26
Қараша

26.11.2014

БЖЗҚ-ды басқаруды экономиканың нақты секторына инвестициялау үшін Үкіметке беру керек – Азат Перуашев

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімов мырзаға
 Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы
Қ.Н.Келімбетов мырзаға 
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Құрметті Қайрат Нематұлы! 
Қазақстан халқына жаңа Жолдауында  Мемлекет басшысы экономиканың құрылымдық орнықтылығын арттыру мен елімізге әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс әсер етуінің алдын алу мақсатында Ұлттық қордан аса үлкен қаражат көлемін экономикаға бағыттау туралы тапсырма берді. Бұл ретте Президент Н. Назарбаев мұндай инвестициялардың ұзақ мерзімді сипаты мен олардың экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталғандығын ерекше атап өтті.
Бұған байланысты басқа да қолда бар қаржылық ресурстарды тиімді  пайдаланудың рөлі барынша артады. 
Мәселен, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары жуырда БЖЗҚ қаражаттарының сақталуына қатысты депутаттық сауал жолдады.
Ұлттық банктің жауап дәйектері БЖЗҚ қаражаттарын екінші деңгейлік банктердің депозиттері мен облигацияларына орналастыруды ақтаумен шектелді, себебі «әрқашан солай болған». 
Одан басқа, осы көзқарасты қолдайтын сарапшылар тәуекелдіктерден құтыла алмаушылыққа және болашақ зейнеткерлердің жинақтарының сақталуына ешкім кепілдік бере алмайтынына сілтеме жасай отырып, аталған шешімдердің дұрыстығына БАҚ арқылы сендіре бастады.
Егер сенімділік тұрғысынан ештеме өзгермеген болса, есесіне миллиардтаған қаражат енді жалғыз органның иелігінде болса, онда жеке зейнетақы қорларының бәсекелестігін жойып, БЖЗҚ құрудың мәні неде болды? 
Сонымен қатар бұл орган банк секторын реттеуші және банктерге несие беруші ретінде де қызмет етеді, бұл мүдделер шиеленісін тудыратыны анық.
БЖЗҚ қаражаттары банктерге сақтауға берілген ерікті жинақтар болып табылмайтынын еске түсіру қажет деп санаймыз. Бұл қаражаттар міндетті түрде барлық жұмыс істейтін азаматтардан жиналады, сол үшін олардың табиғаты өзгеше сипатты.
Одан басқа, БЖЗҚ жинақтарының сомасы 20 млрд. доллардан астамды құрайды, бұл барлық банк жүйесінің көлемдерімен салыстыруға келеді.
Осылайша, бұл жалпыұлттық мәндегі және ауқымдағы қаражаттар, сол себепті олар ерекше назар аудару мен қорғауды қажет етеді.
Және ең бастысы: бұл қаражаттарды басқаруда толық айқындылық пен қоғам алдындағы есептілік қамтамасыз етілуі керек.
Өкінішке орай, оқиғалар көрсеткендей Ұлттық банк БЖЗҚ қаражаттарына қатысты тиісті қорғауды да, талап етілетін айқындылықты да қамтамасыз ете алатын жағдайда емес. Сонымен бірге БЖЗҚ жағдайы тағы да осы Ұлттық банктің құзіретіндегі Ұлттық қордың қаражаттарын басқарудан едәуір ерекшеленеді. Бірақ, бұл жерде Мемлекет басшысы өзі тікелей басқаратын Ұлттық қордың басқару кеңесінің еңбегі байқалады. Ал БЖЗҚ жағдайында оның қаражаттарын басқару да, Кеңеске басшылық жасауда Ұлттық банкте шоғырландырылып отыр, бұл оларға пайда әкелмегені анық.
Нәтижесінде қаражаттардың аса үлкен көлемі тиісті пайдаланылмай отыр, ал девальвация мен тиімсіз инвестициялық саясаттың әсерімен БЖЗҚ активтері елеулі түрде құнсыздануға ұшырады.
Және бұл шынайы экономика ұзақ мерзімді және қымбат емес ақшаны өткір қажет еткен кезде орын алып отыр, ал әлемдік тәжірибеде ең табысты зейнетақы қорларының қаражаттары дәл осы бағытта жұмыс істейді.
Осыған байланысты БЖЗҚ қаражаттарын экономиканы индустрияландыру мен әртараптандыру бойынша бағдарламаларды іске асыруға бағыттауды тиімдірек деп санаймыз. Осы арқылы БЖЗҚ-ның кірістілігінің артуы үшін және нақты секторға қаражаттардың арзандауы үшін жағдайлар жасалатын болады. Ал заманауи және бәсекеге қабілетті өндіріске салынған жинақтар валюта мен девальвацияның құбылмалылығынан барынша қорғалатын болады.
БЖЗҚ-ын екінші деңгейлі банктердің облигациялары мен депозиттеріне байланыстыру осындай үдерісті тікелей қамтамасыз етуге қабілетсіз, себебі банктер әрине бірінші кезекте өздерінің тез пайда табуына мүдделі.
Бұл жағдайда Ұлттық банк БЖЗҚ қаражаттарының ағылуының «тар жері» болып табылатыны анық, себебі ол басқа тәсілдемелерді ұсына алмады.
Бұдан басқа, өткен жылы жүргізілген реформалар нәтижесінде ҚР зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасы да өзгерді: таза жинақтау перспективасынан бас тарта отырып, зейнетақы жүйесі іс жүзінде аралас жүйеге көшті, онда бұрынғыдай бюджеттен қаржыландыратын базалық төлемдер түріндегі ынтымақты бөлік маңызды рөл атқарады.
Осылайша, оны орындауға жауапкершілік Үкіметте қалады, ол қазіргі форматта мемлекеттің зейнетақылық міндеттемелерінің орындалуына да, экономиканың әртараптануына да жауап бере отырып, осы міндеттермен тікелей байланысты жаһандық құралдан бөлектелген.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, БЖЗҚ-ын басқаруды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауап беретін және ҚР Парламентіне есеп беретін  орган ретінде, «Бәйтерек» ҰБҚ және басқа да даму институттары арқылы экономиканың нақты секторына ұзақмерзімді инвестициялар тарту үшін, Үкіметтің құзіретіне беру туралы мәселені қарауыңызды сұраймыз.        
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары
Жариялаған депутат Азат Перуашев                                273-ДС жауап