03.09.2014
03.09.2014 жылы жарияланды Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Қазіргі орта білім беру жүйесіндегі ең бірінші өзекті мәселе оқулық мәселесі. Толыққанды отбасына мектептен оқулықтар берілмейді, сол себептен ата-аналар жыл сайын балаларына оқулық іздеп, аудан-облыс орталықтары немесе Астана мен Алматы қаласындағы дүкендерді шарлайды.
Мектептердің түрлі бағытта машықтайтынын, оқу бағдарламасын ескергенде де жаңа оқулықтардың жиі шығарылуы дәстүрге айналып келеді. Мысалы, өткен жылы 4-ші сынып оқушылары оқыған оқулықты, биыл 4-ші сыныпқа баратын оқушылар оқулық ретінде (біздегі ақпар бойынша) қолдана алмайды. Осылай жыл сайын қайталанатын құбылыс салдарынан ата-аналар айтарлықтай қаржылай зиян шегуде.
Оқулықтар жаңа форматта шығатындықтан, авторлары да көп. Кітап тілі өте ауыр, оны мектеп оқушысы түгілі, ересек адамдардың түсінуі қиын. Сондай-ақ, бір ғана пәннің 5 түрлі қосымша оқуылығы бар. Талдап айтатын болсақ, әдебиет пәні үшін:
1. Әдебиет оқу кітабы;
2. Әдебиет оқу кітабының хрестоматиясы;
3. Әдебиет оқу кітабының жазу дәптері;
4. Әдебиет оқу кітабының 1-ші бөлімі;
5. Әдебиет оқу кітабының 2-ші бөлімі;
Бұл мектеп директоры мен мұғәлімдердің талаптары бойынша 3-ші сынып оқушысының бір ғана пән бойынша оқитын кітаптары. Осы кітаптарды алу үшін ата-аналар «айғай-шулы» кезекке тұрады. Бұл жағдай еліміздің көптеген аймақтарында орын алуда.
Арнаулы дүкендерде бір кітаптың бағасы орта есеппен 400-теңгеден басталады, ал бір пән үшін 5 оқулық алғанда, аржағында басқа пәндер үшін біршама қаражат керек. Ауыл оқушылары тапқан оқулықтармен оқиды, яғни қалаға баруды ауырсынған ата-аналар жергілікті базарлардағы сапасы төмен, бағасы дүкеннен де қымбат оқулықтар алуға мәжбүр. Осылай жиі қайталанатын құбылыс салдарынан ауыл тұрғындарына айтарлықтай қаржылай салмақ түсуде. Ресми оқулықтардың базарлардағы көшірмелерінің қалай пайда болып, қайда басылып жатқандығы өз алдына бөлек сұрақ. Осылайша, оқулықпен байланысты мәселелер қоғамда «бұл министрліктің бизнесі» деген көзқарас қалыптастыруда.
Қазіргі (кітап авторын, баспа атауын атап) талаптар бойынша жағдай жоғарыдағыдай. Нәтижесінде білім сапасы төмендеп, Ұлттық біріңғай тестілеу барысында түрлі сұрақтар туындап, нәтижесіне кері әсерін беруі ықтимал.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жоғарыда баяндалған оқулықпен байланысты мәселені шешуге, жүйелендіруге ықпал етуіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақжол» ҚДП фракциясының депутаттары
|
А. Тұртаев
А. Перуашев
Е. Никитинская
А. Әбілдаев
Н. Жазылбеков
Т. Ерғалиев
С. Қадыралиева
М. Қазбекова
|
|
|