын таң­даған кезде сақтандыру медицинасы, тәрбиешілерді аттес­таттау (балабақша емес), жатақ­хана, «әлеуметтік әмиян» және ең төменгі жалақыны көтеру мәселе­ле­рі арасында біраз кідірдім. Осы тақырыптардың қай-қайсысы да бүгінгі таңда өте өзекті.

Әсер ету ауқымын ескере отырып, ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін көтерілуін атап өту керек. Бұл 1,8 миллион азаматқа, ал жанама түрде, жалпы алғанда, бар­лық жұмысшыға тікелей әсер етеді. Өйткені бұл сома ЖТС-тен шығарылады. Бірақ өкінішке қарай, өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, жарты жылдың ішінде бұл өсімді инфляция мен тарифтердің өсуі жеп қояды деп күту керек (оның болмай қоймайтыны Президент сөзінде де айтылды).

Сондықтан мен үшінші орынға нақты сақтандыру медицинасын дамыту жөніндегі тапсырманы қоямын, оның жоқтығын Қ.Тоқаев айтып өткен болатын.

Бізде «сақтандыру медицинасы» ретінде ұсынылған нәрсе шын мәнінде ондай емес. Сақтандыру медицинасы клиент­тің жеке шотының болуын және осы сомаға өз еркімен иелік ету құқы­ғының болуын білдіреді – па­циенттің жеке таңдауы бойынша дәрігер мен емхананы іріктеуінен бастап.

Екіншіден, медициналық сақтан­дыру өз денсаулығына деген жеке жауапкершілікті білдіреді: спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден бас тарту, үнемі қаралу. Бұл жеке көрсеткіштер әрбір жағдайда сақ­тандыру құнына әсер етеді.

Бізде мұның ешқайсысы жоқ және «сақтандыру» сомалары жеке сипатта емес, жеке төлемдерге, өмір салтына және тұтынушы жауап­кер­шілігіне қарамастан, жүйе­нің барлық қатысушыларына «шақталған». Экономикалық тұрғыда бұл – сақ­тандыру емес, кәдімгі салық. Бірақ содан кейін оларды кәдеге жарату тиісті процедуралардан өтуі керек. Ал шын мәнінде сақтандыру медицинасы жаңа, нағыз нарықтық тәсілдерге мұқтаж.

III. Енді саясат туралы.

Әрине, бұл жердегі «маусымның хиті» – кезектен тыс сайлау. Әсіресе президенттік. Бірақ бұл мүлдем күтпеген шешім деп айта алмаймын. «Ешқашан мұндай болған емес, міне, тағы да қайталанды», деп М.Зощенко жазғандай, бұл «аяқ асты» сайлаудың ішкі саяси дәстүріне байланысты. Бірақ бұл, ең алдымен, конституциялық референдумнан кейінгі мұндай қадамның қисынына байланысты. Негізгі Заңды «қайта қосудан» кейін функционалы қамтылған саяси институттардың да жаңаруы қажет болатыны сөзсіз. Тіпті 27 тамызда өткен «Ақ жол» ҚДП филиалдары басшыларының кеңесінде мұндай мүмкіндік 30 пайыздан жоғары ықтималдықпен талқыланғанын айта аламын. Айт­пақшы, біздің кандидатурамызды ұсынуға да­йын екендігіміз туралы алғашқы мә­лім­демелер де сонда айтылды, бірақ біз бұл мәселенің мән-жайы анықталып, уәкілетті орындарда – партияның ұлттық кеңесінің пленумы мен оның съезінде талқы­лан­ғанша кейінге қалдырдық.

Дегенмен Жолдаудың саяси мәні жағынан мен бірінші орынға Президент сайлауын (оның өкілет­тіктерін ешкім даулаған жоқ) емес, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиға­сына қатысушыларға жа­рия­лаған рақымшылықты қояр едім.

Құқық қорғау органдары тер­геу­дің аяқталғанын хабарлады, бірер күн бұрын сол күндері қай­тыс болғандардың толық тізімі жа­рия­ланған болатын. Қаза болған жазықсыз азаматтардың, оның ішін­де періште күйінде кеткен сәби­лер мен балалардың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Олардың туған-туыстарына өз атымнан және жалпы ақжолдықтар атынан ауыр қайғыларына қабырғам қайыса көңіл айтамын.

Қоғам соттың басталуын тағат­сыздана күтуде. Сот ашық әрі әділ өтіп, халыққа қарсы шабуылдар мен жантүршігерлік қылмыстардың шынайы ұйымдастырушылары мен орындаушылары белгілі болады деп сенеміз.

