Жарна төлемегеннің жағдайы қиындамақ /Сәулебек Біржан/ - Егемен Казакстан (Астана)
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі» заң жобасының тұсаукесері өткізілді. Таныстырылымға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева қатысты.
Құжат бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндап берді.
Заң жобасы «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы нақты 100 қадамы» институттық реформалар жоспарын, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды – масылдық идеологиясынан бас тартуды көздейтін, жеке және қоғамдық денсаулық үшін мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігінің тетігін енгізуге және денсаулық сақтау саласында қазіргі заманғы нарықтық тетіктерді енгізуге бағытталған.
Міндетті төлемдерді шоғырландыру және медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті базасында коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдық құқық нысанындағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады. Қордың құрылтайшысы мен жалғыз акционері ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі әрекет етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде республиканың барлық азаматтары мен оралмандарға республикалық бюджет қаражатын, жұмыс берушілердің аударымдарын, азаматтардың жарналарын қорға жыл сайын енгізу есебінен қаржыландырылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылатын болады.
Жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне аударымдар мөлшері: 2017 жылы ай сайынғы еңбекақы төлеу қорының 2%-ын, 2018 жылы 3%-ын, 2019 жылы 4%-ын және 2020 жылдан бастап 5%-ын құрайды.
Жұмыскерлердің жарна мөлшері: 2019 жылы олардың жалақысының 1%-ын, 2020 жылдан бастап 2%-ын құрайды. Бұл қаражатты жұмыс беруші өз қызметкерлерінің қаражаты есебінен төлейтін болады.
Өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтардың жарна мөлшері: 2017 жылы ең төменгі жалақының (бұдан әрі – ЕТЖ) 2%-ын, 2018 жылы ЕТЖ-ның 3%-ын, 2019 жылы ЕТЖ-ның 5%-ын және 2020 жылдан бастап олардың ай сайынғы табысының 7%-ын құрайды. Қызметі формальді, өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар жарналарды алатын табысының мөлшерін негізге ала отырып, көрсетілген мөлшерлемелер бойынша төлейтін болады.
Аударымдар мен жарналар төленетін жұмыскердің жалақысы мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтың табысының ең төмен (1 АЕК) және ең жоғары (15 АЕК) шегі белгіленеді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен оралмандардың белгілі бір санаты, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қорға жарналар төлеуден босатылады, оларға медициналық көмек мемлекеттің қаражаты есебінен ұсынылатын болады.
Аударымдар және немесе жарналар төлемеген жағдайда, барлық азаматтар мен оралмандар ТМККБК медициналық ұйымды таңдау құқығынсыз қалуы мүмкін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше сатыда жүргізілетін болады, әрбір сатыда жұмыс беруші мен азаматтардың салымдарын арттыруды қамтиды. Бұдан басқа, әрбір жаңа саты сайын халыққа ұсынылатын медициналық көмек көлемі кеңейтіліп отырады.
Заң жобасы қабылданған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар болжанбайды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуына байланысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры активтеріне тиіспеушілік тетігін енгізу мақсатында оларға тыйым салуға немесе өзге де ауыртпалықтарға жол бермеу жолымен Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізу ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар республикалық бюджет қаражатын қорға салу тетігін бекітетін болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру міндетті болып табылатынына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды төлемегені (аудармағаны), уақтылы және (немесе) толық төлемегені (аудармағаны) үшін және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың салық заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамағаны, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды төлеуге төлем құжаттарын қабылдауды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздеу қарастырылмақ.
Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданысынан шығаруға, өндіріп алулар мен банкроттықтан қор активтерінің иммунитетіне кепілдік беруге, қор қызметінің мамандандырылған түрлерін мемлекеттік монополияға жатқызуға, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның қолданысынан қордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қызметтерін сатып алуын алып тастауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ, басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасына қатысты Мәжіліс депутаттары Г.Ықсанова, А.Перуашев, Н.Сабильянов, О.Киколенко, Н.Жазылбеков министрге сұрақтар қойды.
Жұмыс тобының жетекшісі болып депутат Ирина Аронова бекітілді.
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 171 (28649), 09.09.2015