ҚР Қаржы министрі
Е. Жамаубаевқа
«Ақ жол» демократиялық партиясына кәсіпкерлік субъектілерден тауарға ілеспе жүкқұжатты (бұдан әрі - ТІЖ) ресімдеу жөніндегі проблемаларға қатысты көптеген өтініштер келіп түсуде.
ТІЖ өзінің тек электрондық нысанына қарамастан, толыққанды бастапқы бухгалтерлік құжат болып танылады және тауарға ілеспе құжаттар пакетінің құрамына кіреді. Бұл сатушы (импорттаушы) салық және кеден органдарына қағаз жүкқұжаттарын ұсынбай, тауарларды әкелу немесе жөнелту кезінде ТІЖ қолдана алатындығын білдіреді.
ТІЖ-ын қазақстандық кәсіпкерлер мен ұйымдар тауарларды ел ішінде сату, жөнелту, өткізу кезінде; Қазақстанға тауарлар импорты кезінде; тауарларды шетелге экспорттау кезінде ресімдейді.
Алайда, бүгінгі күні біздің қазақстандық кәсіпорындар жеткізуші-импорттаушылардан жөнелту құжаттарын алдын ала электрондық пошта арқылы ала отырып, импортталатын өнімге ТІЖ жазып беруге мәжбүр. Олардың көпшілігі қойылған талаптармен келісіп, жөнелту құжаттарын ұсынады. Алайда мұны жасаудан бас тартып жатқандар да бар.
Осыған байланысты, қазақстандық кәсіпорындар - біздің салық төлеушілерде ТІЖ шығармағаны үшін айыппұл алу тәуекелі туындайды.
Отандық өндірушілер ТІЖ енгізу бухгалтерлердің жұмысын едәуір қиындатқанын, бағдарлама бірқатар параметрлер бойынша электрондық шот-фактураны қайталайтынын, сонымен қатар жұмыс процесін тежейтін көптеген сәйкессіздіктерге ие екенін хабарлауда. Сонымен қатар, кәсіпкерлер бухгалтерлердің қосымша штатына, есептік бағдарламаларды жүргізуге және пысықтауға арналған шығыстарын ұлғайғанын айтуда.
Сонымен қатар, бухгалтерлік есеп жүйесінің өзі жаңа талаптарға әлі бейімделмеген. Дегенмен, жаңа құралды енгізу, теориялық тұрғыдан бұрынғы есеп беруді қысқартумен бірге жүруі керек. Бірақ бұл болмай тұр.
Бұл жаңашылдықты «пилоттық жоба» ретінде енгізген кезде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ТІЖ пайдалану салық төлеушілердің құжат айналымына жұмсайтын шығындарын азайтуға мүмкіндік береді және кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді деп сендірді.
Сонымен қатар, ТІЖ ҚР «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» заңында көзделген қорларды басқа жаққа беруге арналған жүкқұжаттарды ауыстырады деп болжанды. Қорларды басқа жаққа жіберуге арналған жүкқұжат (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығына 26-қосымшаға сәйкес З-2 нысаны бойынша) бастапқы есепке алу құжатының нысаны болып табылады, оның негізінде қойма қорларын есептен шығару жүргізіледі.
Алайда, бұрынғы нысанды ешкім жойған жоқ, онсыз тауарлар есептен шығарылмайды.
Бұдан басқа, ТІЖ екінші жыл пилоттық режимде, яғни эксперимент ретінде қолданылатынына қарамастан, Салық кодексінің 176-бабында 2019 жылдан бастап салық төлеушілердің ТІЖ ресімдеу міндеті жүктелген, ал ӘҚБтК-ге әрбір үтір үшін 100-ден 600 мың теңгеге дейін ТІЖ жазып беруді бұзғаны үшін айыппұлдар енгізілген.
Қаржы министрлігі тарапынан ахуалды шынайы бағалаудың және жергілікті кәсіпкерлердің, оның ішінде «Ақ жол» фракциясының депутаттары арқылы берілген сигналдардың арқасында Қаржы министрлігінің басшылығы бірқатар мәселелерде ШОБ-қа бет бұрды, атап айтқанда, бөлшек саудада ТІЖ қолданудың міндетті еместігі туралы мәлімдеді.
Кәсіпкерлер мен біздің фракцияның атынан осы шешім қабылданғаны үшін министрлік пен Үкіметке алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ, өндірістік бизнес үшін есеп берудің бұл түрі үлкен проблемалар туғызады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, бизнеске әкімшілік жүктеменің өсуіне байланысты «Ақ жол» демпартиясының фракциясы Мемлекеттік кірістер комитетіне ТІЖ параметрлерін қайталайтын есептілікті ілеспелі түрде алып тастау туралы мәселені қарауды; анықталатын техникалық олқылықтарды жоюды және тауарды есептен шығару және т. б сияқты бірқатар функцияларды шұғыл тәртіппен автоматтандыруды ұсынады.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары