Премьер-Министр
Ә.Смаиловқа
Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл әсіресе, қазақ "ер қанаты" деп бағалаған жылқы малына аса ауыр тиюде.
1.Еліміздің солтүстік өңірлерінде жем-шөптің таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпараттар келуде. Шаруалар онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені, жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағада болса да, соғым орнына жаппай сатып жатыр.
2. Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп деп жазуда газеттер. Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жетті деп жазуда.
3.Бұған басты
себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен
мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда (Зеренді ауданындағы Ақадыр,
Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға
қарап тұр. Егіндер елдің іргесіне дейін егілген. Жанармай құны 300 теңгеден
асып кеткен. Осындай қыс қыспағы мен қиын-қыстаудың кесірінен әр ауылда жылқылар өліп жатқаны, қолындағы бар жылқысын тұяқ қалдырмай түгел сатып жіберген фермерлер жайлы ресми басылымдар да жазуда.
Яғни, көптеген ауыл тұрғындары көтерем болып жатқан көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағуда.
Ендеше, үкімет деңгейінде шұғыл түрде төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін кешенді шаралар қажет.
1.Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, облыс әкімдіктері мен аудандық және ауылдық әкімдер қазаққа қадірі артық жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасап, шұғыл тегеурінді әрі кешенді шаралар жүргізу қажет.
2.Бүгіндегі ең үлкен мәселенің бірі- шаруалар қолындағы азаптанып өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Тағамын таңдап ішер хан-сұлтандар мен батырлардың сүйікті асы болған, жеңіл қорытылатыны мен денсаулыққа пайдасы өмірде де, ғылыми да дәлелденген текті жануар жылқы еті тауық пен шошқа еті ғұрлы болмағаны ма?
3.Жылқыға
субсидия беру мәселесін үкімет қайта қарауы тиіс.
Бұған дейін ауыл шаруашылығында құс тұқымдарына дейін, тіпті шошқаға да субсидия болды, ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия болған жоқ. 2023 жылы - жылқы шаруашылығына бар болғаны 52,9 млн. теңге бөлінсе, шошқа шаруашылығына - 2,1 млрд. теңге бөлінген, яғни, 40 еседей көп...
Биыл мал
шаруашылығы үкіметтен мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылатын түрі бар...
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді субсидиялау төтенше жағдай жарияланған немесе гидрометеорологиялық қызмет растаған өңірде мал азығын дайындауға теріс әсер еткен ауа райының қалыптан тыс жағдайлары басталған кезде ғана беріледі. Сонда қалай, шаруалар субсидия алу үшін ауа-райы қашан бұзылады деп аспанға қарап отыруы қажет пе?
Бұл шарттар
сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және тауар өндірушілерді өздерінің мал
азығы өндірісін дамытуға ынталандыру мақсатында енгізілген екен.
Бұлай жемқорлықты желеу етіп, үкіметтің субсидияны тоқтатып қою пиғылының кесірі өте ауыр болатынын ескертеміз. Бұл «кебісін жамау үшін мәсісін кесіп алыпты» дегендей, кері кеткен мәселе болғалы тұр. Жемқорлықты жою керек, әрине. Ол құзыретті органдардың ісі.
4.Жайылым мәселесін шешу үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, жайылым жайын нақты шешу керек!
Жылқы малы жылдан аман шығуы үшін Үкіметтен шұғыл кешенді шаралар күтеміз.
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясы депутаттары
Қ.Иса
А.Перуашев
Д.Еспаева
Е.Барлыбаев
А.Садықов
Е.Бейсенбаев