ҚР Премьер-министрі
О. Бектеновке
Бір апта бұрын, 8 мамырда Мемлекет басшысы "Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы" Жарлыққа қол қойған еді.
Бүкіл экономиканы квазимемлекеттік сектордың қолына беріп қоймау туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" Жолдауы мен биыл 7 ақпанда Үкімет отырыс үстінде айтқан болатын.
«Ақ жол» фракциясы 2021 жылдың 26 мамырында, 2023 жылдың 19 қаңтарында және да т.б. депутаттық сауалдарында Экономиканы оңтайландыру бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру туралы алдыңғы үкіметке бірнеше сауал жолдағанбыз.
Сондықтан, "Ақ жол" демократиялық партиясы жоғарыда аталған Жарлықты тұтастай қолдап, атқару бойынша нақты қадамдарды әзірлеп, жүзеге асыруға дайын екендігін мәлімдейді.
Құжаттың ішінгдегі біздер үшін ең маңызды бірнеше бағытын ерекше айтқым келеді, бұлар:
- жеке меншікке қол сұқпауды қамтамасыз ету;
- нарықта әділ бәсекелестікті қорғау;
- бизнестің мемлекеттік органдармен қарым-қатынасының шығындарын төмендету және т.б.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі тапсырмаларын аса өзекті деп санаймыз:
- жыл соңына дейін барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік активтердің ревизиясын жасау;
- жекешелендіру бойынша Ұлттық офис құру;
- әрбір берілетін мемлекеттік актив бойынша жекешелендірудің шарттары мен тәсілдерін анықтау;
- жеке бизнестің ұсынысы бойынша мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мүмкіндігі;
- жеке монополиялардың құрылуын болдырмау;
- мемлекеттік көздерден алынған қаржыны жекешелендіру үшін пайдалануға тиым салу
Оңтайландыру аясында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазынаның" сатып алу жүйесін қайта қарауды талап еткені аса маңызды. Оның басты критерийі елдік құндылық үлесінің, яғни, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің артуы болуы керек.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу кезінде, екіден аса жеке бизнес қатысса, онда тендерге квазимемлекеттік кәсіпорындарды қатыстырмау тапсырылды.
Құрметті әріптестер, біздер жиырма минут-ақ бұрын Мемлекеттік сатып алу туралы заңын екінші оқылымда қабылдадық.
Сонда "Ақ жол" фракциясының дәл Президент тапсырғандай түзетуі де енгізілді.
Яғни біздер Мемлекет басшысының бұл нақты тапсырмасын бүгіннің өзінде орындадық деп айтқым келеді.
Аталмыш Жарлықта жаңа банктер мен шетелдік банктердің филиалдарын ашу үшін шарттарды оңтайландыру жөніндегі талаптың да жүйелік маңызы бар.
Ірі банктерді мәжбүрлі бөлшектеу мен кәсіпкерлер үшін несиелердің қол жетімділігін жақсарту мақсатында банктердің бәсекелестігін арттыру секілді ұсыныстарды - фракциямыз соңғы жылдары талмай айтып келеді (мысалы, 2023 жылдың 19 қаңтарындағы депсауал).
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің бизнеске қатысуының негіздемелерін қайта қарау жөніндегі бастамасына келетін болсақ, «Ақ жол» фракциясы Кәсіпкерлік кодекстің 192 бабы 1 тармағының 5 тармақшасын алып тастауды ұсынады. Аталмыш тармақша бұрын құрылған квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметі жағдайында мемлекеттің бизнеске араласуына жол берген болатын.
Экономиканы ырықтандыру туралы президенттің Жарлығын атқару аясында ешқандай "бұрын құрылған" деген сылтау мемлекеттің нарыққа араласып, жеке бизнеспен тең емес бәсекелестікке түсуін ақтамайды деп санаймыз.
"Ақ жол" фракциясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Үкіметпен басқа да мәселелер жөнінде бірігіп атсалысуға дайынбыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
А.Садықов
Е.Бейсенбаев