Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің 5 маусым күні жарияланған «Бірлік пен
даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері»
(https://egemen.kz/article/365758-birlik-pen-damu-memleket-basshysy-qasym-zhomart-toqaevtynh-sayasi-baghdarynynh-b) атты мақаласы символикалық мәнге ие. Бұл күні президент Қ.Тоқаевтың
конституциялық реформасына екі жыл толды (Конституцияға өзгеріс бойынша
референдум). Бұл дата еш аталып өтпесе де, қоғамда сол реформаны қайта түсіну
үрдісі жүріп, орындалған не орындалмаған үміттердің белгілі бір қорытындысы
шығарылып, өзгерістің тікелей нәтижесі саналатын пікірталас белең алып жатыр.
Азаматтардың жоғарыдан шешімді күтпей-ақ, өз еркінше петиция ұйымдастырып,
өзекті тақырыптарды қозғап, оларды мемлекеттік органдардың қарауына жолдау мүмкіндігі
туды.
Мемлекеттік кеңесшінің мақаласы Қ.Тоқаевтың реформаларын, конституциялық
қана емес, кең ауқымда - концептуалды, құнды өзгерістің нәтижесін түйіндейді.
Жүргізіп жатқан идеологиялардың, олардың негізділігі мен жүзеге асу деңгейінің
сараптамасы саясаттанушылар мен құқықтанушылар үшін алдағы мен өткенге ой
тастауға жақсы бастама. Және тек ситуативті түрде ғана емес, экзистенциалды
бағытта да. Біз кімбіз, мақсатымыз бен бағытымыз қандай - бұл сұрақ баршамыздың
көкейімізде бар.
Ерлан Қарин қойған акценттер позитивті болғанымен, шынайылықты әрі сыни
көзқарасты іздеуге жетелейді: барлығы дұрыс жасалып жатыр ма (түк
тындырмайтындар ғана қателеспейді), оқиғалар өрісіне ілесе алып жүрміз бе,
басымдықтан ауытқымадық па және т.б.
Мақала өткен сәрсенбіде, Мәжілістің пленарлық отырысында Үкіметтің 2023
жылғы Есебі қызу талқыланып жатқанда жарық көрді. «Ақ жол» демпартиясы өз
мәлімдемесінде атқарушы органдардың атқарған жұмысын қатаң сынға алып,
фракциямыз Үкіметтің былтырғы жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалап, Есепті
қабылдауға қарсы дауыс берді. Үкімет Есебінің келесі талқылануы осы аптада,
палаталардың бірлескен отырысында өтеді.
Сандар мен экономикалық үрдістердің сараптамасына терең бойлағанның өзінде,
Ерлан Тынымбайұлының мақаласының маңызын атап өтпеуге болмайды. Себебі ол тек
идеология жөнінде ғана емес, сонымен қатар, мемлекет пен оның саяси
тәжірибесінің "максима" туралы. Таңдалған бағытты ұстана отырып,
өзгерістердің тынысын сезіне білудің, қоғамның кері байланысына дөп кезінде
назар аударып, қажетінше бұл қозғалыстың қарқыны мен құралдарын реттеудің
қаншалықты маңызды екендігі туралы.
Көпсөзділіктен ада болу үшін, мемлекеттік кеңесшінің цитатасын келтіре
кетейін:
"2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат
депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң
үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте
бағдарлама мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә
бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа
жол берді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық
топтар билікке енуге де әрекет жасады".
Сол сайлау кампаниясының тікелей қатысушысы ретінде бұл сөздерді толық
растай аламын. Және тек жекелеген кандидаттардың "тәсілі" тұрғысынан
ғана емес, қоғамдық мүдде мен қалыптасқан халықаралық тәжірибенің өкілдігі
тұрғысынан да.
Мәселен, Еуропа Кеңесінің демократия
үшін Еуропалық комиссиясы (Венециялық комиссия) "Демократиялық
парламенттегі оппозицияның рөлі туралы" баяндамасының 29 б. (https://akzhol.kz/wp-content/uploads/2022/02/default.pdf),
былай деген: «Еуропада негізгі саналатын
пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде, оппозицияның
мажоритарлық жүйеге қарағанда, парламенттегі орыны әлдеқайда жоғары...
Пропорционалды өкілдік ауқымы мен ықпалы үлкен саяси партиялар қатарының
артуына септігін тигізеді».
Яғни, пропорционалды жүйенің артықшылығы мынада:
а)сайланбалы органдарда қоғам мүддесінің кеңірек («әлдеқайда жақсы»)
өкілдігі;
б) күшті партиялар санының өсуіне ықпал етеді,
в) саяси тәжірибедегі жалпыеуропалық трендтерге сәйкес келеді.
2022 жылдың ақпанында сұхбат барысында мажоритарлы (бір мандатты округтер
бойынша сайлау) және пропорционалды (партиялық тізім бойынша) жүйелерді
салыстыру кезінде, демократияның кепілі ретіндегі мажоритарлық жүйеге үміт арту
сәл артықтау екенін атап өтуіме тура келді ("Саясат - командалық спорт
түрі", 02.09.2022) https://time.kz/articles/ugol/2022/02/09/azat-peruashev-politika-komandnyj-vid-sporta)
2007 жылға дейін Қазақстанда сайлау дәл бір мандатты округтер бойынша өтті,
соған қарамастан бұл жүйе билікке қажетті нәтижені қамтамасыз етіп отырды. Одан
кейін де авторитарлық биліктің мажоритарлық жүйемен манипуляциялар жасауға
түрлі тетігі жетіп артылатын. Мәселен, 2016
жылғы мәслихаттар сайлауында (олар да бір мандатты округтер бойынша өткен)
салық декларациясындағы сәйкессіздікті сылтауратып, «Ақ жол» партиясының жүзге
жуық (!) мүшесін сайлауға жібермей тастады, т.б.
Әрине, жекелген тұлғалар саясат сахнасына жол таба алды, бірақ олар
ауа-райын өзгертпейтін, барлығын билік партиясының қолындағы көпшілік шешетін.
Бұл дәстүрді 2023 жылғы сайлау да өзгерте алмады. Егер "Аманат"
пропорционалды жүйе бойынша 54% жинаса (69 орынның 40-ы), мажоритарлы бойынша -
бірден 76% орын (29-дың 22-і) жинады. Яғни,
бір мандатты округтер бойынша билік партиясы партиялық тізімге қарағанда 22
процентке артық жинады. Сонда бұл жүйелердің қайсысының бәсекелестігі
жоғары?
Бұл біздің тәжірибеміз ғана емес. 2021 жылы пропорционалды жүйе бойынша Ресей Мемлекеттік Думасына өткен сайлауда «Единая Россия» 49% дауыс алды, ал бір мандатты округтерде сайлаушылардың 90% мандаттарына ие болды. Бұл мажоритарлық жүйенің билеуші партияның мүддесі үшін пайдаланатындығының бір дәлелі.
Мажоритарлық жүйе бойынша жеңіске жету үшін 50% астам дауыс жинау
керек. Ал, көпшілікпен келіспейтіндер барлық мүмкіндіктен қағылады. Бірақ
демократия – көпшіліктің билігі ғана емес, бұл көпшілікпен келіспейтіндердің де
құқығы. "Тірі балық ағысқа қарсы жүзеді" деп бекер айтылмаған.
Бір мандатты округте тіпті 49% дауыс жинаған кандидаттың өзі жеңіледі.
Ал, партиялық тізім бойынша тым болмағанда 5% қолдауға ие болған
саясаткерлер депутаттыққа өте алады. Осылайша, пропорционалды жүйе партиялық көпшілікпен "келіспейтін"
тұлғалар секілді қоғамдық мүдденің кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді.
Мажоритарлық жүйеде қабілетті кандидаттардың өтуі сияқты артықшылық бар.
Бірақ көпшілік дауысқа ие болу
қажеттілігі кандидаттарды популизм ("кім көп уәде береді") бойынша
сайысқа түсуге, ал қоғамды пікірталасты радикалдандыру мен ушықтыруға
итермелейді, Ерлан Қарин де осыған назар аударып отыр. Белгілі архаикалық
(трайбализм, діншілдік және тб.), үрдіс аясында бұл ерекшелік уақыт өте келе қоғамдық келісімге де, мемлекеттің зайырлы
болмысына да қатер төндіруі мүмкін.
Ал егер тәуелсіз депутаттар өзін-өзі көрсетуге PR-дан гөрі шынайы нәтижеге
де бет түзеген болса, онда олар (бейресми болса да) бәрібір бірігуге мәжбүр
болады - себебі практикалық шешім үшін ұжымдық күш-жігер керек. Саяси партиялар
институты деген осы.
Жалпы, демократияның ең жақсы қорғанышы әлдебір дауыс беру жүйесі емес, әділ сайлаудың өзі болуы керек. Сайлау
әділ өтсе, оны қандай жүйемен өткіземіз деген мәселе екінші кезекте қалады. «Ақ
жол» Демпартиясы бұл уақытқа дейін осыны талмай айтып келеді. (мысалы:
Өзгерістер қажет және олар орын алмай қоймайды, 14.08.2019 ж. https://time.kz/articles/reporter/2019/08/14/azat-peruashev-peremeny-nuzhny-i-dazhe-neizbezhny).
Иә, бүгінде Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталды.
Қайталап айтамын, оның жақсы жағы да бар. Біз бір мандатты округтер бойынша
сайланған әріптестерімізге үлкен құрметпен қараймыз. «Бір мандаттылар» біздің
фракцияның ұстанымымен ынтымақтаса дауыс беретін жағдай да болып жатады. Бірақ
олардың қандай жол мен қара пиар ағынынан өткенін ойласақ – бұл деген ең жақсы
жол емес екенін түсінеміз. Оның үстіне бұндай пікірді шабуылдар мен
кедергілерді жеңе алмаған үміткерлер қолдайтыны анық. Олардың қақтығыстары
кейбір жағдайларда жергілікті қоғамда
ауыр із қалдырды.
Мемлекеттік кеңесшінің бұл қайшылықты бағдарламалық мақаласында баяндауы
көп нәрсені аңғартады. Бұл Ақорданың түрлі белгілерді адекватты түрде
қабылдайтынын, осыған ұқсас проблемаларды көретінін және сондықтан да
реформаларды жалғастыруға қажетті шешімді таба алатынын білдіреді.
Е.Қарин мақаласында қозғаған және үлкен резонанс тудырған тағы бір тақырып
– қоғамдық талқылаулардағы «қызыл
сызықтар». Ол былай деп жазады: «Қоғамдық талқылауларда шегінен асса
әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін және елдің ұлттық мүдделеріне қайшы
келетін «қызыл сызық» – redline белгіленуі керек».
Өте адекватты және мемлекетшіл ұстаным. Оның үстіне, мемлекеттік кеңесші
эмоцияға берілу қоғамды бөлшектейтін нақты үш аса сезімтал саланы айқындап
беріп отыр:
– ұлтаралық қатынастар және тіл мәселесі;
– діни қарым-қатынастар;
– сыртқы саясат мәселелері.
Өз тәжірибеме сүйене отырып, бұл тақырыптар әр адамның өзін-өзі тануымен
байланысты болғандықтан, адамдар ерекше өткір және ымырасыз қабылдайтынын
растай аламын. Кез келген ақыл-есі сау адам өзінің тыныс-тіршілігімен тікелей
байланысты нәрсені қорғауға дайын: этникалық белгісі, тіл, дін, ел. "Егер
тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ" деп жырлап еді
Расул Ғамзатов, бұл сөздерді барлығы қолдайтыны анық.
Сондықтан, мұндай даулар бірден ымырасыз сипатқа ие болады және тіпті
бейтаныс адамдарды айтпағанда, достарды да бітіспес жауға айналдыруы мүмкін. Ал
егер, төзуге болмайтын пікірлер аудиториясы шексіз әрі бір-біріне қатысы жоқ
әлеуметтік желілерде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болса, онда
олардың санаулы сағат ішінде миллиондаған көрерменді жанжалға қатыстыруға
мүмкіндігі бар.
Десек те, кейбіреулер Ерлан Тынымбайұлының бұл ұстанымын сөз бостандығына
шабуыл, өткір тақырыптарды көтермеуге шақыру, тіпті елдің «аузын жабу» деп
қабылдады.
Мемлекеттік органдар мен жемқор шенеуніктерді үнемі әрі қатаң сынайтын адам
ретінде Е.Қарин ұсынған «қызыл сызық» қағидатын азаматтардың мемлекетті
басқарудағы кемшіліктерге қатысты өз ұстанымын білдіруіне немесе өмірлік мәселелеріне
кедергі келтіреді деп ойламаймын. Алайда, өз азаматтарымыз бен көршiлерiмiздiң
ұлттық, дiни, патриоттық сезiмдерiне құрмет көрсету – өркениеттiлiктiң, саяси
және азаматтық мәдениеттiң белгiсi. Егер бұл «әдептілік ережесінен» жалпы
ережеге айналса, бұдан ешқандай жаманшылық көріп тұрғаным жоқ.
Негізінде, Мемлекеттік кеңесші мемлекет деңгейінде бұрыннан қабылданып,
қалыптасқан этикалық нормаларды қоғамдық талқылауларға да пайдалануды ұсынады.
Бүгінде әлеуметтік желілердің миллиондаған адамдардың көңіл-күйіне, тіпті
мемлекетаралық қарым-қатынасқа тигізетін әсерін ескерсек, мұндай бастама -
технологиялық прогресс, ақпараттың таралу жылдамдығы мен оның ауқымдылығына сай
қажет етіп отырған уақыт талабы. Оның үстіне, әңгіме мәжбүрлеуде емес, осы
салалардағы ақылға қонымды сақтық туралы болуда.
«Қызыл сызық» дегеніміз —табу, цензура немесе белгілі бір тақырыптар мен
мәселелерді талқылауға тыйым салу емес. Бұл саяси пікірталастарда дұрыстық пен
ұстамдылыққа шақыру», - деп атап өтті мемлекеттік кеңесші. Жоғарыда айтылған үш
тақырыпты қоса алғанда қандай да бір мәселені талқылау үшін, ешқайсымызға
ешкімнің «рұқсаты» қажет емес. Бұл біздің төл құқығымыз.
Бірақ, қоғамда немесе сіздің аудиторияңыздың арасында басқа ұлттың, басқа
діннің, тіпті басқа елдің адамдары бар екенін де ескеру қажет. Әсіресе, егер
біз басқалар да өз халқымызға, тілімізге құрметпен қарап жүрсін деп күтсек.
Үлкен теннисте «мәжбүрлі емес қателік» деген түсінік бар. Бұны спортшы
қарапайым, ешқандай қауып-қатерлік күтпейтін жағдайда қателікке бой алдырған
кезде айтады.
Ерлан Қариннің «Қызыл сызықтары» – бұл сезімдердің осы аумағында (этникалық,
діни және т.б.) өкпелемей қоя салатын жағдайлардың жоқ екендігі туралы белгі,
ал, абайсызда айтылған әрбір сөздің бүкіл қоғам үшін маңызы бар. Бұл аумақты сақтай
білейік, «мәжбүрлі емес қателіктерге» жол бермеуміз керек.
Түптеп келгенде, адамзатқа сөйлесе білу кімнің құқығы артық екендігін анықтау үшін емес, дұрыс қарым қатынас құрып, әріптестік орнатып, өмірді жақсарту мақсатында берілген. Өзгелердің көңіліне қаяу түсірмей де экономиканы көтеріп, мемлекетті нығайтып, тілімізді қолдауға болады. Реніштер мен керістер бұл жолға тек кедергі келтіруі мүмкін.
Азат ПЕРУАШЕВ