Бірақ бәрібір қаңтарда көшеге шық­қандардың дені лаңкестер емес, қарапайым қазақ жастары еке­нін айта кеткен жөн. «Ақ жол» демо­кра­тиялық партиясының депутаттары Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы түр­ме­лерде болып, қамаудағы нара­зы­лыққа қатысушылармен кездесті. Бұл жігіттердің өмірден де, шенеу­ніктерден де үміт үзген соң, әділдік пен жақсылықтан үміттену үшін көшеге шыққанын жеке әңгімелерде жиі байқадық. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша қаңтардың өзінде Парламентке бірқатар де­путаттық сауал, нақты істер бо­йын­ша құқық қорғау органдарына жас­тар­дың тағдырын бұзбауды, әрбір мысалды зерделеуді талап етіп, жүз­ге жуық хат жолдадық. Оның үсті­не, сол кездің өзінде Президент Қ.Тоқаев Бас прокурорға ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда адам­гершілік танытып, қамауға алын­ғандардың жауапкершілігін же­ңіл­детуді тапсырған болатын.

Рақымшылық туралы шешім қоғамдық келісімді нығайту, жас­тар­ға мемлекеттің оларға және олар­­дың болашағына сенім арта­тынын көрсету үшін жасалған. Бұл қадамның өте ауқымды, жаңа пре­зиденттік мерзімнен әлдеқайда ұза­ғырақ және дұрыс салдары болатынына сенімдімін. Сондықтан бұл қадамды Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның биылғы Жолдаудағы ең ма­ңызды саяси шешімі деп білемін.

Ал маңыздылығы жағынан келесі кезекке, кем дегенде бүгінгі күні, мен мерзімінен бұрын өтетін сайлауды және президенттік мер­зім­дер мен реттілікті қайта қарау­ды қояр едім.

Кейбір сарапшылар сайлаудың мерзімін ауыстыру арқылы Мемлекет басшысы қаңтар трагедиясының артында тұрған «ескі Қазақстанның» кек қайтаруына тосқауыл қойды, сондай-ақ жоспарланған сайлау қарсаңында қазіргі элитаның бө­лі­ну қаупін жойды деп есептейді. Мұндай пайымдар Президенттің жасын меңзейтіні де анық.

Мұндай тұжырымдардың өз негізі бар. Десе де, «реваншистер» үшін сайлау уақыты аса маңызды емес сияқты. Полиция мен ҰҚК департаменттерінен ұрланған 2 мыңға жуық атыс қаруының, соның ішінде пулемет пен гранатометтің әлі күнге дейін қайтарылмағаны кездейсоқ емес. Ал егер қастандық жасаушылардың жаңа стихиялық шерулер тудырып, жұртшылықтың қолдауына ие болу мүмкіндігі болса, олар қандай себеппен болса да – дизель бағасынан бастап, отбасылық трагедияға дейінгі жағдайды пайдаланады. Сайлау да қолайлы, бірақ ықтимал нұсқалардың бірі ретінде ғана. Сондықтан кек алу қаупі жойылған жоқ, оны мер­зі­мінен бұрын сайлау өткізу арқылы жою мүмкін емес. Оны қоғамның экстремизм мен билікті күшпен құлатуға төзімсіздігі, өз мемлекетіне құрметпен қарау және Президентті ел болып қолдау арқылы ғана жеңуге болады. Жолдауда айтылғандай, Мемлекет басшысы осындай қолдау тауып, Үкіметті шын мәнінде ха­лық­тың қамына бұру үшін барлығын жасап жатқанын көріп отырмыз.


Бөлінуге келетін болсақ, бұл теориялық тұрғыдан басшының жасына емес, әлсіздігіне байланыс­ты болуы мүмкін. Кейде мұндай жайттар (жасы мен әлсіздігі) сәйкес келеді, бірақ олардың Қ.Тоқаевқа қатысы жоқ. Айтпақшы, көптеген алдыңғы қатарлы демократиялық елге қарасақ, мысалы, Батыс де­мо­кратиясының тірегі АҚШ-та соңғы кезде 80-нен асқан кандидаттар президенттікке үміткер бо­лу­да. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлы сая­си және мемлекет қайраткері ре­тіндегі әлеуетінің шыңында және биыл да мұны талай мәрте растап жүр – тым болмағанда Конституциялық референдум туралы қабылданған шешімдеріне, Үкіметтің экономи­калық сәтсіздіктеріне жасаған талдауына, не Петербург форумындағы сөзіне зер салайық. Ол алға қойған (және жүзеге асырған) көптеген шешімге «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясының өзіндік қа­лып­тас­қан көзқарасы бар, бірақ біз Пре­зи­дент­пен көбінесе бір ба­ғыт­та келе жатқанымызды мойындауымыз керек – кешегі Жолдау да соны көр­сетті.

Сондықтан өз басым Президент каденциясын өзгерту бастамасы конъюнктураны пайымдаумен бай­ланысты деп ойлаймын. Бұл жаңашылдық, бір жағынан, Мем­лекет басшысына өз жос­парларын және жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін шынымен жеткілікті (7 жыл жетеді емес пе?) мерзім бері­ле­тін жаңа тәжірибені туды­­­рады. Екін­ші жағынан, мемлекетті басып алуға қарсы «вакциналау» ретінде биліктің ауысуына кепілдік жасалады. Белгілі отандық тәжірибені ескерсек, идеяның азаматтық батыл­дығын, тіпті сонылығын бағаламау мүм­кін емес. Кем дегенде, бұл қы­зық­ты болады.

Сонымен қатар бұл бастамалар Конституцияға референдум ар­қылы емес, парламенттік жолмен жаңа түзетулер енгізуді талап етеді. Демек, басқа да жаңашылдықтар жоққа шығарылмайды.

Жалпы, байқаушылардың бұған дейінгі берген бағасына қарамастан, бұл Жолдаудың саяси блогы ең мазмұнды және жаңашыл болып шықты. Тіпті маңыздылығы бойынша үшінші орынға бірден 1-2 емес, төрт бастама сұранып тұр. Солай-ақ болсын.

Осылайша, шешімдер қабыл­дау құ­зыреті мен олар үшін жауап­кер­шілікті толығымен са­лалық министрліктердің құ­зырына беру туралы шешімді сөзсіз дұрыс деп санаймын. Үкімет тек салааралық мәселелермен және үйлестірумен айналысуы керек.

Бұл тапсырманың өзектілігін бағаламау мүмкін емес. Расында, Үкімет бүгінде дұрыс ой айтатын, бірақ өз бетінше әрекет ете алмайтын «алқалы жауапсыз органға» айналды.

Министрлерге ерік беріп, олар­дың жауапкершілігін арттыру керек. Бұл олардың бастама көтеріп, практикалық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік береді. Бәлкім, бет-жүзі жоқ, ебедейсіз үкіметке қа­рағанда, мұндай ұжымдық үкімет үшін әр ведомствоның белгілі бір автономиясын білдіретін «Минис­тр­лер кабинеті» атауы дұрысырақ болар.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының активтерін басқару туралы Үкіметтің Ұлттық есебі тү­рін­де болса да, квазимемлекеттік секторға парламенттік бақылауды енгізу туралы Президенттің тапсырмасын принципті мәселе деп санаймын. Естеріңізге сала кетейін, «Ақ жол» фракциясы бірнеше жыл­дан бері М.Саакашвилидің «Эко­но­микалық еркіндік актісін» үлгі ете отырып, барлық мемлекеттік кә­сіпорынның қызметін, оның ішін­де олардың мазмұнын, жала­қы­сы мен сыйақысын, сондай-ақ бар­лық таза пайдасының мемлекет кірі­сі­не түсуін кеңейтілген бюджетке ен­гі­зу­ді ұсынып келеді.

Квазимемлекеттік сектор мемлекеттен қаржыландырылып, ІЖӨ-нің 60%-ын құрайды, бірақ соны­мен бірге оның пайдасы қоғам мен Парламенттен жасырын түрде жұмсалады. Яғни мемле­кет­тің әлеу­меттік және басқа да шығыс­та­­рын анықтаған кезде Пар­ламент мем­ле­кеттің нақты қаржылық ағын­дарының жартысына жуығын ғана көреді. Мәселен, Президенттің 2020 жылы ұлттық компаниялардың та­бы­сының 100 пайызын бюджетке аудару туралы тапсырма бергеніне қарамастан, іс жүзінде мемлекетке тек 16 пайызы ғана түскен.

Қалған сомаларды холдингтер мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері басқарып, өз­де­ріне жылына 100 миллиондап бонус жазып алып отырады. Жа­қында «Бәйтерек» холдингінің басқармасына қатысты да жағдай белгілі болды. Үкімет пен Ұлттық банктің инфляциямен күресудегі сәтсіздіктері, мектеп формасына қатысты масқара жағдай және т.б. – мұндай «оба кезіндегі тойды» қоғамға деген менмендік деп санаймын.

Келесі кезеңде «Самұрық-Қазы­на» қоры ғана емес, «Бәйтерек» холдингі, барлық ӘКК, қорлар мен компаниялар секілді барлық квазимемлекеттік құрылымдардың бюд­жеттерін қоса отырып, кеңей­тілген республикалық бюджетке көшу қажет деп есептейміз. Қоғам мен Парламентте мемлекеттің қар­жылық мүмкіндіктері туралы толық түсінік болуы және оларды осы құрылымдарға «жақын» адамдардың тар шеңбері емес, бүкіл елдің мүддесі үшін басқару керек.

Мемлекет басшысының «Еліміз­дегі саяси жаңғыру аясында пар­ла­мен­таризмді дамыту басты орын­ға ие» деген мәлімдемесінің ма­ңызы өте зор.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Парламентте жұмыс істеген жылдар ішінде Мәжілістің функ­ционалын кеңейтуге, биліктің өкі­лет­ті және атқарушы тармақтары ара­сындағы тежемелік пен тепе-теңдіктің нақты, жұмыс істейтін меха­низмін құруға қатысты ұсыныс­тар­­ды енгізіп келеді, олар Саяси бағ­дар­ламамыздың маңызды бөлігін құ­райды.

Атап айтқанда, біздің ұсыныс­тарымыз:

– Парламент сайлауында жеңіске жеткен партияның Үкіметтің дербес құрамын жасақтау және оны Президенттің бекітуіне ұсыну құқығын қамтамасыз ету;

– Парламенттік азшылық (парла­менттік оппозиция) партияларына алған дауыстарына сәйкес өз өкіл­де­рін Үкімет құрамына қосу­ға мүмкіндік беру;

– Депутаттардың бюджет шы­ғыс­тарына қатысты ұсыныс­та­рына Үкі­меттің міндетті түрде келісімін беруі сияқты депутаттық баста­ма­ларға деген мемлекеттік цензура мен Парламент өкілеттігін дискриминациялаудан алшақтау. Оның орнына бірқатар демократиялық елдің тәжірибесіне сүйене отырып, біз Парламент ұсынған сай­лау­шылардың қоғамдық ма­ңызы бар ұсыныстарын қаржы­ландыруға арналған бюджет шы­ғыс­тарының нақты үлесін (мысалы, 1%) анықтауды ұсынып отырмыз;

– Парламентке биліктің жоғары эшелонындағы сыбайлас жем­қор­лық фактілері, адамдардың қаза болуы немесе оның қаупіне; аза­маттық құқықтарды бұзу және конституциялық құрылымға қауіп төн­діру және фактілерге қатысты парламенттік тергеу ре­тінде атқарушы органдар мен олар­дың лауазымды тұлғаларының қызметіне бақылаудың неғұрлым тиімді нысанын беру;

«Ақ жол» демпартиясы Кон­ти­туциялық реформаны жалғас­ты­руды және жаңа саяси жүйені құруды көз­дей­тін түзетулердің толық пакетін (барлығы 62 түзету), жоғарыда ай­тыл­ғандай, Әділет министрлігінің теріс позициясына қарамастан, Мәжі­ліс­тің жұмыс тобына жолдады.

Президенттің кейінгі Жол­дауынан соң біздің бастамаларымыз нақты жүзеге асу мүмкіндігіне ие болады деп үміттенемін. Қ.Тоқаев­тың сөзінен үзінді келті­рейін: «Болашақта тек көпшілік дауысқа ие болған саяси күштердің өкілдері ғана емес, басқа да парламенттік пар­тиялар Үкімет құрамына кіре алады.

Бұл атқарушы билікке бүкіл қоғам­ның қажеттіліктерін қанағат­тандыратын неғұрлым сал­мақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді».

«Ақ жол» фракциясы 2012 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» өзі әзірлеген заңның аясында осындай ұсыныс жасаған болатын. Ол заң сегіз жылдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен ғана қабылданған болатын. Бірақ соған қарамастан, заң жобасы 2020 жылы қайта енгізілгенде Үкімет бұл ережені өткізбей қойды.

Ал шілдедегі хатқа Әділет ми­нистр­лігінен «қабылданбады» деген жауап алсақ, енді Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін әзір­леу­ші ​​не деп жауап берер екен? Елдегі көңіл күйге қарап, азаматтық қоғам Президентті қолдап қана қой­май, бюрократияның қарсы­лы­ғына қарамастан, реформаларды одан әрі тереңдетуді талап етеді. Қ.Тоқаев бастаған өзгерістер қайта­рым­сыз сипатқа ие болып бара жат­қан сияқты.

Оның үстіне мемлекет алдында басқа да проблемалардың өзектілігі барған сайын арта түсуде. Мысалы, жемқорлар шығарған капиталдарды қайтару, ірі шетелдік инвесторлармен жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарттардың талаптарын ашып көрсету, ең бастысы, еліміздің мемлекеттілігі мен аумақ­тық тұтастығын нығайту.

Президент айтқандай, басқа жол жоқ.

Осы орайда біздің Саяси бағдар­ла­мамыз да еріксіз ойға оралады: түбегейлі өзгерістер қажет.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты