Журналистер күніне орай Астана қаласында «Ақ жол» партиясы белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске түсіруге арналған дәстүрлі бильярд турнирін өткізді.
Шараға «Ақ жол» демпартиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, партия Ұлттық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы қатысты. Тартысты додада БАҚ өкілдері, белгілі журналистер шеберліктерін ортаға салды.
Турнирде ақпарат, мәдениет, әдебиет саласының майталмандарынан құралған сегіз команда бақ сынады.
Жарысқа қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай төрелік етті. Ойын барысында аңыз комментатордың әріптестері Аманкелді Сейтхан туралы естеліктер айтты.
Тартысты ойын нәтижесінде «Ұлттық арна» командасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Екінші орын «Нұрсая» командасына бұйырды. Ал, бас жүлдені «Айқын» командасы қанжығасына байлап, жарыстың жеңімпазы атанды.










