18
Қазан

18.10.2023

«Ақ жол»: Диализ орталықтары үшін лайықты тариф қалыптастыру керек

Денсаулық сақтау министрі

А. Ғиниятқа 

 

 

«Ақ жол» демпартиясына мүгедектіктің 1-тобына жататын, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің терминальді деңгейіндегі пациенттерге тегін медициналық көмектің  кепілдендірілген көлемі аясында (ГОБМП) көрсетілетін гемодиализ қызметіне тарифтердің қайта қаралуы бойынша бірқатар медициналық мекемелер жүгінді.

Гемодиализ мүгедектіктің осы тобы үшін өмірлік маңызы бар медициналық процедура болып табылады.

Қазақстандағы деректерге сүйенсек, диализбен ауыратын 8 мыңнан астам науқастың 90 пайыздан астамы, яғни 7200 адам мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі жеке амбулаторлық диализ орталықтарында медициналық көмек алады. Яғни, бұл қызметті көрсетуде мемлекеттік ауруханалардың үлесі өте аз.

Жеке инвесторлармен серіктестік 7 млрд теңгеден астам күрделі салымдар кезеңінде бюджет қаражатын пайдаланбауға, бүйрек алмастыру терапиясының әлемдік стандарттарын енгізуге, әлеуметтік мәселенің өзектілігін төмендетуге мүмкіндік берді. Жеке инвестициялардың арқасында диализ Қызылорда облысының Қазалы, Түркістан облысының Асықата, Қарағанды облысының Қарқаралы елді-мекендері секілді еліміздің әр өңірінде қолжетімді. Диализ қызметі Қазақстанның денсаулық сақтау саласына шетелдік инвестицияларды табысты тартудың жарқын мысалы болып табылады.

Алайда, бүгінгі таңда гемодиализге арналған қолданыстағы тариф диализ орталықтарының қажеттіліктерін өтемейді.

2022 жылы инфляцияның 20.4%, ал 2023 жылдың 8 айында 16.8% болғанын ескергеннің өзінде гемодиализге арналған тарифтер 2022 жылдан бері қайта қаралмаған.

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы келесі сұрақтарға жауап беруді сұрайды:

1) Неліктен өкілетті органдар диализ орталықтары үшін лайықты тариф қалыптастыруға қатысты әрекеттер жасамайды?

2) Жеке гемодиализ орталықтарының жабылу қаупі мен ірі халықаралық инвесторлардың Қазақстан нарығынан кетуіне жол бермеу үшін қандай шаралар жоспарлануда?

Президенттің «медицинада дұрыс жағдайлардың жасалуы» туралы Тапсырмасы мен «инвестиция орнына тариф» концепциясын ескере отырып, кері әлеуметтік-экономикалық әсерлерді тудырмас үшін,  бағдарламалық амбулаторлық гемодиализ қызметтерін көрсету тарифін 20%-ға арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

 

Құрметпен,  

 

«Ақ жол» фракциясының депутаттары