21
Сәуір

21.04.2021

«Ақ жол»: Табиғи байлығымызды сатудан түскен пайда елде қалуы керек

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В. Скляр мырзаға

Өткен жылдың 1 қазаны мен 11 қарашасында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметке 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің 278-бабы 29-тармағының қолданысы тоқтатылатыны туралы сауалдар жолдады. Оған сәйкес ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуы кезінде қазақстандық кәсіпорындар артықшылықтарға ие еді.

Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушылар сатып алатын тауарлардағы жергілікті қамту үлесі 10-12%-ды құрайды. Осылайша, қаражаттың шамамен 90%-ы, яғни бірнеше триллион теңге шетелге кетеді.

Жұмыс пен қызмет бойынша жағдай біршама жақсы, бірақ оларда да қаражаттың едәуір бөлігі шетелдік мердігерлерге тиесілі.

Алайда бұл ақша біздің табиғи байлығымызды сатудан түскен пайда екенін ұмытпауымыз керек. Олар біздің экономикамызда қалып, жергілікті өндірістердің айналымына түсіп, қазақстандық азаматтардың жалақысына төленіп, бюджетке салық түрінде түсуі керек.

Өз сауалдардымызда біз норманың қолданылуын тоқтату 58 мың отандық өндірушілер мен мердігерлерге залал келтіретінін атап өттік. 8 сәуірде «Ақ жол» демократиялық партиясына бірқатар салалық бизнес қауымдастықтары өтініш білдірді.  

Әрине, Үкімет тиісті шараларды қабылдауға тырысуда, уәкілетті министрліктер шетелдік шикізат өндірушілермен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы Ерікті келісім әзірледі, онда жергілікті қамтудың нысаналы орташа көрсеткіштері көзделген: тауарларда – 32%, жұмыстарда - 82%, қызметтерде - 87%.

Алайда, бұл тәсіл «аурухананың орташа температурасын» еске түсіреді. Себебі қазақстандық кәсіпорындар инвесторлардың қажеттіліктерін 100%-ға дейін қамтамасыз ете алатын өнім түрлері бар (мысалы, арнайы киім, ілмекті арматура өндіру, цемент жеткізу, асфальтбетон жұмыстарын орындау және т.б.).

Ал отандық бизнес қатыспайтын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер топтары бойынша «Самұрық-Қазына» қорының оффтейк-келісімшарттар саясатына ұқсас ынталандыру шаралары қажет. Содан кейін бұл индикаторды ағымдағы тәртіпте бақылау қажет.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы келесілерді ұсынады:

  1. шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлік Қызметті ынталандыру жөніндегі келісімдерде жергілікті қамту үлесінің талаптарын отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін ескере отырып, ТАУАРЛАРДЫҢ ӘРБІР ТҮРІ БОЙЫНША бөлек айқындау;
  2. мәселені егжей-тегжейлі пысықтау үшін кәсіпкерлердің салалық одақтарын әрбір Келісімді дайындауға тарту;
  3. «коронакризис» кезеңінде ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісімдер жергілікті қамтуды орындау бөлігінде ерікті емес, директивтік сипатта болуға тиіс;
  • сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар мен монополистерді қоғамдық бақылау аймағына қосуды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары