ҚР Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігінің төрайымы
М. Е. Әбілқасымоваға
«Ақ жол» демократиялық партиясына жалған брокерлердің, жалған инвестициялық
платформалардың, қаржы пирамидаларының, заңсыз өсімқорлардың қызметі және
криптовалюта құралдары арқылы капиталды заңсыз шығару мәселелері бойынша
азаматтар мен нарықтың кәсіби қатысушыларынан өтініштердің келіп түсуі
жалғасуда.
Бүгінде қазақстандықтарға «пассивті табыс» деген желеумен бағалы
қағаздарға, криптовалюталарға және өзге де «жоғары табысты активтерге»
инвестиция салудың күмәнді схемалары жаппай таңылуда. Азаматтарды мұндай
әрекеттерге тартудың негізгі арналарына әлеуметтік желілер, мессенджерлер және
«инвестициялық өнімдер» деп аталатын жарнамаларды агрессивті түрде тарататын
жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары айналып отыр.
Мұндай схемаларды ұйымдастырушылардың мемлекеттік органдардың,
квазимемлекеттік компаниялардың және танымал отандық брендтердің рәміздерін еш
кедергісіз пайдаланып жүргені ерекше алаңдаушылық туғызады. Соңғы уақытта
«Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ірі құрылымдардың атынан берілетін
«инвестициялық» жарнамалар қалыпты құбылысқа айналды, алайда алаяқтардың бұл
ұйымдарға ешқандай қатысы жоқ.
Сонымен қатар ақпараттық кеңістікте лицензиясы да, заңды қызмет белгілері
де жоқ псевдоброкерлер ұзақ уақыт бойы жарнамаланып келді және әлі де
жарнамаланып жатыр: «NTX PRIME», «ADE Group», «AVALON CAP MARK», «TOTAL Group»
және тағы басқалары бар.
Азаматтардың қаражатын сыртқа шығарудың құралы ретінде USDT
стейблкоиндерін, криптомиксерлер мен лицензияланбаған криптобиржаларды
пайдалану ерекше алаңдаушылық туғызады. Блокчейн-аналитика деректеріне сәйкес,
жекелеген транзиттік криптоәмияндар арқылы миллиондаған айналымдар өтіп жатыр,
ал транзакциялардың бір бөлігі қылмыстық инфрақұрылым белгілері бар шетелдік
алаңдарға бағытталуда.
Іс жүзінде бұл — салықтық әкімшілендіру мен қаржылық бақылаудан тыс ұлттық
экономикадан өтімді қаражаттың ауқымды әрі бақылаусыз шығарылуы. Экономиканың
нақты секторына инвестиция салудың орнына миллиардтаған теңге көлеңкелі
халықаралық криптоайналымға кетіп жатыр.
2026 жылғы 28 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың
жаңа тәсілдері қажет», — деп мәлімдеді. Президент сондай-ақ қабылданып жатқан
шаралар «жағдайды түбегейлі өзгертпейтінін» және түбегейлі шешімдерсіз қаржы
пирамидаларымен күрес «жел диірмендерімен күресті еске салатынын» атап өтті.
Біз «Solana Summit Kazakhstan 2026» форумында-ақ ескерткен болатынбыз:
мемлекет жүйелі реттеудің орнына тыйымдар мен бюрократиялық кедергілерге
сүйенсе, нарық жойылмайды — ол көлеңкеге кетеді. Бүгінде дәл осының салдарынан
жалған брокерлер, қаржы пирамидалары, заңсыз криптоайырбастау пункттері жаппай
таралып, капиталдың шетелге бақылаусыз шығарылуы орын алып отыр.
Заңсыз тұтынушылық несиелеудің тағы бір өрескел фактісі ел азаматтары
арасында кең таралуда.
«Alem credit» деп аталатын тіркелмеген, микрокаржылық қызметке лицензиясы
жоқ белгісіз компания интернеттегі жарнама арқылы қазақстандықтарға
микронесиелер таратып жатыр. Әсіресе несие жүктемесі коэффициентіне (КЖК) және
кредиттік тарих сапасына қойылатын талаптардың күшеюінен кейін ресми қаржы
ұйымдары несие беруден бас тартқан азаматтар нысанаға алынуда.
Бұдан бөлек, осы компанияның https://alemcredit.com/
және http://alemlend.com сайттарына тіркелу
кезінде әлеуетті қарыз алушылардың биометриялық деректері заңсыз жиналады.
Қарыздар жеке тұлғалардың (дропперлердің) карталарынан тікелей қарыз
алушылардың карталарына аударылады. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі
(ЖТСМ) ресми белгіленген шектен 9,5 есе асып түседі, ал айыппұл санкциялары
заңда көзделген мөлшерден 10 есе жоғары!
Мысалы, борышкерлердің бірі 116 000 теңге көлемінде қарыз алған. Екі
аптадан кейін оған 276 000 теңге көлемінде пайыз есептеліп, жалпы 392 000 теңге
төлеу талап етілген.
Төлем мерзімі өткен жағдайда WhatsApp-та арнайы топтар құрылып, оған қарыз
алушының таныстары мен туыстары қосылады. Топтың атауы «БАЛА ЖОҒАЛДЫ» деп
қойылып, қарыз алушының фотосуреті жарияланады. Мұның бәрі оған психологиялық
қысым көрсету мақсатында жасалады.
Тағы бір жағдайда қарыз алушы әйел 30 күн мерзімге 22 800 теңге алған. 30
күн өткен соң одан 81 000 теңге талап етілген, ал мерзімінен үш күн
кешіктіргеннен кейін қарыз сомасы 81 000 теңгеден 120 000 теңгеге дейін өскен.
Берешекті өндіріп алу кезінде дәл сондай WhatsApp топтары құрылып, қарыз
алушыға да, оның жақындарына да телефон қоңыраулары жасалады.
Мерзімі өткен берешекті өндіріп алу коллекторлық қызмет туралы заңнаманың
талаптарын сақтамай жүзеге асырылуда.
Шенеуніктер жасанды интеллект көмекшілері мен «цифрлық трансформация» туралы айтып жатқанда, азаматтар ақшасынан айырылып, ұлттық экономика инвестициялар мен өтімділіктен қағылып жатыр.
Бір жағынан, Агенттік жалған брокерлер мен өзге де заңсыз нарық
қатысушыларының жарнамасын анықтау үшін ЖИ-құралдары енгізіліп жатқанын
мәлімдейді. Екінші жағынан, азаматтардың шағымдарына жауап бергенде, мұндай
субъектілер лицензияланған қаржы ұйымдары болып табылмайтындықтан, олардың
қызметі өздерінің «реттеу периметрінен тыс» екенін айтады.
Сонымен қатар Агенттік басшылығының фотосуреттері мен рәміздерін
пайдаланып, жалған брокерлер мен қаржы пирамидалары салдарынан жоғалған
қаражатты «кепілдендірілген түрде қайтаруға» уәде беретін алаяқтық
жарнамалардың таралуы да ерекше алаңдаушылық туғызады. Соның салдарынан
бұрыннан зардап шеккен азаматтар қайтадан алаяқтардың құрбанына айналуда.
Осыған байланысты төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұраймыз:
1. Агенттік жалған брокерлердің, қаржы пирамидаларының қызметіне және
криптовалюта құралдары арқылы капиталды заңсыз шығаруға қарсы күрес бағытында
қандай нақты шараларды қабылдап жатыр және алдағы уақытта қандай шаралар
қабылдауды жоспарлап отыр?
2. Агенттік заңсыз нарық қатысушыларымен күресті қадағалау саясатының басым
бағыты деп жариялай отырып, неге ресми жауаптарында мұндай субъектілердің
қызметі өз құзыретінен тыс екенін көрсетеді?
3. Жалған брокерлердің жарнамасын анықтауға арналған ЖИ-құралдарын әзірлеуші
кім, жобаның қаржыландыру көздері мен бюджеті қандай, сондай-ақ бұл жүйелердің
тиімділігі мен жұмыс сапасын бағалау тетіктері қандай?
4. Агенттік басшылығының рәміздері мен фотосуреттерін пайдаланатын алаяқтық
жарнамаларды жедел бұғаттау, сондай-ақ адал емес қызмет белгілері бар
ұйымдардың тізімін жүйелі түрде жаңарту бойынша нақты шаралар қашан
қабылданады?
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
О. Нұралдинов
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
С. Ерубаев