29
Наурыз

29.03.2017

Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін тіл мен Конституцияны білуіне емтихан енгізуді ұсынды

                                                                                                                                        Қазақстан Республикасының
                                                                                                                                        Премьер-Министрі
                                                                                                                                        Б. Сағынтаевқа

 

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

                

Елбасы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жасалған конституциялық реформаның барысында жұмыс тобы мен парламент депутаттары Қазақстанның Конституциясына бірқатар маңызды  толықтырулар енгізді.

Конституциялық өзгерістерге қатысты мемлекеттік Тәуелсіздік, ұлтаралық және дінаралық келісім, азаматтық мәртебе секілді ережелер әжептәуір күшейтілді.

Мәселен, 10-шы бап бойынша Республика азаматтығы ерекше қасиетке ие, сондықтан да терроризм және ұлттық мүдделерге ауыр зардап әкелгендер азаматтықтан айырылуы мүмкін болды.  

 

Жалпы айтқанда, Конституциялық реформа қазіргі дүбірлі және де тарылып бара жатқан әлемде, заманның сындарына жауап беру мақсатына бағытталған.

Мысалы, гуманитарлық пен экономикалық дағдарыстардан, азаматтық соғыстардан қашудың нәтижесінде, экономикалық мигранттар мен босқындар жаппай ағылып келуде. 

Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, жағдайы мүшкіл мемлекеттерден  қашып келетін адамның саны артып, миграциялық ағым апатты үрдіске айналды. Оларды қабылдайтын елдердің бюджетіне қосымша шығын келіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз етуге жүк түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай нашарлап кетуде. Оның үстіне, өзге тілдегі, мәдениеттегі және этникалық құрамы жат елдерден мындаған мигранттардың бақылаусыз келуі - қабылдаушы елдердің ұлттық бірегейлікті сақтауына қауіп туғызады. Былтыр, жаңа жылдың қарсаңында Германиядағы қалаларда мигранттар өздерінің дәстүрлісымақ ойындарын ойнап, ондаған қыз-келіншекті зорлаған. Ал Австрияда 10 жастағы ұл баланы зорлаған босқынды тіл білмегеннен кейін, сол баланы түсінбеген деп, сот тоқтатылған. Одан басқа да ойға сыймайтын, масқара оқиғалар болды.

Сол себепті де, бірқатар Еуропа мемлекеттері сыртқы миграцияны шектеу жөнінде шаралар қабылдай бастады.

 

Біздің Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформаларының арқасында Қазақстан да лайықты өмірі бар, тартымды мемлекетке айналды. Сондықтан еліміз жақын аймақтардан қашқан босқындар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.

Осыны ескеріп, елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен Қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын алу шараларын қолға алу керек деп есептейміз.

Ең алдымен, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру аясында,  «Азаматтық туралы» заңында Қазақстан Республикасының азаматтығын сұраушыларға емтихан тапсыру туралы нормалар қарастырылуы тиіс, атап айтқанда:      

    - Республика Конституциясы;

    - Қазақстанның мәдениеті  мен тарихы;

    - мемлекеттік тіл саясаты жөнінде, т.б.

Әрине, кейбір бөлек топтарды мұндай емтиханнан босатуға болады (Қазақстанда туғандар, елімізде жақын туыстары барлар, оралмандар, инвесторлар, ғылым мен техникалық ірі мамандар және т.б.).

Бұл ұсыныс ешкімге ешқандайда дискриминация білдірмейді, бірақ ізденушілердің біздің халық пен мемлекетті құрметтеуіне тура келеді.

Азаматтыққа құқық алу үшін емтихан тапсыру (Citizenship немесе Naturalization Test) Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерланды, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Корея сияқты көптеген елдерде қолданылады.

Оның үстіне мұндай емтихандарды тапсыру негізінен ақылы болғандықтан - бюджетке ешқандай жүк түспейді.

Аталмыш тәртіпті мүмкін, басқа да жағдайда қолдауға болады.

Кейбір мемлекеттерде емтихандарды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар, еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалға Голландия мен  Ресейде.  Оның мақсаты - тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау.          

Біздің ойымызша, ұсынылып отырған бастама дер кезіндегі және Конституциялық реформаға сәйкес келеді.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары