09
Қазан

09.10.2024

«Ақ жол»: Салық органдарында ешқандай құпиялылық болмау керек

Қазақстан Республикасы

Қаржы министрі

М. Т. Такиевке

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнеске бақылаушы органдардың қысымын шектеудің маңызды құралы ретінде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Бұл контактісіз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді және жоспарлы тексерулер саны 2 есеге азаюы және тиісінше салынатын айыппұлдар азаюы тиіс болатын.

ҚР Салық кодексінің 145-бабына сәйкес салықтық тексерудің 2 түрі бар:

1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді салықтық тексерулер;

2) жоспардан тыс салықтық тексерулер.

Мерзімді салықтық тексерулер салық есептілігін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тағайындалады, бұл оны тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестесіне енгізуге негіз болады.

Яғни, егер тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесіне (СУР) сүйене отырып, оған жоғары тәуекел дәрежесі берілсе, кәсіпкер тексерілуге жатады.

Алайда, кәсіпкерлер, түсініксіз себептермен оларға жоғары тәуекел дәрежесін беру туралы хабарлама ала бастағандығына шағымдануда.

СУР бойынша қандай да бір тәуекел дәрежесі берілетін критерийлердің жабық бөлігі бизнес пен сараптамалық қоғамдастық тарапынан наразылық туғызуда.

Көбінесе кәсіпкерлер мен бухгалтерлер салық берешегінің жоқтығына және есеп беру мерзімін бұзғанына қарамастан, олардың компанияларына неге жоғары тәуекел дәрежесі берілетінін түсіндіруді сұрайды. Тәуекелдің «төмен» дәрежесі «орташа» немесе тіпті «жоғары» болып өзгеретін жағдайлар да байқалады. Бұндай өзгерістердің себептері кәсіпкерлер үшін – жұмбақ. Ал, салықшылар ақпараттың «жабық сипатына» сілтеме жасайды.

ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы №252 бұйрығымен бекітілген «Құпия ақпарат болып табылмайтын өлшемшарттар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидаларында» тәуекелдің қорытынды дәрежесіне әсер ететін 13 критерий ашық жазылған.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №592-ДСП бұйрығымен құпия критерийлер белгіленген. Оның саны да, мәні де, мәтіні де белгісіз.

Егер кәсіпкер ашық критерийлер бойынша өзінің әрекеттеріне баға беріп, заңды бұзбауға мүмкіндік алса, жабық критерийлерді қолдану толығымен салықшының қолында.

Бұндай жағдай, бизнеске өзінің қаржылық-шаруашылық қызметінің тәуекелдерін дербес бағалауды жүргізуге және өзінің салық міндеттемелерін дұрыс орындауға мүмкіндік бермейді, сондай-ақ орасан зор сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызады.

Біздің ойымызша, СУР критерийлерінің құпиялылығы Салық кодексінің 6-шы және 10-шы баптарында жарияланған салық салудың айқындылық пен жариялылық қағидаттарына қайшы келеді. Салық салу мәселелерін реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде ресми жариялануға жатады.

Бұл мәселелерді «Ақ жол» партиясы көптеген жылдар бойы үкіметтің алдына қойып келеді.

Соларға жауаптардың бірінде, құпия критерийлерді бекіту жөніндегі Мемлекеттік кірістер комитетінің актілері ішкі ведомстволық қызметті ғана реттейді, сондықтан жариялануға міндетті емес делінген кері жауап келді.

Бұндай позициямен келісе алмаймыз, өйткені осы актілерің салдарынан мыңдаған кәсіпкерлер тәуекелге бас иуде, ал салық органдары өз еркінше тексерістер тағайындауда.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Мәжілістің VIII шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуында «Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет» деген болатын.

Ал, жаңа Салық кодексінің презентациясында Қаржы вице-министрі «төмен, орташа және жоғары тәуекелдерге санаттауды толығымен алып тастаймыз, сондықтан критерийлерді жариялаудың мағынасы жоқ» деп мәлімдеді.

Егер, салық саясаты осындай бағытта жүргізілетін болса, жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін кәсіпкерлерді қорқынышта ұстап отырудың қандай қажеттілігі бар? Әлде осы уақыт ішінде тексерулерді үдете түсіп, барынша айыппұл салып үлгеру жоспары бар ма?

Баяндалғанның негізінде, құрметті Мәди Төкешұлы, «Ақ жол» фракциясы тәуекелдерді басқарудың жүйесінің құпия критерийлерін жариялауды қайтадан талап етеді.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Бейсенбаев Е.

Перуашев А.

Еспаева Д.

Иса Қ.

Барлыбаев Е.

Ерубаев С.