Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. А. Смайыловқа
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ауыл шаруашылығы
экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты
өркендетуге басымдық береміз" деп атап көрсетті.
Бұл сөз жоқ, мемлекеттің алдында тұрған күрделі және мәні зор қажетті
міндет. Осы кешенді бағыт-бағдардың жүзеге асуына бірден-бір жауапты
министрліктер мен ведомстволардың жұмысы барынша жанданып, экономикалық тиімділігі
анағұрлым артуы тиіс еді.
Алайда, шын мәнінде бұлай болмай отыр. Парламент Мәжілісінің осы залында
екі жылдан бері біз ауыл шаруашылығының проблемаларын жүйелі және дер кезінде
шешуге қатысты қаншама депутаттық сауал жолдадық. Өкінішке қарай, баяғы жартас,
сол жартас. Шаруалардың жанайқайын Үкімет әлі естімей келеді.
Қағаз жүзінде бәрі де қатып тұрғаны болмаса, айтарлықтай өзгерістерді
қарапайым адамдар сезініп отырған жоқ. Біз бүгіндері өз міндетін
орындауда Ауыл шаруашылығы министрлігінің халық алдында қалай есеп
беретініне қайран қаламыз. Себебін айтсақ, есіңіз шығады.
Мәселен, ветеринария жұмысында былық пен кемшіліктер шаш етектен. Жарты жыл
бойы осы салаға жауапты комитет төрағасы мен вице-министр тағайындалмады.
Соның салдарынан 8 ай бойы егілетін вакцина қолға тимеді. Соншама уақытта
жиналған екпені бір айда жаппай салуға болмайтынын, оның оқуын оқымаған шаруа
да біледі. Мұның ақыры қаншама мал ауруға ұшырап, мол қаржыға сатып алынса да,
пайдаланылмаған екпе қоқысқа төгілді. Экспортқа суытылған ет шығарамыз деген
үмітінен айырылды. Бірақ, министрлік міз бақпады.
Өткен жылы біраз аймақтарда жемшөп тапшылығынан жұт болды. Үкіметтің
қажетті көмегі дер кезінде көрсетілмеді. Министрлік болса, ашқұрсақ малдың
жайын ескермей, егер төлі 75 пайыз болмаса, субсидия берілмейді және
зоотехнорма бойынша 5% артық шығын
болмау керек деген бұйрық шығарды.
Малшылардың бірі субсидиядан айырылса, екіншісі құжаттарын бұйрыққа сай
келтіреміз дегеннің арқасында, жалған құжатпен істі болды. Мазасын алған бұл
шешімді мал баққан адамдар қолдамады. Арық-тұрақ малдарын сата алмаған
ағайындар, уақытында несие қарызын жаба алмай, айыппұл төлеп, кемінде 5 жылға
дейін несие алу мүмкіндігінен айырылды. Министрлік болса, бұл мәселеде де
ешкімге есеп бермеді.
Диқандар да биыл қиындықтарға тап болды. Маңдай терін төгіп, егін еккен
адамдар астықтарын өткізе алмай отыр. Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер
комитетінің мүшелері Қазақстан темір жолы, астық өндіру, ұн шығару одақтары
және министрлік басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, депутаттық сауал да жолдады.
Осыған байланысты, Премьер-министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр 13
қазандағы сауалға жазбаша берген жауабында 10500 вагон бар, экспортерлардың
бүкіл қажеттіліктері шешіледі деп сендірген еді.
Өкінішке қарай, жағдай түзелмеді. Астықтарын өткізе алмаған диқандар
сабылып жүр. Олар енді желтоқсан айына дейін жағдай түзелмесе, несие қарызын
өтей алмайды. Келесі жылы несиеден айырылады деген сөз. Бұған жаны ашып, шырылдаған
қай министрді көрдіңіздер?
Енді, елімізде сүт және сүт өндіру ісінде таңғаларлық жағдайдан шу шықты. Еңбек
адамдары сүтке берілетін субсидияны екі есе төмендетуді ұсынған Ауыл
шаруашылығы министрлігінің бастамасына ашу, реніш білдіруде. Бұл неден туындап
отыр? Сиыр бар, сүт жоқ! дейміз бе сонда?
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2021 жылы 219 млрд. бөлінсе, қазіргі уақытта
420 млрд теңге субсидияға көтерілді деді. Ендеше неге фермерлерге берілетін
субсидиялар көбеюдің орнына, азайып барады?
Көп жағдайда Үкімет сырғытпа жауап беріп үйреніп қалған. Тағы бір кінәрат -
біздегі статистикаға да сену қиын. Ел ішінде осы салаға 5 жылда 2 трлн. теңге
бөлінді деген ақпарат бар. Бірақ министрліктің әр жылға бөлінген субсидиялары
бойынша жазбаша ақпаратқа сүйенсек, 5 жылда ол 1 трлн.ға да жетпейді.
Біз қашанға дейін жалған статистикамен өмір сүреміз? Жалған статистиканы
беретіндер жауапқа тартылмай, еш нәрсе өзгермейді.
Жалған деректермен қалай мемлекеттің даму стратегиясын жасаймыз?
Ауыл шаруашылығының субсидияларын қысқарту жалғаса беретін болса, қалай
азық-түлік қауіпсіздігін жасап, халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етеміз?
Мемлекет ауылды медицинамен қамтып, мектеп, клуб салып берсе де, ертең
соған баратын шал кемпірден басқа адам қалмауы мүмкін. Ол үшін біз ең
біріншіден ауыл шаруашылығын көтеруіміз керек. Сонда ғана ауылдың еңсесі биік
болады.
Кезінде АҚШ президенті Рузвельд 100 жыл бұрын Конгресске қарсы шығып, ауыл
шаруашылық субсидиясын қолдамай, оны қысқарта беретін болсақ, бүкіл Америка
Вашингтон мен Нью-Иоркте тұрады деген болатын. Енді біз де сол сияқты, ауыл шаруашылығының субсидияларын қысқартып,
оны басқа салаларға салғымыз келеді.
Түйіндеп айтсақ, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан,
жаңғыртудың жолына шыға алмай, реформалық жетістіктерді өз дәрежесінде қолдамай
отырғаны Үкіметтің де қызметіне өткір сын айтуды туындатады.
Қоғамда қалыптасқан орынды сынға назар салмайтын министрліктің жұмысына
әділ баға берілмейтіні тіптен түсініксіз. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын
Әділетті Қазақстан талаптарымен дамытуды қолға алудың уақыты келді.
Бұдан әрі біз:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық өңірде Мемлекет Басшысы алдына қойып
отырған міндеттерді жүзеге асыру туралы есеп беруін жұмыс тәртібіне енгізуді;
- жұмыс жасап отырған шаруаларды қанай бермей, оларға жағдай жасап айыппұл
мен пеняны алып тастап, қара тізімді жоюды;
- субсидияларын дер кезінде төлеп, шаруаларға ұзақ мерзімге қолжетімді несие беру жолын қарастыруды сұраймыз.
Сонда ғана, халық пен билік арасындағы тиімділік пен ашықтық қалыптасып,
әділеттіліктің құндылығы артады. Сонда ғана халық пен мемлекет алдындағы
жауапкершіліктің қатал талабы сұралады.
Депутаттық сауалымызға тиісті заң талабы бойынша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
"Ақ жол" фракциясының
депутаттары
А.
Әбілдаев
А.
Перуашев
А. Жұмабаева
Б. Дүйсенбинов
Ғ. Хамзин
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Е. Ерубаев
Е. Өмірғали
Қ. Иса
М. Раманкұлов
Ф. Сатыбаев
Аграрлық мәселелер комитетінің
мүшелері
А.
Амирханян
А. Бердалин
А. Қоңыров
А. Үйсімбаев
Б. Оспанов
Б. Сартбаев
Б. Торғаев
Қ. Абасов
М. Төлепберген
Н. Ожаев
Ф. Қаратаев
Ш. Осин