31.10.2018.
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында болашағы жоқ ауылдарды ірілеу, инфрақұрылымы бар елді мекендерге көшіру туралы айтылған болатын. Іле-шала ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің солтүстік аймағындағы бірқатар ауылдар жойылып, ондағы тұрғындардың болашағы бар елді мекендерге көшірілетіні туралы хабарлады. Бұл айылдар экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылып отыр. Ал стратегиялық маңызы қандай болмақ? Шекаралық аймақ жалаңаштанып қалмай ма? Жалпы, бір қарағанда ауылға ақша құйылып ақ жатқан сияқты. Мәселен, ауылды бетке алып әртүрлі мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы республикалық бюджеттен кетіп жатқан ақшаны алайықшы. «Дипломмен ауылға», «Өңірлерді дамыту», «шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту», «ауыз су» және тағы басқа да бағдарламалар жетерлік. Олай болса ауылдардың «болашағы жоқ, депресивті» күйге түсуіне не себеп?
АСТАНА ҚАЛАСЫ 31 Қазан , 11:12
Мәжілістің мінберінде көтерілген тағы бір өзекті мәселе. Қыркүйек айында арасы 4-5 күнде ұлттық теңгеміздің құны құлдырап, шетел валюталарының бағасы аспандап кетті. Не себеп? Жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов «дәл осы күндері біздің нарықтағы 520 млн долларды біздің ұлттық компаниялар сатып алып, шетел валютасының тапшы болуына себепші болды. Ал сол квазимемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы 23 млрд доллардан асып кетті» деген мәлімдеме жасады. Өз еліміздің әл-ауқатын жақсартып, экономиканың ілгерілеуіне қызмет етуі тиіс ұлттық компаниялардың бұлай істеуіне не себеп? Шын мәнінде квазимемлекеттік сектор халықтың, елдің экономикасының мойнына «қамыт» боп отырған жоқ па?
Көкейде жүрген осы сауалдарды арқалап, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мырзаға барған едік. Депутат ауылдың бүк түсіп жатуына да, ұлттық компаниялардың әлгіндей «қылығына» да жауап бере отырып, мәселелердің жаңа бір қырын ашып берді.
- Азат Тұрлыбекұлы, жуырда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі солтүстік аймақтарды аралап қайтып, СҚО 40-қа жуық ауылдың жойылатынын, олардың басқа жақтарға көшірілетінін айтты. Бұл енді экономикалық тиімсіз болғандықтан сондай да болған шығар. Бұл шекара шебіндегі аймақтардың халқын одан сайын сиретіп жібермей ме? Оның үстіне, соңғы жылдары дәл сол солтүстік аймақтағы халықты көбейту үшін арнайы жүзеге асырылып жатқан «Серпін» бағдарламасы бар. Енді әлгіндей сайсат жүргізсек... Осы бағдарламалар бір біріне қарама қайшы келіп жатқан жоқ па? Шекаралық шебіміз жалаңаштанып қалмай ма? Жалпы, стратегиялық тұрғыдан қалай болады, осы әрекетіміз?
- Елбасымыз осы жақында ғана Жолдауында «болашағы жоқ шағын ауылдарды зорлап ұстамай, егер ол жерде жұмыс жоқ болса, инфрақұрылым жоқ болса, ол жақтағы адамдарды болашағы бар, инфрақұрылымы бар, дамыған ауылдарға көшіруіміз керек» деді. Және «сол ауылдарды инфрақұрылыммен, жұмыспен жан жақты қамтуымыз керек» деп тапсырма берген болатын. Бұндай ауылдар солтүстікте ғана емес, оңтүстікте де бар, Алматы облысында да, Жамбыл облысында да бар. Біздің «Ақ жол» партиясының фракциясы, бұл мәселені көтерген болатын. Тіпті, Үкіметке де соған арналған депутаттық сауал жібердік. Ең алдымен бұл шекара бойындағы ауылдарға тиісті. Себебі, ол жақтағы шекарамызды халықсыз қалдырсақ, ертең ол жер біреулердің көзқұртына айналады. Ол бұдан бетер проблемаларға соқтыруы мүмкін. Бірақ, урбанизация деген үрдіс бар, ол дүниежүзілік үрдіс. Адамзат тарихында ешбір мемлекет урбанизацияны жеңген емес. Керісінше, мысалы АҚШ-та ауылда тұратындардың үлесі 2% ақ, 98% қалада тұрып жатыр. Ал сол 2% ауылда тұратын халық, ауыл шаруашылығы өнімдерімен Американы ғана емес, басқа да елдерді қамтып отыр. Бұл дегеніңіз агротехникалардың мықтылығы, жалпы ауыл шаруашылығының мықтылығы. Ал бізде әлі күнге дейін ауылда тұратындардың үлес салмағы 44-45%. Американы жарайды ең озық мемлекет дейік, ал мына өзімізге жақынырақ шығыс Еуропада 10-12%халық ауылда тұрады. Яғни, бізде қазір 44-45% ауылда тұрып жатыр десек, шамамен 30-35%-ы әлі де болса жуық арада қалаға көшуі керек. Былтыр біздің фракция және мен өзім қалаларда жатақханалар салу туралы бастама көтердім. Оны көпшілік, әсіресе БАҚ түсінбеді. Кейбіреулер әлі күнге ауылдан қалаға ағылып келіп жатқан қарапайым жастармен санасқысы келмейді. Ал бірақ олардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Біздің есептеуімізше және ресми деректер бойынша қарасақ, жыл сайын ауылдардан қалаға 300 мың адам көшіп келіп жатыр, ал олардың негізгі құрамы жастар. Ал біздің тіпті, басқасын былай қойғанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп болса, жыл сайын 100 мың пәтер салынады. Қалған 200 мың адам қайда барады? Қалай олар семья құрады, қалай олар бала табады? 40-50 жастан кейін ғана ма? Олай болса біз көп балалы семья дегенді ұмытуымыз керек. Болашақа үміттеніп, қалаға келіп оқиын, жұмыс істейін деп отырған жастардан да күдер үзуіміз керек. Әрине, ауыл десең жүрек ауырады. Ауыл деген біздің темір қазығымыз ғой. Ауыл деген біздің алтын бесігіміз. Бірақ, экономиканың талабы осы. Бұл әлемдік үрдіс, одан құтыла алмайтынымыз анық.
- Яғни, біз қазір сол алтын бесігімізден тамырымызды үзейік деп отырмыз ба? Біздің құндылығымыз, болмысымыз, ұлтымыздың болмысы...бәрі осы ауылмен байланысты еді ғой...
- Жоқ керісінші. Біз қазір, болашағы бар ауылдардың жағдайын жақсартуымыз керек. Өтірік елеске емес, шын жұмысы бар, инфрақұрылымы бар, болашағы бар ауылдарды күшейтуіміз керек. Бұндай болшақ үшін аянып қалмай бюджетті де салуымыз керек. Менің ойымша, болашақта Еуропадағы сияқты, қаладағы мен ауылдағының жағдайы бірдей болуы керек.
- Осы мәселенің туындауының өзі - ауылдағы жағдайдың мәз емес екенін көрсетіп тұр. Солай ғой? Мейлі солтүстік, мейлі оңтүситік, шығыс, батыс мейлі қай жаққа қарасаңыз да осындай депресивті ауылдар аз емес. Осы ауылдар неге дамымай қалды? Бізде «өңірлік даму-2015-2020» деп аталатын арнайы бағдарлама бар. Бізде «дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар, бізде өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарлама бар. Бір емес бірнеше бағдарламаның шеңберінде ауылға ақша құйылып жатқан сияқты бір қарағанда. Қайда бұл ақша? Неге ауыл күні бүгінге дейін осындай депресивті жағдайда отыр?
- Бұл мәселенің кемінде 3-4 бағытқа бөліп қарастыру керек. Біріншіден, бұл объективтік себептері. Қазақстанның жері кең, ал халқының саны соған сәкес емес. Оның өзінің түрлі тарихи себептері бар. Кейінгі кезде шенеуніктер жаппай қаржыландыру, несиелендіру туралы айтып жатыр. Бұл микронесиелер арқылы біз өзін өзі жұмыспен қамтығандарды көтере аламыз деп үмітпен қарап отыр. Бұл меніңше қате. Себебі, бұл несиелендіру Бангладеште пайда болған. Бангладештегі бір банкир жұмыссыз отырған адамдарға шағын несиелер беріп, олар бір біріне тауар сатып, әлгі ақшаны айналымға түсірді. Сөйтіп, кешегі жұмыссыз отырған, кедей халық көтеріліп кетті. Дәл сол әңгімені біз қазір енгізейік деп отырмыз. Бірақ, бір нәрсені ескеру керек, Бангладеш тұрғындары 1 шаршы шақырымға 1142 адамнан айналады, ал бізде 5 адам, ары кетсе 6 адам. Яғни, бізде логистика қиын. Мысалы сіз бір өнім шығардыңыз. Енді оны базарға апару үшін кемінде 10 мың теңге кетеді. Ал тауарыңызды сатқаннан кейін, сол 10 мың теңгеңізді таба аласыз ба, таба алмайсыз ба? Бізде логистикалық шығындар тапқан табысты түгел жеп қояды. Екінші жағынан бұл – жемқорлық. Жемқорлық деген сұмдық проблема. Бұл біздің ауруымыз деп айтуға болады. Жемқорлықты жоюымыз керек. Бұл деген бөлек проблема. Оны шешпей біз ешқандай дамуға келе алмаймыз.
- Өзіңіз білесіз қыркүйек айында ұлттық теңгеміздің құны күрт құлдырап кетті. Шетелдің валютасы тапшы болып, біздің теңге құнсызданып, шетелдің валютасы қымбаттап, жұрт бір әбігерге түсіп қалды. Өзіңіздің әріптесіңіз Аманжан Жамалов былай деді, «бұл ұлттық компаниялар 520 млн доллар валютаны сатып алды да, біздің рыног валюта тапшылығына ұрынды. Оның себебі, квазимемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы 23 млрд долларға жетті деді. Елдің жағдайын, әл-ауқатын жақсартуы тиіс деп құрылған квазимемлекеттік сетор елді, мемлекетті қарызға батырып отырса, оның қажеті қанша?
- Ол рас. Ұлттық компанияларымыз, осы қаржы рыногындағы ең ірі ойыншылар деп айтуға болады. Бірақ, дәл осы жердегі кілтипан тек оларда ғана емес. Заманауи экономика қарызсыз, несиесіз дами алмайды. Сондықтан, кез-келген компания мейлі ол квазимемлекеттік болсын, жеке меншік болсын несие алуға мәжбүр болып отыр. Әйтпесе, олар қалай техника немесе құрал-жабдық алады? Әрине, несиелер керек. Бірақ бұндағы мәселе былай. Біз қайта қайта сол ұлттық компаниялар туралы мәселе көтеріп отырмыз. Оларға тіпті, бюджеттен ақша бөліп отырмыз, Үкіметтің ұсынысы бойынша. Яғни, мемлекеттің ақшасы бар. Олар осы елдің бюджетінен несие алсын, кейін қайтарғанда да ақша осы елдің ішінде қалсын деп отырмыз. Бұл ұлттық компаниялар сол ақшаны игермей, бюджетке қайтарып береді да, оның орнына шетелден қарызға ақша алады. Кейін, сол қарызды өтегенде, біздің ішкі рыногтағы ақшамызды соларға апарып құяды. Міне, мәселе қайда?! Бұл ақшаны біздің Ұлттық банк «бұл мемлекеттік қарыз емес» деп отыр. Солай десе де, қарыздың аты қарыз. Шынын айтсақ, кез келген еліміздің азаматы, ол қариялардан бастап, сәбиге дейін сол қарызды өз қалтасынан жабуға мәжбүр болады, болашақта. Бұл үлкен проблема.
- Өйткені, жаңағы қарызға мемлекет кепілдік беріп отыр...
- Иә, иә, себебі, осы компаниялардың иесі мемлекет, үкіметіміз. Меніңше, осы ұлттық компанияларға шек қоюымыз керек. Егер өзіміздің мына зейнетақы қорынан, ұлттық қордан сол квазисекторға жеткілікті ақша берілсе болды. Сол берілген ақшаны игеріп, кейін мемлекетке қайтармай ма? Ал шетелден қарыз алмау керек. Қазір олардың өздері де шетелден алған қарызды жабуға мәжбүр. Сондықтан олар өзіміздің ішкі рыногымыздан доллар немесе евро сатып алып, қарызды жабуға жіберіп отыр. Екінші мәселе, біздің ішкі рыног импортқа тәуелді. Қаншама жылдар бойы Үкіметіміз «экспорт керек, экспортқа ыңғайланған өндіріс керек» деп айтып отыр. Ал өзіміздің ішкі рыногымыз толығымен импортқа тәуелді. Сол себептен біздің ұлттық компаниялар өзінің жұмысын жүргізу үшін әлгі қарыздарды алып отыр. Яғни, олар импорттық тауарды алғанда теңгемен емес, валютамен алады. Елбасы осы Жолдауында айтты ғой, біз ең алдымен ішкі рыногымызды толтыруымыз керек деп. Бұл жерде айтпасқа болмайтын тағы бір өзекті мәселе бар. Отандық өндірушілерімізді қолдау деген мәселе. Өкінішке қарай, 2013 жылдан бастап отандық өндіруші, қазақстандық тауар, қазақстандық өнім деген ұғымдарды мемлекеттік сатып алу туралы заңнан алып тасталған. Үкіметтің айтуынша, бұл ұғымдар Еуразиялық Одақтың талабына сәйкес келмейді. Біз мемлекеттік сатып алудан алып тастадық, бірақ, Ресейдің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңында «Ресейде шығарылған тауарға басымдық беріледі» деп ашық жазылған. Одан кейін, былтырдан бастап күшіне енген Ресей үкіметінің Қаулысы бар. Ол Қаулының аты «О товарах российского происхождения» деп аталады. Соған сәйкес, қазір ресейдің мемлекеттік органдарынан бөлек, бірақ, мемлекеттің қатысуы бар мекемелері, бұл ұлттық компаниялар болсын, бұл МКМ сияқты мекемелер болсын, яғни, олардың квазимемлекеттік секторы тек қана ресейде шыққан тауарларды алып отыр. Егер біз мемлекеттік сатып алу заңынан мемлекеттік тауар, мемлекеттік өндіруші деген ұғымды алып тастасақ, олай болса біз квазимемлекеттік органдардың ішінде сатып алуды бекітетін заңды қабылдауымыз керек. Сол заңда көршіміз сияқты өзіміздің отандық өндірушілерді қорғауымыз керек. Өкінішке қарай, әзірге бұл талабымыздан ештеңе шыққан жоқ. Әріптесім Аманжан Макаримұлы мәселенің бір шетін ғана айтты. Ал біз қазір мысалы ұлттық компанияларға валюта сатып алуға тиым салсақ, банктерге шектеу қойсақ, тағы біреулерге шек қойсақ, бірақ, біздің өзіміздің ішкі рыногымыз тек қана импортталған тауарға қарап отырса, біз бәрібір шетелдің валютасының аузына қарап отырамыз. Кез келген валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ететіндер, сол елдегі өнім өндірушілер. Тіпті, мұнайдың бағасы өсіп келеді, ал теңге бәрібір оған қарамастан құлап бара жатыр. Басты себеп, өз өніміміз жоқ. Егер біз өзіміздің теңгемізді, ұлттық валютамызды күшейтейік десек, оны зорлықпен, заңмен шеше алмаймыз. Тек қана өзіміздің рыногымызды Қазақстанда шығатын отандық тауарлармен толтырсақ қана валютаға тұрақтылық бере аламыз.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Д.Жиенқұлов