20
Наурыз

20.03.2024

Бизнесті ҚТЖ—ның басып алуынан қорғау керек

ҚР Премьер-Министрі 

О.А. Бектеновке 

ҚР Бас Прокуроры 

Б.Н. Асыловқа

«Ақ жол» демпартиясы 2017 жылдан бері ҚТЖ мен жеке кәсіпорындарға тиесілі кірме жолдарды «ЦТС» АҚ-ның заңсыз басып алуы мәселесін бірнеше рет көтерді.

Тек 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «соңғы километр» мәселесін шешу туралы тікелей тапсырмасынан кейін бұл нысандар «ҚТЖ» АҚ-на қайтарылды.

Тек біздің депутаттық сауалдарымыздан кейін ғана теміржолдар жеке компанияларға қайтарыла бастады.

Алайда, бүгінде жеке кәсіпорындардың теміржолдарын енді ҚТЖ-ның өзі заңсыз басып алу қаупі туындап отыр.

Мұндай мәселемен «Ақ жол» демпартиясына Маңғыстаудағы «Каскор-Транссервис» АҚ жүгінді.

Компанияның балансында 150 шақырымнан астам кірме жолдары, 54 станциялық жол, локомотив депосы, вагон паркін жөндеу депосы, доңғалақ-роликтік цехы, тексеру зертханасы, 14 бірлік локомотив бар. Барлық қолданыстағы жолдар мен құрылыстарды «Каскор-Транссервис» АҚ әуелден-ақ жеке инвестициялар есебінен салған және олар ешқашан ҚТЖ-ға тиесілі болмаған.

Бұл ретте Көлік министрлігі «Магистральдық темір жол желісіне кіретін магистральдық жолдардың тізбесін бекіту туралы» 2015 жылғы 23 ақпандағы №144 бұйрығына өзгеріс енгізген, соған сәйкес «Каскор-Транссервис» АҚ кірме жолдарының үш тармағы магистралды жолдар санатына жататындықтан, ҚТЖ-ға берілуі керек екен.

Кәсіпорынның заңды жеке меншігіне қол сұғумен және оған тікелей залал келтірумен қатар, мұндай шешім «Темір жол көлігі туралы» Заңның 1-бабын (39-тармағы) бұзады, онда магистралды жолдардың анықтамасы берілген, ол жалпы кірме жолдарға әсер етпейді.  Оның үстіне «Каскор-Транссервис» АҚ кірме жолдары ҚТЖ-ның не магистральдық, не станциялық жолдарына қосылмайды, ал магистралды желі желінің барлық бөліктерін байланыстыратын негізгі желі болғандықтан солай аталады.

«Каскор-Транссервис» АҚ кіреберіс жолдарын тартып алу контр-агенттердің мүдделерінен туындамағанын ескеру керек. Себебі Компания тарифтерінің 70 пайыздан астамын мемлекет реттейді, ал реттелмейтін тарифтер «ҚТЖ» АҚ тарифтерімен бірдей.

Мемлекеттік органның мұндай айла-шарғыларының бірден-бір мақсаты ҚТЖ мүддесі үшін жеке компанияның нысандарын рейдерлік жолмен басып алу және мүмкін кейіннен үшінші тұлғаға жекешелендіріп беру болуы мүмкін.

ҚТЖ компаниясының ұлттық статусын пайдаланып мемлекеттің мүддесін желеу етіп отырғаны айдан анық.

Сондай-ақ, бұл кірме жолдарды «магистралды» деп тану міндетті түрде «Каскор-Транссервис» АҚ-ның жолдарына қосылатын 200-ден астам желі иелерінің жұмысын тоқтататынын ескерген жөн, себебі, маневрлік тепловоздарға магистральдық жолдармен жүруге тыйым салынған. Ал бұл вагондарды кәсіпорындарға жеткізу және алудың мүмкін еместігіне әкеп соғады.

Кәсіпкерлер атап өткендей, олардың кірме жолдарын магистралды жолдар қатарына жатқызу мәселесін Көлік министрлігі мен «ҚТЖ» АҚ бір жарым жылдан бері талқылап келеді. Алайда, барлық келіссөздер осы жолдар иелерінсіз, яғни, олардың қатысуынсыз жүргізілген.

"Жолдардың статусын өзгерту" деген желеумен жеке бизнестің мүлкін тартып алу - мемлекеттің және жеке тұлғалардың жеке мүлкінің тең қорғалуына кепілдік беретін Республика Конституциясының 6 бабын өрескел бұзу.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы жеке бизнестің мүдделерін қорғап, компанияның заңды мүлкін рейдерлік жолмен басып алудың алдын алу бойынша шара қабылдауды талап етеді.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев