02
Шілде

Жетісу облысында өңірлік конференция өтті

2026 жылғы 2 шілдеде «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Жетісу облыстық филиалының конференциясы өтті. Конференцияға «Ақ жол» ҚДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Молдақұлұлы Егінбаев төрағалық етті. Конференция жұмысына партия атынан сайланған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының делегаттары, сондай-ақ жастар қанатының өкілдері қатысты.

Конференцияның негізгі күн тәртібіндегі мәселе – 2026 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өтетін «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының XXIII съезіне Жетісу облыстық филиалынан делегаттар сайлау болды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша партияның Орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес делегаттарды сайлау рәсімі өткізілді. Конференция барысында ұсынылған кандидатуралар қаралып, ашық дауыс беру нәтижесінде партияның XXIII съезіне Жетісу облыстық филиалынан 7 делегат бірауыздан сайланды.

Сонымен қатар, конференция барысында партияның алдағы кезеңдегі қызметінің басым бағыттары, өңірлердегі партиялық жұмысты жетілдіру, мәслихаттардағы депутаттық қызметтің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған міндеттер талқыланды.

Конференция қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерге сәйкес, Жетісу облысынан сайланған делегаттар партияның XXIII съезіне қатысып, партияның бағдарламалық мақсаттары мен бастамаларын қолдауға, өңірдің өзекті мәселелері мен ұсыныстарын республикалық деңгейде таныстыруға атсалысатын болады.