09
Қазан

09.10.2024

«Ақ жол»: Каспий жағалауындағы халықты жер эрозиясынан қорғау қажет

ҚР Премьер Министрдің орынбасары

Р.Склярға

«Ақ жол» фракциясының осы сауалына себеп болып отырған – Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы тұрғындардың жан айқайы.

Баршаға мәлім, соңғы жылдары қарт Каспийдің су деңгейі төмендеп, жағадан кейбір жерлерде 30-35 шақырымға тартылып кетті.

Ғалымдардың айтуынша, соңғы 18 жылда теңіз бетінің ауданы 22 мың шаршы километрге қысқарды (бұл Израиль немесе Словения сияқты мемлекеттердің аумағына тең). Соңғы 15 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7,1 пайызға төмендеген. Әсіресе, Атырау обласының маңында тұз басқан теңіз түбінің кең алқаптары байқалады.

Ғылыми болжамдар бойынша, теңіздің қазіргі шегінуі кем дегенде 2054 жылға дейін жалғасады екен.

Бұл үдеріс, жағалау бойында орналасқан елді мекендердің тұрмыс жағдайына, күн көрісіне теріс ықпал етуде.

Судың тартылуынан ол өңірге келетін проблемалар өте көп!

Бірақ осы сауалымда мен тек бір ғана құбылысқа көпшіліктің назарын аударғым келеді.

Теңіз жақтан жағалауға соғатын жел, яғни «моряна» болған кезде  құрғаған теңіз табанынан тұз араласқан құмды көтеріп, маңайда орналасқан елді мекендерде ұнтақ пудра түрінде ауаға тұман болып таралады.

Соңғы кездері бұл жағдай, жағадан 20-25 шақырым жерде орналасқан мұнайлы астанамыз Атырау қаласында да болып тұрады.

Бұндай ауамен демалудың денсаулыққа қаншалықты зиян екенін дәрігерлер айта жатар(!). Бірақ, алергия, тыныс алу органдарына, жалпы адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін жергілікті халық өз тәжірибесінде біледі.

Және жасыл желектерге де жұмсақ айтқанда пайда келтірмейді.

Арал теңізінің қандай жағдайға жеткені бәрімізге белгілі.

Дер кезінде Көкарал бөгетін салып, соның салдарында теңіздің солтүстік бөлігі ақырындап қалпына келе бастады. Кеуіп қалған алаптарда сексеуіл егу жолымен эрозия процестерін де тоқтату қолға алынған. Бұл мемлекет тарапынан экологиялық апаттың алдын алу  шараларының бір мысалы(!)

Ал, Каспий деңгейінің төмендеу салдарынан тұзды құм басу мәселесі әзірше мемлекеттің назарынан тыс қалып отыр.

Егер де зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаражат бөлініп, сексеуіл не болмаса жыңғыл егу жұмыстары басталса, сол өңірдегі жұмыссыздықтан кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болып отырған қәсіпкерлер жұмыстарын жандандырып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген турғындарды жұмыска алып, өз елді мекендерін шаң тозаңнан арылту жұмыстарына да ат салысар еді.

Каспийдің деңгейін төмендеуі - ол табиғи құбылыс десек (!)

Ал сексеуіл егуді Үкімет қолға алса, шешілетін мәселе емес пе?

2022 жылғы 4 ақпанда, сол кездегі Экология министрі Серікқали Брекешевтің алдында осы мәселені көтеріп, соның ішінде тұзды құмның таралуын Аралдағы сексеуіл егу жолымен тоқтату мүмкіндігін сұраған болатынмын.

Министр өз жауабында, бұл ұсыныс гидро-геологиялық ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді деген болатын.

Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті.

Құрметті Роман Васильевич, осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы:

1) Каспий жағалауы бойынша гидро-геологиялық ғылыми зерттеулер жүргізуді;

2) Жағалаудағы құрғаған алқаптарда эрозияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында, құрғаған алқаптарда тұз араласқан дауылды тоқтату үшін сексеуіл егу мәселесін қарастыруды сұраймыз.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары 

Ерубаев С.

Перуашев А.

Еспаева Д.

Иса Қ.

Барлыбаев Е.

Бейсенбаев Е.

Аманат фракциясының депутаттары

Тұрғанов Д.

Жұбанов А.