15
Қараша

ТҮРКІСТАНДА «МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

15 қараша 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы

Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Медиация – татулықтың тірегі» атты облыстық форум ұйымдастырылды. Шара Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өтті.

Форумның негізгі мақсаты – қоғамда бейбітшілік пен өзара келісім мәдениетін нығайту, дауларды сотқа жеткізбей, түсіністік пен мәміле арқылы шешудің тиімді тетігі ретінде медиация институтын кеңінен насихаттау.

Жиынды Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл жүргізді. Шараға «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, медиатор, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың PhD докторанты Айгүл Елібаева, кәсіби медиатор Людмила Бондаренко, «Отбасы қолдау орталығының» директоры Мария Сартайқызы, сондай-ақ «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалының менеджері Аяжан Мұратжанқызы қатысып, медиация саласының өзектілігі мен қоғамдағы рөлі туралы пікірлерін ортаға салды.

Форум барысында Болат Серікұлы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталды.

«Бұл форумның мәні зор. Президентіміз ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы әділдік пен өзара түсіністікті қалыптастырудың маңызды бағыты. Бүгінгі басқосу – тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдерді талқылайтын тиімді алаң. Мұнда айтылған әр ұсыныс татулық пен келісімнің нығаюына сеп болады деп сенемін. Біздің басты мақсатымыз – заң үстемдігі мен тәртіпті қоғамды өмір салтына айналдыру. Әр азамат заңды құрметтеп, әр дауға әділ қарауы – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі», – деді Болат Жанәбіл.

Форум медиация институтын дамытуға бағытталған ұсыныстармен, пайдалы пікір алмасумен жалғасты.