19
Маусым

19.06.2024

"Ақ жол": Индер көлі қорғалуы тиіс

ҚР Премьер-Министрі

О.Бектеновке

Қазақстанның батыс бөлігі – қорық, резерват, табиғи немесе ұлттық парк мәртебесіне ие аумақтарға аса бай емес екендігі белгілі. Дегенмен, мұнда да туристерді қызықтыратын, бірақ, назар аударуды, зерттеуді және қорғауды қажет ететін көптеген орындар да бар. Сондай көз тартар көркем жердің бірі – Индер тұзды көлі.

Көлдің тұзы жоғары сапалы, калий, бром, борға бай екені ғылыми дәлелденген. Ал, суы күкіртті сутекпен қаныққан, сондай-ақ көлдің қара лайы ежелден емдік қасиетімен танымал.

Индер көлі ерекше ғылыми құндылығы бар, қолданысы шектелген немесе тыйым салынған нысандардың Тізіміне, сонау 1995 жылы енгізілген.

Қазіргі уақытта көлді қорғау мәртебесі Үкіметтің екі қаулысымен қамтамасыз етілген: 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 932 қаулымен бекітілген  табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі және 2007 жылғы 21 маусымдағы №521 қаулымен бекітілген экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар объектілерінің тізбесі.

Алайда бұған қарамастан, 2021 жылдың басында Индер көлінің аумағы күмәнді жолдармен пайдалануға берілген. 

Оған қоса, 2024 жылғы 15 наурызда, Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысында, Экология министрлігіне жоғарыда аталып өткен Үкіметтің №932 және №521 қаулыларынан Индер көлін Тізімдерден шығарып тастау және тиісті экологиялық қорытынды беру тапсырылды. 

Сонымен қатар, сол хаттамада, Индер көлінің аумағында пайдалы қазбаларды өндіруге экологиялық рұқсаттар мен лицензия беру үшін, Су ресурстары министрлігінен, Денсаулық сақтау министрлігінен және Атырау облысының әкімінен оң қорытынды беру талап етілген.

Қазіргі уақытта, Индер көлін қорғалатын объектілердің тізбесінен алынып тастау туралы нормативтік құжаттардың жобалары Экология министрлігінің сайтында тұр.

Бір қызығы, сонау 2021 жылы Атырау облысының әкімдігі, Индер көлін ерекше қорғалатын нысандар тізімінен шығару мәселесін қозғамақ болған. Ол кезде, Экология министрлігі, бұл бастамаға рұқсат бермеген.

Енді міне, араға үш жыл салып, уәкілетті орган мүлде қарама-қайшы позицияны ұстанып отыр.

Тағы бір атап өтерлігі, қаулы жобасына түсіндірме жазбада, қаулыны қабылдауға негіз ретінде, ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы «Әкімшілік-аумақтық құрылымдарының кейбір мәселелері туралы» № 887 Жарлығына сәйкес келтіру деп аталған.

Экологияны қорғауға міндетті  министрліктің қаулысы керісінше  экологияға қарсы бағыттылып отыр!

Егер, Индер көлін қорғау статусынан айырса, ауқымды экологиялық апат орын алады. Жер қойнауын пайдалануға қатысушылардың көбеюімен табиғатты ластауға кінәлілер мен қоршаған ортаға келген материалдық шығынды анықтау мүмкін болмайды. Теріс салдар болған жағдайда ешкім жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Жергілікті халықтың да ушығып отырғандығы жасырын емес.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Ақ жол» депутаттық фракциясы, Индер көлін ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар республикалық маңызға ие объектілерінің тізімінен шығаруға жол берілмеу керек деп санайды.

Құрметпен,

«Ақ жол» Демпартиясының депутаттық фракциясы

А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев