Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
Энергетика министрлігінің жанар-жағармай бағасының көтерілетіндігі туралы мәлімдемесі халықтың үлкен наразылығын тудырды.
Сонымен қатар, нарықтық экономика жағдайында бағаны жасанды ұстау шетелдік және көлеңкелі субъектілердің ішкі жанар-жағармай нарығын тауысуына алып келеді, бұл ұлттық экономикаға тікелей залал келтіреді.
Көрші елдерге жанар-жағармай экспортының артуы жағдайында тапшылықты болдырмау үшін бағаны теңестіру амалсыз, бірақ прагматикалық шешім болғанын мойындауымыз керек.
Дегенмен, Үкімет қосылған құн тізбегіндегі бағалардың, ең алдымен коммуналдық қызмет тарифтері мен ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының өсуінің салдарын ескермей, бұл мәселеге жартыкеш келді деп есептейміз.
Мұндай тәсілмен жанар-жағармай бағасының көтерілуі халықтың аз қамтылған топтарына, сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне, шағын және орта бизнеске зиянын тигізеді.
Жанар-жағармай материалдарының баға құрылымы өз алдына бөлек мәселе.
Мысалы, Ресейде бір литр бензиндегі шикізат құны 12 пайызды, ал 69 пайызын салық пен акциздер құрайды. Яғни, жанармай табысы бірінші кезекте бюджетке түседі.
Қазақстанда бензин бағасы бойынша шикізат құны 58%, ал салық бар болғаны 15%, яғни, бізде бағаның көтерілуінен пайда көріп отырған мұнай компаниялары мен делдалдар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мұндай делдалдарды анықтап, жұмысын шектеуді талап етуі бекер емес.
Бұл бақылаушы органдар айналысуы тиіс мәселе!
Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» фракциясы мыналарды ұсынады:
1. Жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімді халықтың аз қамтылған топтарын қорғау шараларымен толықтыру, атап айтқанда, осы тізбекке байланысты шығыстар (коммуналдық қызметтер, көлік) үшін адресті жәрдемақы төлемдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру.
2. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды (азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім және аяқ киім) өндіретін шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешені өкілдері үшін жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты (энергия және көлік шығындарына) белгіленген тарифтер енгізу мәселесін пысықтау.
3. Мұнай-газ саласындағы делдалдық фирмаларды анықтап, қызметін шектеу бойынша шаралар қабылдау.
4. Сонымен қатар, жанар-жағармайды шығарудың шектелмеуімен қатар, нарықтағы сұраныстың төмен болуына байланысты мұнай өнімдерінің нафта, пеш және кеме жанармайы сияқты түрлерін экспорттауға рұқсат беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары