16
Маусым

16.06.2022

«Ақ жол» демпартиясы Үкіметтен ірі шетелдік инвесторлармен мұнай-газ және металл ресурстарын өндіру туралы келісімнің шарттарын халық алдында ашуды талап етті

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә. Смайыловқа

 

Биылғы жылдың 5 маусымында өткен жалпыхалықтық референдум республика Конституциясына билікті қоғам мүддесіне жақындатуға бағытталған бірқатар маңызды өзгерістерді бекітті. «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл түзетулерді қолдады және олардың іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Мәселені, негізгі Заңдағы ең резонанс тудырған өзгерістердің бірі 6-баптың 3-тармағының жаңа редакциясы болды, онда «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» делінген.

Осы норманы орындау мақсатында «Ақ жол» демократиялық партиясы жер қойнауын пайдалануға, тау-кен өндіруге, оның ішінде мұнай мен газ, түсті мен қара металлдар кен орындарына қатысты барлық негізгі келісімшарттарды халыққа жария етуді ұсынады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан беделдің жоқтығы, түсініксіз іскерлік ахуал, көбінесе табиғи ресурстарды орналастыру мен өндірудің қиындықтары салдарынан еліміз шетелдік инвестицияларды тарту үшін ірі шикізат алпауыттарының қалауы мен шарттарын орындауға мәжбүр болғаны белгілі.

Әйтсе де, содан бері қазақстандықтардың жаңа ұрпағы дүниеге келіп, өсіп-өніп, ел де, қоғам да өзгерді.

Осы орайда «Ақ жол» фракциясы Жер қойнауы туралы кодекс, индустриялық саясат туралы және басқа да заңдарды талқылауда инвесторлармен қарым-қатынаста халқымыздың ұлттық мүддесін бәрінен жоғары қою керектігін ұдайы талап етеді. Бұл мүддеге табысты әділ бөлу де, экономиканың технологиялық, кадрлық және ғылыми-техникалық дамуына шетелдік шикізат корпорациялардың қатысуы да кіреді.

Бірақ екі жыл бұрын үш ірі шетелдік компания құрған Мұнай-газ машина құрастыру орталығы осы уақытқа дейін әлі бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған, қазақстандық кәсіпорындарға бірде-бір жаңа өнім түрін игеруге көмектескен жоқ, инвесторлар пайдаланатын озық мұнай-газ жабдықтарын өндіруге арналған бірыңғай лицензия немесе техникалық құжаттаманы берген жоқ. Біздің бірнеше рет жолдаған сауалдарымызға аталмыш Орталық әлі де «миссиясын анықтап жатыр» деп жауап берді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Конституцияның жаңа редакциясы «құқықтың» орындалуын талап етіп ғана қоймай, сонымен қатар Үкіметті Қазақстан халқы, яғни, жер мен қазба байлықтарының бастапқы иесінің алдында мынадай шараларды қабылдауға міндеттейді деп есептейді:

1. Қара және түсті металл рудаларын, мұнай және газ кен орындарын өндіруді қоса алғанда, ірі шетелдік инвесторлармен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын жұртшылық үшін ашық ету. Е.Gov Азаматтарға арналған үкімет ресурсында мұндай келісімшарттарды жалпыға қолжетімді ету. Мұндай шарттарда қоғам үшін жабық нормалар мен шарттарды пайдалану мүмкіндігін болдырмау.

2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттарға отандық кәсiпкерлiк субъектiлерiмен және кәсiпорындарымен байланысты бiрлескен жобаларға қатысу, оларға қолданылатын жабдықтың ауыстырылатын бөлшектері мен бөліктерін өндіру технологияларын беру арқылы жергiлiктi қоғамдастықтың технологиялық, кадрлық және ғылыми-техникалық дамуына жәрдемдесу жөнiндегi iрi шетелдiк инвесторлардың мiндеттемелерiн қамтуды қамтамасыз ету; 

3. Бұл тәсілдерді тек жаңа жобаларға ғана емес, сонымен қатар келісім-шартты ұзарту талаптары көтерілген қолданыстағы Келісімдерге де кеңейту.

4. Бұл талап өткен жылдардағы Қазақстаннан ақшалай қаражаттың заңсыз шығарылуының нақты көлемін анықтауға және оларды іздеу мен қайтару тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Біз тау-кен өндіру және мұнай-газ келісімшарттарының ашықтығына және олардың Қазақстан халқының ұлттық мүдделеріне сәйкестігіне қойылатын бұл талаптар Конституцияның жаңа редакциясынан тікелей туындайды деп санаймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» Демократиялық партиясы фракциясының депутаттары.