ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Ералы Тоғжановқа
Бұл депутаттық сауалға, өңірлерде сайлаушылармен кездесу барысында айқындалған медициналық қызмет саласындағы олқылықтар себеп болды.
2015 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, яғни ФСМС құрылды.
Сол кезден бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар әр еңбек ететін азаматқа және жұмыс берушіге жүктелді. Алайда, бұл сақтандыру қорының жұмысына уақыт өте келе бірқатар сұрақтар туындай бастады.
Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны салымшылардың өзі бақылай алмай, медициналық сақтандыру қорының атауындағы «сақтандыру» ұғымы толығымен профанацияға айналып отыр.
Егер сақтандыру болса, әр адамның жеке сақтандыру шоты болуы қажет. Қазіргі қалыптасқан жағдайда, егер бір адам көптеген жыл бойы сақтандыру қорына төлем жасай отырып, бірнеше ай ғана үзіліс болса, тиесілі медициналық қызметті ала алмайды. Яғни, ол төлеген қаражат өзіне жиналмай басқаға жұмсалса, бұл сақтандыру емес қосымша салық екен ғой.
Осы арада, Денсаулық сақтау министрінің (2017 жылғы 30 маусымдағы №478) бұйрығымен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда аударымдарды есептеу және аудару барысында орын алып отырған проблемаларды атап өту қажет деп санаймыз.
Мысалы, жеке кәсіпкер қосымша басқа жерде жұмыс жасаса, сақтандыру қорына кәсіпкер ретінде де, жұмыскер ретінде де төлем жасайды. Ал бірнеше жерде жұмыс атқаратын азамат, әрбір жалақысынан осындай төлемдер төлеуге мәжбүр. Неліктен бұл тұлғалар жарналарды бірнеше рет төлеуі керек?
Өңірлерде дәрігерлермен кездесу барысында тағы бір таң қалдырған жағдай – Емдеу протоколы бойынша қормен белгілі дәрі-дәрмек тізімін қолдану қарастырылса, емдеуші дәрігер науқастың денсаулық жағдайына қарай өзінше шешім қабылдауға құқығы жоқ екен.
Соны қолданысқа ала отырып, сақтандыру қоры, медициналық мекемені қаржыландыруды шектеуге тырысып, ауқымды айыппұл салады. Бұл әрекеттер дәрігердің және аурухананың қызметіне едәуір кедергі келтіреді.
Жергілікті жерлерде сақтандыру қорының жұмысына айтылған наразылықтарды (сындарды) әрі қарай айта беруге болады.
Халықаралық тәжірибеде, медициналық сақтандыру қоры нақты адамдардың ыңғайына бағытталған. Егер емдеу сапасыз болса, немесе науқастың денсаулығы мұқият қаралмаса – клиент мұндай қызметтерді төлеуден бас тартуға құқылы болуы керек.
Сонымен, біздің жасаған тұжырымдамамыз – сақтандыру қоры, бүгінгі күнге өзінің бастапқы функциясын орындай алмай отыр.
Осыған байланысты қаржыландыру салығына айналған медициналық сақтандыру қорының жұмысын ретке келтіріп, нағыз сақтандыру принципіне көшуі, сонымен қатар, Қор, өз кірістері мен шығындары жөнінде Парламент алдында есеп беруі тиіс деп санаймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» фракция депутаттары
Жауап: