ҚР Бас прокуроры
Ғ. Д. Нұрдәулетовке
Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!
Өткен жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан соттары толығымен онлайн форматқа көшті.
Естеріңізге сала кетейік, сот отырыстарын видеоконференция (ВКС) жүйесін пайдалана отырып өткізу туралы методикалық ұсыныстар сонау 2014 жылы қабылданған. Пандемияға дейін видеоконференция жүйесі сот отырыстарына қатыса алмайтын немесе жазасын өтеу орындарындағы азаматтармен қатынас үшін ғана қолданылатын. Яғни, індетке дейін сот жүйесінде 6 жыл уақыт арасында қашықтан жұмыс істеу тәжірбиесі қалыптасып, бүгінгі мәжбүрлі онлайн форматқа белгілі бір дайындықпен келді десек те болады. Алайда, ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, 2014-2019 жылдар аралығында бақандай бес жыл және бюджеттен жарты млрдқа жуық қаржы жұмсап орнатқан ВКС құралы іс жүзінде2 адамның басын қосып сот отырысын өткізуге жарамай қалды. Қазақша айтсақ, «ысқырығы жер жарады, айдағаны бес ешкінің» кебі келді.
Бізге мәлім ақпаратқа сәйкес, ВКС жүйесінің көмегімен бүгінде бірде бір сот ісін қарастыру өтпейді. Ақпараттық қауіпсіздік пен конфидециалдықты қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Сот тарапынан ұсынылған True Conf бағдарламасы да сот процесіне қатысушылар тараптарының көптеген наразылығын тудырған соң, Жоғарғы Сот судьяларға басқа платформалар мен мессенджерлерді қолдануға рұқсат берген. Бүгінгі Whats App, Zoom сияқты мессенджерлерді пайдаланып өтіп жатқан сот процестерін соқыр мен саңыраудың әңгімесі десек қателеспейміз. Байланыстың жиі үзілуі, шиқылдаған дыбыстар, дауыстардың анық естілмеуі, СИЗО-лармен байланыс орнатудың қиындығы, тараптардың бірін бірі естімеуі және көрмеуі – міне, бүгінгі сот отырысының қысқаша келбеті осындай.
Бүгінгі сот процесстері кезінде туындайтын сұрақтарға тоқталатын болсақ, олар:
1) аудио-, видео-байланыстағы кедергілерге байланысты тараптар өздерінің соттық қорғауға деген құқықтарын толыққанды іске асыра алды ма?
2) тараптар сотқа қатысты құжаттармен толықтай таныса алды ма?
3) сотқа қатысты құжаттар толығымен сот жүргізу ісіне тіркелді ме? Өйткені, «Сот кабинеті» сервисі арқылы тапсырылған құжаттар қаралатын іске қосымша тіркелмей, істі қарауда назардан тыс қалып қалуы әбден мүмкін.
4) «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған дәлелдерді де теріс пайдалану қаупі бар. Бұл дәлелдерді бұрмалаудың алғы шарттарын туғызады. Сондай-ақ, құжаттың немесе жазудың, қойылған қолдың төлнұсқасы екенін анықтау мүмкін емес. Құжаттардың төлнұсқасымен танысу мақсатында тараптар отырыстың кейінге шегерілуін сұрауға мәжбүр. Алайда, істі қарау мерзімінің шектелуіне байланысты отырысты шегеруге мүмкін емес жағдайлар да жиі болып жатады.
5) онлайн отырысына куәгердің жалған айғақ бергені үшін қылмыстық жауапкершіліке тартылатыны жөнінде ескерту жасалғаны туралы қолхатты алдыру мәселесі де қиындық туғызады. Куәгер осындай қолхатты сотқа ұсынбаған жағдайда бұл мәселе қалай шешіледі?
6) істі ашық қарауды қамтамасыз ету мәселесінде, мысалы, онлайн форматта өтетін отырысқа қоғам өкілдерінің қатысуын, ал жабық форматта өтетін отырыстардың құпиялылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ куәгерге үшінші тарап жағынан ықпал ету сияқты шешілмеген талай сұрақтар бар.
7) сот отырысы барысында тараптарды байланыстан ажырату немесе тараптарды отырысқа қатыстырмау жағдайлары да болғаны жасырын емес.
Сонымен қатар онлайн форматында сот істерін жүргізу заман
талаптарына сай және ыңғайлы екені де сөзсіз. Бұл формат тараптарға қолайлы және салыстырмалы түрде арзан. Осы форматта жұмыс істеу халықтың сот төрелігіне қолжетімділігін арттырады, жүріп-тұруға уақыт пен қаржыны үнемдейді, заңгерлердің уақытын үнемдеп, өкілдердің қызмет ақысына оң әсерін тигізеді.
Осы орайда, «Ақ жол» фракциясы төмендегіні:
1) тараптарға қолжетімді болу үшін барлық құжатты толығымен электрондық форматқа көшіруді;
2) тараптардың және куәгерлердің қатысуы мен дәлелдердің айғақтығын талап етпейтін істерді қарауды онлайн форматқа көшіруді;
3) процессуалдық заңға қашықтық форматпен сот жүргізудің ерекшелігін ескеретін өзгерістер енгізуді;
4) онлайн отырыстарда сот процесстерінің (тарап одан ажыратылды ма, хатшы тараппен байланысқа шықты ма, қанша рет шығуға талпынды және сол сияқты) бұзылуын тіркеу әдістерін қарастыруды, ашық сот отырыстарына қоғамның қатысу тәртібін реглементтеуді және жабық сот отырыстарының құпиялылығын қамтамасыз етуді;
5) адамның бас бостандығынан немесе меншік құқынан айыру сияқты аса маңызды істерді барлық бүгінгі санитарлық талаптарды сақтай отыра оффлайн режимінде қарастыруға қайта оралуды ұсынамыз.
Адам тағдыры онлайн шешілетін ойыншық емес.
Еліміздің азаматтарынан, заңгерлер қауымынан, әсіресе, кәсіпкерлер тарапынан бүгінгі онлайн соттың әділдігіне күмән келтіретін көп сауалдар түсуде. Бұл тек сот жүйесіне ғана емес, мемлекеттің әділеттілігіне де күмән келтіретіні сөзсіз.
Әрине, бұл сұрақтар Жоғарғы Сот басшыларына қойылғаны дұрыс болар еді. Алайда, Парламент және Парламент депутаттарының мәртебесі жөніндегі заң талаптарына сәйкес біз осы сауалдарымызды сот жүйесіне тікелей қоя алмаймыз. Бірақ бүгінгі сот жүйесіндегі орын алған жағдай азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына тікелей қатысы бар болғандықтан және осы жағдай көп азаматтарымыздың құқықтарын бұзуға мүмкіндік бергеннен кейін осы сауалды, құрметті Бас прокурор, Сізге жолдауға мәжбүрміз.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары
Жауап: