31
Қазан

Зейнетақы қорындағы миллиардтарды кім тонайды? - Казакстан-Zaman (Алматы)

Депутат Азат Перуашев Парламент Мәжілісінде Премьер-министр К.Қ.Мәсімовке және Ұлттық банктің төрағасы Қ.Н.Келімбетовке БЖЗҚ туралы өткір фактілер келтіріп, депутаттық сауал жолдады. Егер муның бәрі расталса, масқараның көкесі сонда болмақ. Енді бізге жетпегені халықтың зейнетақыға деп жинаған ақшасын тонау еді. 'Еуразиялық банк' жеке капиталы — 61 млрд. теңге, ал БЖЗҚ — 78 млрд. теңге, 'Каспий банк' жеке капиталы — 98 млрд. теңге, 'Альянс', 'Темір банк альянсы' жеке капиталы — минус 34 млрд. теңге болса да, БЖЗҚ 39 млрд. теңге берген. Онымен қоймай, 'СберБанкке' де 150 млрд. теңге беріпті.
Халықтың  жылдар бойы жинаған зейнетақы қорындағы қаржысы екінші деңгейлі банктерді асырай бастады. Бұл — Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің жанайқайы. Оның айтуынша, қорға қол салған банктердің жеке капиталы мемлекет бөлген қаржыдан бірнеше есе аз. Мұндай тәуекелге барған Ұлттық банк тарапы тиісті нормалар мен арнайы шарттарды да қарастырмаған екен.
'Ақ жол' фракциясы депутаттарының ашуын туғызған бұл жайт қарапайым тұрғындарға да ой салуға тиіс.Бейнетімнің зейнетін көремін деп халықтың жиған қаржысы коммерциялық банктерге құйылып, артынша өздеріне бірнеше пайыздық несие ретінде берілуі жақсылық нышаны емес көрінеді. Депутат Перуашевтің айтуынша, әлемдік қаржы жүйесіндегі тұрақсыздық еліміздегі екінші деңгейлі банктерге де эсер етпей қоймайды түбінде. Сәйкесінше, зейнетақы қорынан бөлінген миллиардтар күйіп кетуі де ғажап емес екен.
Ал Ұлттық банктің ресми жауабына сүйенген депутат: «Зейнетақы қорындағы актив 4,3 триллион теңгені құрапты. Екінші деңгейлі банктерге 9,03 % орташа үстемемен 10 жылдық мерзімге беріледі екен. Инвестициялық кіріс көлемі 6,5%-дық көрсеткіш болады екен. Ұлттық банк 'қаржыны екінші деңгейлі банктердің қауқарлысына ғана береміз' деп ақталады. Ал айлық табысының 10 пайызын зейнетақы қорына құйып жүрген көпшілік банктерге сенімсіздікпен қарайды», —деп, турасына көшті.
Өз сауалында депутат банк жүйесіндегі «көзге шыққан сүйелдей» көрсеткіштерге былайша түйілді:
— Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі ашық дерек көздері бойынша нақты мысалдар аңдатпада сайрап тұр. Ақыл-ой биігінен қарасақ, мұндай салымдарды қарапайым халық есебінен банктің атына салынған таза қайырымдылық деп атауға болады, — деді ол.
Шыға берісте журналистердің қойған сұрағына депутат Азат Перуашев былай деп жауап берді:
— Егер аяқ асты бір жағдай болып кетсе, бірыңғай қордың ақша салған банктері сол ақшаны қайтармауы да мүмкін. Бұл біздің қатардағы азаматтарымыз үшін өте қауіпті жағдай деп санаймыз. Сондықтан екінші деңгейлі банктерге қаржы бөлуде билік тарапынан арнайы шарттар мен шектеулер, талаптар мен міндеттемелер қажет.
 
Дерекнама - Казакстан-Zaman (Алматы), № 43 (1016), 30.10.2014