22
Қантар

22.01.2025

"Ақ жол" Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін төмендетуді талап етті

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы

 Т.Сүлейменовке

Биыл 17 қаңтарда Ұлттық банк артып жатқан инфляциялық қысымның күшеюі мен ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасқан экономикалық үрдістерді желеу етіп, базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

«Ақ жол» демпартиясының төрағасы бұл шешімді сынға алып, инфляцияға теңгенің артықтығы емес, отандық тауар өндірісінің тапшылығы қысым жасап отырғанын, соның салдарынан отандық өнім импортқа тәуелді екенін атап өтті.

Осы ұстанымға түсініктеме бере отырып, Сіз Ұлттық Банктің басшысы ретінде былай дедіңіз: «Экономиканың өзара байланысын Ұлттық Банк қамтамасыз етпейді. Бұл сұрақты Ұлттық экономика министрлігіне, Энергетика министрлігіне, Индустрия министрлігіне қою керек.

Біз ресейлік тауарларды импорттамаймыз және Ресейге экспорттамаймыз – біз ақша-несие реттеушісіміз. Сондықтан біз Ресей мен біздің экономиканың арасында қандай да бір түрде тәуелділік немесе шектен тыс өзара байланыс орнаттық деген тұжырым дұрыс емес. Бұл біздің міндетіміз емес және мен мұндай көзқарастарға келіспеймін».

Сіздің кәсібилігіңізді біле отырып және сіздің жеке қасиеттеріңізді құрметтей отырып, біз Ұлттық банктің рөлі мен оның Қазақстан экономикасындағы шешімі туралы мұндай тар түсінікке келісе алмаймыз.

Еліміздегі инфляциялық үдерістерге сыртқы факторлардың ықпалын елемеумен де келісе алмаймыз, мұны сіз бұрынғы Ұлттық экономика министрі және Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы жөніндегі алқасының бұрынғы мүшесі ретінде көпшіліктен гөрі жақсы білесіз.

Сіз экономиканы басқарудағы негізгі мемлекеттік органдардың бірінің басшысы ретінде «біз тауар импорттамаймыз, ол біздің міндетіміз емес» деп жағдайды «сырттан» бақылап отыра алмайсыз деп ойлаймыз.

Оған қоса, Мемлекет басшысы Ұлттық банкке экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтуді қамтамасыз етуді тікелей тапсырды, бұл Ұлттық банктің экономиканы басқаруға тікелей қатысуы, бірақ, базалық мөлшерлеменің жоғарылауы салдарынан оны жүзеге асыру өте қиын, «Ақ жол» демпартиясы да осыған назар аударады.

Базалық мөлшерлеме 15% болғанда несиелеудің тиімді мөлшерлемесі 21-23% құрайды. Мұндай несиелер тек өзгенің тауарларын импорттап, қайта сату үшін ғана пайдаланылуы мүмкін, бірақ негізгі капиталға және өңдеуші кәсіпорындарға инвестициялау тиімсіз екені анық.

Жауабыңызда атап өткен ақша-несие саясаты мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының маңызды бөлігіжәне барлық басқа факторлармен, соның ішінде отандық өндіріспен, импортқа тәуелдікпен, фискалдық және инвестициялық саясатпен және т.б. бірге қарастырылуы керек.

Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттық фракциясы:

Несиелер құнын 10-12% тиімді деңгейге дейін төмендетуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін қайта қарауды және төмендетуді сұрайды.

Нарықты отандық тауарларға қанықтыру ғана экономиканы инфляциядан тиімді және ұзақ мерзімді қорғай алады.

Ұлттық банктің отандық экономика үшін рөлі мен маңызын төмендетпеуге шақырамыз.

Егер Мемлекет басшысының тапсырмасына қарсы, экономиканы бағалаудың кешенді тәсіліне Ұлттық банктің функционалдық мүмкіндіктеріндегі белгілі бір шектеу кедергі келтірсе, біз заңнамаға тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық етуге дайын екенімізді білдіреміз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

 

Е.Барлыбаев

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

С.Ерубаев

Е.Бейсенбаев