10
Наурыз

10.03.2021

«Ақ жол» фракциясы күріш саласын сақтауға шақырды

10 наурыз 2021 жыл, «Ақ жол» демомократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» фракциясы күріш саласын сақтауға шақырды – Азат Сембинов

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министріне                            

М. Мырзағалиев

Үкіметтің 2020 жылдың 22 желтоқсанында өткен отырысында сіз үш облыстағы күріш алқабын 29 мың гектарға, олардың ішінде атап айтсақ: Қызылорда облысындағы алқапты 15 мың гектарға, Алматы облысындағы күріш алқабын 10 мың гектарға және Түркістан облысынан тағы 4 мың гектар күріш алқабын қысқартуды ұсындыңыз.

Егер Алматы облысын ғана алып қарасақ, онда бұндай қысқарту күріш саласын түгелдей жойып жібереді деген сөз. Өйткені, сіз қысқартуға ұсынып отырған 10 мың гектар жер облыста егілетін күріштің тұтас алқабы болып саналады.

Сіз айткандай , 29 мың гектар жерді қысқарту 1 текше шакырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Бірақ, бұл шынымен суды үнемдей ме әлде егілетін күріш алқабын қысқарта ма?

Күріш алқаптарын сусыз қалдыру қоршаған ортаға өте үлкен қауып төндіретінін түсіну керек.  Өйткені, жер асты тұзы жер бетіне көтеріліп, (ғылыми тілде екінші тұздану дейді) егістік алқаптың борпасақ тұзға айналуы -  экологияны орны толмас апатқа ұшыратады. Екі жылдан кейін ол жерге басқа егін егу мүмкін болмайды.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап күріш егу ісіне субсидия берілмейді, сондықтан, Балқаш ауданындағы 1000 гектар күріш алқабы игерілмейді. Біз бұл жерде тек Балқаш ауданын ғана мысалға алып отырмыз, бірақ, мұндай жағлай Түркістан мен Қызылорда облыстарында да қайталанып отыр.

Егер күріш алқабын 29 000 гектарға қысқартсақ, айналыстан осыншама егістік жерлерден айырыламыз. Ал егістік орнын қайтаруға ондаған жыл уақыт жоғалтамыз, себебі жер тұзының көтерілуі, басқа өсімдіктерді өсіруіне мүмкіндік бермейді. Экологияға тиетін зиян, бұл жерде орасан зор.

Әрине, күріш егу – өте ауыр және машақаты көп сала, бірақ, ол сала болмаса, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз үнемі Ресей, Қытай және әлемдегі күріш бағасының құбылмалы жағдайына тәуелді болып отыра бермейміз ғой!?

Сондай-ақ, ауыл халқын жұмыспен қамтып отырғанына да назар аудару керек.

Ауыл мен қалалық жерлердегі жұмыс орындарын қысқарту жұмыссыздықты көбейтеді.

Сонымен қатар, біз «Ақ жол» фракциясының депутаттары жоғарыда айтқан мәселелерді ескере отырып, күріш алқабының көлемін қысқарту тығырықтан шығатын жол деп ойламаймыз.Бұл мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, бұл сұрақты жан-жақты қарастыруды ұсынамыз. Субсидиялау тетіктерін де қайта қарау керек.

Сондай-ақ трансшекарадағы өзендерден су тарту мәселесін қайта қарауды ұсынамыз. Су үнемдейтін технологиялар мәселесін, магистральді және қайта бөлетін арықтар мәселесін қайта қарауды ұсынамыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Жауап: