ҚР Премьер-Министрі
О.Бектеновке
Мемлекет басшысы
Қ.Тоқаев өзінің 2019 жылғы алғашқы Жолдауында туризмді, әсіресе экотуризм мен
этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет,
туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып,
білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету керек деп атап өткен болатын.
Бұл мәселені
Президент 2023 жылғы Жолдауында, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай
жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді деп,
Үкіметті тағы да сынға алды.
1992 жылдан бері
бірінші «Туризм туралы» Заң қабылданғаннан бастап, туризм саласын дамыту
бойынша мемлекеттік бағдармалар қойылған мақсаттарына жетпей жатып, келесілері
қабылданып отырды. Енді міне, соңғы құжат, Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы
қаулысымен, туристік саланы дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған
тұжырымдамасы бекітілді. Бұл концепциямен танысу барысында Президентіміз қойып
отырған туризм саласындағы нақты мәселелерді шешетін құрал көріп отырған
жоқпыз.
Әлемнің көптеген
мемлекеттері агротуризмді дамытудың өзіндік жолдарын қалыптастырып, бүгінгі
күні үлкен пайдаға кенеліп отыр, себебі ауылдық туризм әлемдік туристік
индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан саласы.
Қазіргі таңда
агротуризм Еуропада кеңінен таралған құбылыс болып отыр. Әр жыл сайын Италия,
Франция, Испания бірнеше миллион агротуристерді қабылдайды. Ресей мен Беларусь
елдері де туризмнің агротуризм сынды табысты түріне айрықша көңіл бөлуде, әрі
оны жан-жақты қолдап, дамытуда.
Мысалы,
Беларусияда ауылдық туризм саласын құруға бұйрық берді. Бұндай кәсіпкерлік
түрімен айналысқысы келетін шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан барынша
қолдау көрсетіліп, соңғы 10 жылда агротуризм шаруашылықтарының саны 66 есе,
туристердің саны 30 есе өсті. Бұл шағын шаруа қожалықтарының негізгі кәсібіне
едәуір қосымша кіріс көзіне айналды.
Ал қазақ
ауылдарында бір киіз үйді құрып жіберіп, балдай қымыз сапырып, бауырсақ пен
қазы-қарта ұсынып, май шайқау, күбі ыстау, қымыз пісу сынды дала дәстүрінің
дара салтын көрсететін керемет мастер-класстар өткізуге болар еді. Оған
атбегілік, құсбегілік өнерді қосса, қазақтың домбырасын күмбірлетіп, қоңыр әнін
әуелетіп арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, шет елдік туристердің экзотикаға
деген, отандық туристердің қызықты демалысқа деген үлкен сұранысын
қанағаттандыратын турөнімді жасап шығаруға кең көлемді мүмкіндік берер еді.
Жалпы алғанда,
Қазақстан Республикасында агротуризмді дамымаған сала ретінде сипаттауға
болады. Көрікті жерлерде орналасқан ауылдық аймақтардың көбі ауылдық туризмді
дамытуға қажетті барлық табиғи, тарихи, мәдени ресурстарға ие, бірақ бұнда сол
ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін агротуризм инфрақұрылымы жоқ.
Сондықтан да,
шетелдік тәжірибені оңтайлы қолдану бұл өңірдің болашағы үшін аса маңызды,
себебі агротуризмді дамыту өңірдің туристік ресурстарының тиімділігін
арттырудың басты кепілі болмақ. Сонымен қатар, осы саланы дамытудың арқасында,
ауылды жерлерде жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл халқы өзінің туған мекенінде еңбек
етуге мүмкіндік берер еді.
Қазіргі уақытта,
Қазақстанда агротуризмді (ауылдық туризмді) дамытуда мүлде шешімін таппаған
проблемалар байқалады орын алып отыр.
Біріншіден,
нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы. Президент Жолдауында және жоғарыда
аталған туризмді дамыту тұжырымдамасында белгіленген осы сала, басқа ешбір
заңнамалық актілерде өз көрінісін таппай отыр. Тіпті, салалық «Туристік қызмет
туралы» Заңда бұндай ұғым мүлде жоқ. Ал, жер заңнамасы, ауылшаруашылығы
мақсатындағы жерлерде салынған туристік құрылыс нысандарын заңдастыруға жол
бермейді, яғни ондай нысандар несие алуға да кепіл бола алмайды.
Екіншіден,
агротуризмді ауыл шаруашылығынан бөлуге келмейтіндігін атап өту қажет.
Агротуризм, туризм және ауыл шаруашылығы салаларын бірден қамтиды. Алайда,
туристік субъект болып есептелетін шаруа қожалығы ауыл шаруашылық
субъектілеріне берілетін мемлекеттік қолдаудан тыс қалады.
Керісінше, туристік
сала бойынша қолдауды, шаруа қожалығы да ала алмайды. Сондықтан, агротуризм
саласын дамытуға арналған бағдарламалық құжатты әзірлеуге Туризм және спорт
министрлігі Ауылшаруашылық министрлігімен бірге тізе қосып қатысуы керек деп
есептейміз.
Жоғарыда
баяндалғанды түйіндей келе, құрметті Олжас Абайұлы, агро- эко- этнотуризм
саласын дамыту мәселесін қолға алып, Туризм және Ауылшаруашылық
министрліктеріне салааралық қарым-қатынасты үйлестіру бойынша іс-қимыл шаралар
жоспарын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймыз.
Бұл құжатта шетел тәжрибесін пайдалана отырып, қолжетімді несие, қаржылай және заттай гранттар, салықтық жеңілдіктер сияқты мемлекеттік қолдау шаралары түсінікті түрде бюрократиялық кідірістерсіз белгіленуі қажет деп есептейміз.
Құрметпен,
“Ақ жол”
фракциясының депутаттары
Е.Бейсенбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
А.Садықов