21
Ақпан

21.02.2024

Мемлекеттік қолдауда Қазақстан азаматтары құрылтайшы болып табылатын кәсіпорындарға басымдық берілуі тиіс

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О. А. Бектеновке

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі өзінің Жолдауында: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» дем мәлімдеген болатын.

Қазақстан либералды экономикалық саясатты, әсіресе инвестициялар тарту бөлігінде әрдайым жүргізуде.  Сондықтан, еліміз шетелдік инвесторлар үшін тартымды. Былтыр Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін заңды тұлғалардың саны 24,3 пайызға өсті.

Бірақ сонымен бірге, біз ең тиімді салаларда серіктестеріміздің либералды заңнамамызды тек өз мүдделері үшін пайдаланатынын көріп жатырмыз. Мысалы, ірі мұнай кәсіпорындарының айналасында өткен жылдары шетелдік менеджерлер өздерінің құрылтайшыларымен жауапкерлігі шектеулі серіктестіктерді тіркеген. Кейін бұл компаниялар нарықты монополиялай отырып, жанар-жағармайды сатуда делдал болып алды. Бұл жағдай энергетика саласында да орын алған, саладан миллиардтаған қаржыны шығарып жатқан ірі делдал компаниялар кейбір деректер бойынша шетелдік тұлғаларға тиесілі.

Осыған ұқсас жағдай, жүк автотасымалдау саласына қалыптасқан болатын. Ірі шетелдік компаниялар келіп, бір кездері осы салада жұмыс атқарып отырған қазақстандық шағын орта бизнес кәсіпорындарын нарықтан іс жүзінде ысырып тастаған.

Алайда, бірқатар табысты мемлекеттерде ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау ұстанымдары бар, яғни, шетелдік жеке тұлғалар кәсіпорындарын тіркеген кезде кәсіпорындарға компанияның негізгі құрылтайшылары немесе басшылығы ретінде осы елдің азаматтары болуы тиіс талаптар қойылады. Осындай талаптар Малайзияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және басқа да елдерде бар.

«Ақ жол» демпартиясы экономикалық саясаттағы либералды тәсілдерді құптайды. Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы жігерін қолдаймыз және шетелдік үлесі бар кәсіпорындарды тіркеу тәжірибесін жалғастыру қажет деп санаймыз.

Сонымен қатар, бірінші кезекте, мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларына: жеңілдіктерге, субсидияларға, реттеудегі преференцияларға, нарықтағы рөлге және т.б., меншігінің негізгі үлесі (51% және одан да көп) Қазақстан азаматтарына тиесілі заңды тұлғалар алуы тиіс деп санаймыз.

Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы осы мәселені қарауды ұсынады.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Е.Бейсенбаев

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

А.Садықов