ҚР Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Ә. А. Смайыловқа
2014 жылы Қазақстанда жекешелендірудің үшінші толқыны басталғаны белгілі. Кез-келген кәсіпорынды жекешелендірудің мәні оның тиімділігі мен ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің тиісті бағаны алуы болып табылады.
Сонымен қатар, кейбір тартымды нысандарды жекешелендіру кезінде нақтылық пен тазалыққа қатысты сұрақтар туындайды.
Мысалы, Семей қаласының халықаралық әуежайы бір кездері жекешелендірілді, алайда 2018 жылы облыс әкімдігінің талабы бойынша мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ал жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес ол қайтадан сатылымға шығарылды.
Осы Жоспарға сәйкес бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған коммуналдық меншік ұйымдарының тізіміне Ақтөбе қаласындағы «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ да енгізілді.
Ізденушілер арасында өтінімдерді қабылдау ертең, яғни 9 қыркүйекте аяқталады. Нысанның құны 7,3 млрд. теңгеге бағаланды.
Алайда, баспасөз, нақтылай айтқанда көпшілікке танымал «Время» республикалық газеті осы процестің тазалығы мен ашықтығына күмән тудыратын бірқатар мәселелерді көтерді.
Ең алдымен, объектінің бағалау құнының барабарлығы сұрақ туғызады.
Әуежай кешеніне терминал, сондай-ақ әкімшілік ғимарат, бажсыз сауда аймағы, коммерциялық алаңдар, қоймалар, арнайы техника мен көлік, инженерлік желілер, отын-энергетика кешені және оған теміржол желісі кіреді. Ғимараттар, жабдықтар және барлық инфрақұрылым ICAO (халықаралық азаматтық авиация ұйымы) халықаралық стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес келтірілген.
Әуежай аэродромы 1 класқа жатқызылған, Ил-86, Боинг 727-200 және Ан-124 ауыр жүк тиеуді қоса алғанда, ұшақтардың көптеген түрлерін қабылдауға қабілетті.
Әуежай Батыс Еуропаны Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын ірі халықаралық аэронавигациялық трассалардың қиылысында орналасқан, Батыс Қазақстанды ғана емес, көршілес Ресейдің іргелес өңірлерін де жүк ағынымен қамтамасыз етуге қабілетті.
Іс жүзінде бұл стратегиялық маңызы бар ірі әуе-көліктік жолаушылар және жүк торабы.
Азаматтық авиациядан басқа әуеайлақта әскери авиация — ҚР Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының оқу ұшақтары да орналасқан.
Соңғы бес жыл ішінде Әуежай тұрақты түрде бюджетке 130 миллион теңгеге дейін салық төлейді, ал ағымдағы жылдың 8 айында бюджетке 165 миллион теңге енгізді. Бұл пандемияға қарамастан кәсіпорынның қаржылай айналымы артып келе жатқанын көрсетеді.
Осыған орай, БАҚ-та көтерілген мәселелер негізді болып көрінеді.
Егер бірнеше жыл бұрын ғана әлеуетті халықаралық инвестор 3 есе үлкен сомаға меморандумға қол қойса, бүгінде әуежай неге 7,5 млрд теңгеге бағаланады?
Бұл мәміленің жасалмағанына кім және не үшін ықпал етті?
Кешенді бағалау қалай және қаншалықты негізделген?
Журналист-тергеуші Михаил Козачков «Независимая экспертная оценка» ЖШС жүргізген жұмыстың үлкен көлемін 130 мың теңгеге бағалағанын анықтады. Фирма Алматыда бір кабинетті жалға алып жұмыс жасайды. Әуежайды бағалау үшін төленген ақы Ақтөбеге бір рет ұшып келуге және кері қайтуға, әуе билеттеріне, қонақүйге және кафеде түскі асқа ғана жетеді.
Неліктен пайдасы үнемі өсіп отыратын үлкен кәсіпорынның тағдырын маңызды аудиторлық компания емес, түсініксіз беделі бар шағын ЖШС шешеді? Бағалау процедурасы (Due Diligence) әдетте айтарлықтай уақытты алады және лайықты сома төленеді, бірақ қорытындының объективтілігіне ешкім күмән келтірмейді. Ал «Независимая экспертная оценка» ЖШС жұмысты бір ай ішінде аяқтаған, ол комплексті қағаздар бойынша ғана бағалағаны немесе нарықтағы нақты жағдайы мен әлеуетіне назар аударғаны түсініксіз.
Мұндай жағдайларда бізге аталған әуежайға қатысты іс-әрекеттердің қасақана сипаты туралы баспасөзде айтылған болжамдар негізді болып көрінеді.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, құрметті Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы төмендегілерді сұрайды:
1) «Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы» мүліктік кешенінің бағалау құнының негізділігін тексеруге бастамашылық жасау;
2) «Независимая экспертная оценка» ЖШС және оның ірі объектілерді бағалаудағы алдыңғы тәжірибесі туралы ақпарат беру;
3) Лауазымды тұлғалардың ықтимал мүдделілігін және олардың көрсетілген әуежайды жекешелендіру процесін ұйымдастырушылармен үлестестігін тексеру.
«Ақ жол» фракциясы нарықтық реформалардың және экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқартудың табанды жақтаушысы болып табылады.
Сонымен қатар, нарықтық экономиканың маңызды шарты адал бәсекелестік бұл жағдайда қауіп төндіріп отыр.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары