11
Қантар

11.01.2023

«Ақ жол»: Мемлекет әділ болуы үшін сайлау әділ болуы тиіс!

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә. А. Смаиловқа

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, саяси жаңғыру аясында парламентаризмді дамыту негізгі орын алатынын мәлімдеген еді. Ал былтыр 29 желтоқсанда, Сенат отырысында Парламенттің рөлі артып келе жатқанын атап өтті және алдағы сайлаудың заңнамаға сәйкес адал және ашық өтуі тиістігіне үлкен мән берді.

Яғни, мемлекет басшысы жариялаған Әділетті Қазақстанның басты талабы - әділ  сайлау болуы тиіс!

Әділдік туралы айтқанда, біз ең алдымен бұдан бір жыл бұрынғы Қаңтар қасіретінен  қандай сабақ алдық? Қандай қорытынды шығардық? Мұның бәрін алдымыздағы Парламент сайлауы айқын көрсетеді!

Иә, сайлау әділ де, ашық өтуі тиіс! Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек  мүмкін… 

Яғни, мемлекеттің тағдыры биліктің әділдігіне байланысты өз қолында тұр!

Мемлекет әділ болуы үшін ең алдымен сайлау әділ болуы тиіс!

Біз бұның бәрін қауіп еткеннен айтып жатырмыз. Себебі, бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. Яғни, «Сайлау маңызды емес, санау маңызды болған» талай сайлауды бастан  өткіздік.

Шындығын айтайық! Осы 30 жыл бойы елді әділетсіздік пен жемқорлық жаулап алса да, қаншама экономикалық дағдарыстар, девальвация, инфлиация болса да, сайлау сайын билік партиясы “Нұротанға” 80-90 пайыз дауыс бергеніне кім сенеді? 

Ел сене ме? 

Өздері де сенбейді биліктің!

Әйгілі Авраам Линкольннің «Сайлау бюллетені оқтан да күшті»-дегеніндей, бұндай бұрынғы әділетсіз сайлаулардың халық жүрегіне қадалған оқ болғаны анық!

Мысалы, 2007 жылы парламентке тек “Нұротан” ғана өткен әділетсіз сайлауды сол кездегі президенттен бастап, қатты сынағанбыз. «Елбасыға деген ел сенімі біткен сайлау»  атты өткір мақала  жазғанбыз «Қазақ үні» газетіне. (Назар аударыңыздар, 2022 жылғы 5 қаңтардан кейін емес... осыдан 15 жылдан астам бұрын  2007 жылдың  24 тамызында). 

           Сондықтан да, «Ақ жол» демократиялық партиясы Президенттің сайлауды әділ өткізуге шақырған ұстанымын қолдайды және көп жылдар бойы адал да, ашық сайлауды, «Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық» деген Конституцияның 3-бабы толық жүзеге асуын  талап етіп келеді.

Ерекше назар аударатын мәселе - ешқандай сайлау комиссиясы мүшелері бюджеттік мекеме қызметкерлері болмауы тиіс.

2017 жылдан бастап, біз Орталық сайлау комиссиясының сайтына және интернетке тікелей ашық трансляция жасай отырып, әр сайлау учаскесіне бейнебақылау енгізу жайлы талай ұсыныс жасағанбыз. 

Сонда, 

сайлау комиссиялары да, 

бақылаушылар да,

кез-келген азамат та сайлаудың

әділдігіне көз жеткізуге, 

заң бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге

мүмкіндік береді.

Мұндай бақылау дауыс берудің ашықтығының ең жақсы кепілі болады. Сайлаудың қорытындыларына қоғам сенімін арттырады.

Барлық қажетті аумақтар мен рәсімдеу орындарын бейнебақылаумен қамту (бюллетеньдер беру аймағы, дауыс беруге арналған жәшіктер, дауыс беруге арналған кабиналарға кіру, байқаушылар аймағы, бюллетеньдерді санауға арналған үстел) – заң бұзушылықтарды (бюллетеньдерді заңсыз салу, дауыс беруге арналған кабиналарда бөгде адамдардың болуы, бюллетеньдер беру және дауыстарды санау кезіндегі манипуляциялар және т. б.) тіркеуге, сондай-ақ, саяси бәсекелестік күшейген сайын күшейе беретін жанжалды жағдайлардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Бейнебақылау камераларын бет әлпетті автоматты тану жүйесімен жабдықтау адамдар әртүрлі сайлау учаскелерінде бірнеше рет дауыс беретін «карусельдерді» анықтауға жол ашады.

Сонымен қатар, сайлау туралы Заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде, бақылаушыларға әр бюллетень сайлаушының қойған белгісін нақты ажыратуға мүмкіндік беретін жақын жерден көрсетілуі керек. Бұл дегеніміз, бейнемониторинг жүргізілген жағдайда, әрбір саналатын бюллетеннің көрсетілуі бейнежазбаны қарау арқылы дауыстарды қайта санауға мүмкіндік береді. Бұл шара өте маңызды, өйткені бюллетеньдердің өзі жойылатындықтан, бейнебақылау жазбалары Орталық сайлау комиссиясының серверінде сақтала алады.

Бұл шешімнің өзі көп күмән туғызбай, қоғам мен билік арасындағы сенімділікті арттырады. Өйткені, «Демократияның тағдыры оның кез-келген формасы мен дамуы үшін ұсақ техникалық бөлшектерге - сайлау процедураларына байланысты. Қалғаны екінші реттік»-дейді  атақты Хосе Ортега-и-Гассет

Алайда, барлық уақытта бұл ұсыныстар үнемі мемлекеттік органдар мен билік партиясының қарсылығымен өтпей келеді.

          Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы мен конституциялық реформаны іске асыру бойынша заң жобасын қарау барысында, «Ақ жол» фракциясы сайлау процесінде бейнемониторингті енгізуді және 60-тан астам ұсыныс жасаған кезде, Үкімет пен басқа фракциялардағы әріптестер тағы да қарсы шығып, қабылдатпай қойды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда дауыс беру барысының бейне мониторингі көптеген елдерде, соның ішінде Ресейде белсенді түрде енгізілуде. Ал Қырғызстан бұл жүйені 10 жыл бұрын енгізген.

Қазақстанның  цифрландыру деңгейі үшін бұл жаңалық проблема тудырмайды.

Мемлекеттік органдар, видеомониторингтен бас тартудың сылтауы ретінде алға тартып отырған қаржылық шығындар өзге таалай бағдарламаларға жұмсалған шығындардан артық емес, сонымен қатар олар азаматтардың өз мемлекетіне деген сенімінің артуымен бірден ақталады.

Мемлекетке ел сенімі мен қоғамның тұрақтылығы қажет пе? Қажет болса, сайлау әділ өтуі үшін түрлі сылтаулармен кедергі жасамай, осы ұтымды ұсыныстарды қабылдауы қажет!

Өйткені, мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Демократия тарихы – бірінші кезекте сайлау заңдарын жетілдіру және оның орындалуын қадағалау. Байқаушылар құқықтары анық жазылуы керек және жауапкершілік шеңбері айқын болуы шарт» деп атап көрсеткен.

          Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы, еліміздегі барлық сайлауда сайлау учаскелерінде дауыс беру барысына бейнемониторинг енгізуді тағы да қайта ұсынады.

Әділ сайлау болуы үшін бұдан басқа жол жоқ!

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясы депутаттары