06
Наурыз

06.03.2024

Мобильды төлемдерді жаппай бақылаудан бас тарту керек

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Н.С. Байбазаровқа

Жыл басынан бері салық органдарының мобильді төлемдерді толық бақылау бойынша жаңашылдығы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Шенеуніктердің сенімсіз түсініктемелері елді одан бетер дүрліктіруде.

Ұлттық банк басшылығының айтуынша, жыл басынан бері мобильді төлемдер 30 пайызға азайған, сол себепті қолма-қол ақшаның қосымша көлемін қамтамасыз ету қажеттілігі туындаған. Мұның барлығы цифрландыру мен қаржылық технологиялардың дамуына кері әсер етіп, салық саясатына деген сенімге селкеу түсіреді.

Үкіметтің түсініктемесіне сәйкес, бақылауға бір ай ішінде 100 және одан да көп адамнан жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан немесе 255 мың теңгеден асатын трансферттердің түсуі қамтылады.

Бұл ретте аударымдардың төменгі шегі белгіленбеген, демек барлық төлемдер, тіпті ең азы 100-200 теңгеге дейінгі аударымдар да толық бақыланады деген сөз.

Бюджетке еш қайтарымсыз, бірақ шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бас ауруына айналатын орынсыз бюрократия мен болмашы сомаларды әкімшілендіру қаупі туындайды.

Мәселен, көршілес Ресейде 2020 жылдан бастап мобильді төлемдерді бақылаудың өзге әдісі сәтті қолданыла бастады.

Мониторингке күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар жатқызылса, әрбір төлем 1 мың рубльден жоғары, ал төлемдердің жалпы сомасы айына 1 миллион рубльден астам болуы керек.

Сондықтан бизнестің салық төлеу міндеттемесін ескере отырып, бұл ретте «Ақ жол» фракциясы мониторингке жататын төлемнің төменгі шегін – 3-5 мың теңгеден кем емес көлемде белгілеу қажет деп санайды.

Ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасын анықтауға келетін болсақ, 3 ең төменгі жалақы деңгейіндегі шекті жеткіліксіз деп санаймыз.

Себебі, төлем сомасын кәсіпкердің таза табысы деп санауға болмайды.  Іс жүзінде шағын кәсіпкерліктің табыстылығы 15-20 пайызды құрайды, ал 255 мың теңге (3 ең төменгі жалақы) айналымнан оның табар табысы 50 мың теңгеден аспайды.

Ал мұндай сома салық салуға жатпайды және ресми түрде 380 мың теңгені құрайтын орташа жалақыдан 7 есе аз.

Таза пайда жоғарыда аталған 250 мың теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1,5 миллион теңгеге дейін болуы керек.

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы мобильді төлемдерді тек 1,5 миллион теңгеден бастап қадағалауды ұсынады.

Сондай-ақ, ШОБ-ты бюрократиядан қорғау үшін мониторингке жататын мобильді төлемдер бойынша бөлшек сауда салығын автоматты түрде ұстап қалуды енгізуді ұсынамыз.

Бұл кәсіпкерді бухгалтерлік және басқа да есептілікті жүргізу қажеттілігінен босатады, бюджетке ағымдағы режимде төлемдер түсіп, салық органдарында бизнесті тексеруге негіз болмайды.

Мұндай тәсілдер Президент Қ.Тоқаевтың экономика мен кәсіпкерлік қызметті ырықтандыру жөніндегі талаптарына сәйкес келеді деп есептейміз.

Құрметпен,

«Ак жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Е.Барлыбаев

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

А.Садықов

Е.Бейсенбаев